Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » А.Романов атындағы мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді

А.Романов атындағы мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді


Сенбі, жексенбілік демалыста жолға шықтық. Жолбасшы аудан әкімі Сұлтан Мақашов. Бағыт – Төменарық аймағы мен Қаратау беткейдегі елді мекендер. Мақсат – мектептердің тыныс-тіршілігімен танысу. Делегация құрамында Жаңақорған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әбілғазы Төлегенов пен білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов бар.

Алдымен Сұлтан Ысқақұлы бастаған топ Сунақата ауылдық округінде болды. №194 мектебіндегі оқушы қауіпсіздігіне қажетті бейнекамераларды тексеріп, ғимараттың күтіміне мән беріп, мек­тепішілік әжетханалардың жайын көрді. Асхана мен спорт залы, оқушының білімін шыңдауда маңызды тәжірибелік кабинеттердің мүмкіндігімен танысты.
Ауылдық округ әкімі Ақылмұрат Жұмаділлаев пен мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Төребек Юнусов мән-жайды түсіндірді.
2013 жылы типтік жобада салынған мектеп 600 орындық. Қазір білім оша­ғында 71 ұстаз 397 балаға білім береді.
– Мектеп жаңа. Күтіп ұстау керек. Асханаға су келмей тұр. Бірінші кезекте осыны шешуге мән беріңіздер. Сосын әжетханаға міндетті түрде аристон қою керек, егер су уақтылы ақпаса онда арнайы екі тонналық су жинайтын ыдыс (емкость) қойған дұрыс, – деп аудан әкімі тапсырмалар жүктеді.
– Дұрыс айтасыз. Бюджеттен тиісті қаражат қарастырып, осыған жұмыс жасаймыз. Сосын тазалықшы мәселесін де қарастыратын боламыз, – деді білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов.
– Жөн, міндетті түрде арнайы тазалаушыны бөліп, оған қосымша ақы төлеп, сағат сайын тазалануына мән беру керек – дей келіп, санитарлық талапты қатаң сақтау мәселесіне маңыз берді.
Одан ауылға келетін ауыз су мәселесі бойынша да жұмыс жасалу керектігін ауыл басшысына тапсырды. Одан кейін ауылда бой көтеріп жатқан спорт кешені құрылысының сапасына мән берді. 100 орындық спорт кешенінің құрылысын кәсіпкер Эльмира Ділматаева жүргізуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүзеге асып жатқан жоба құрылысының сапасы мен жасалынып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген әкім клуб үйінің мәселесіне бей-жай қарамай, оған да арнайы зер салды. Келесі бағыт Сунақата ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылы. Аядай ғана ауылда 100 балаға арналған №242 мектебі орналасқан.
Мектептің бірінші қабатында әжет­хана іске қосылған.
– Аядай ауыл болғанымен мұнда 100-ден аса бала білім алады. Әрқайсысының денсаулығына жауаптымыз. Сондықтан, әсіресе мектептің ішкі құрылысына мән берсеңіздер дей келе, әжетханаға балалар шыға ма өзі? – деген сауал тастады.
– Менің бір немерем балабақшада, екіншісі мектепте. Әрине мектептегі әжетхана іске қосылғалы балалардан сұраймыз. Көктем мен күз ештеңе емес, қыс мезгілінде әжетхана үздіксіз жұмыс жасағаны абзал, – деді ардагер ұстаз Есенгелді Ержігітов.
Одан кейін Екпінді, Қожамберді, Төменарық, Сүттіқұдық және Жайылма ауылдық округіне жол тартты. 170 түтіні бар Екпіндідегі №166 мектептің ішкі жұмысын сынға алған әкім:
– Мектепке директор ғана емес, әрбір ұстаз өз үйіндей қарауы тиіс. Қазір 80-жылдары іргетасы қаланған білім ошақтарына күрделі жөндеу жұмысын жасау қиынға соғуда, сондықтан қолда бар дүниені дұрыстап қарағанымыз жөн. Қажетті қаражатты білім бөлімінен сұратыңыздар, болмаса бұл іспен өзім айналысамын, – деді.
Қожамбердідегі №180 орта мектептің әжетханасы мен спорт залын мұқият қараған әкім:
– Әр оқушы өзімен су ішетін ыдысын әкелсін. Мұны ата-аналарға түсіндіру керек. Әр үзіліс сайын ондаған оқушы бір реттік стаканмен су ішуі тиімсіз. Біріншіден, гегиеналық талаптарға сай болмайды. Екіншіден, әр күн сайын жүздеген бір реттік стаканмен қамтамасыз ету оңай емес. Ең бастысы, тазалыққа мән беріңіздер, – деді.
Директор оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектепке бейнебақылау камерасы және төрт жарық шамы қойылғанын жеткізді. Ал, Төменарықтағы қос мектептің тынысын таразылаған аудан басшысы ауыл әкімі мен директорларға тапсырмалар берді. №223 мектеп жаңа болғандықтан күтіп ұстауды, ал №53 А.Романов атындағы мектеп күрделі жөдеуді қажет ететінін атады.
Сүттіқұдықтағы №52 мектептің сапасына мән беріп, қол жуатын суды реттеуді тапсырды. Өйткені бірінде су ақса, екіншісі іске қосылмайды. Әжетханада су болғанымен, асханадағы ауыз су шешімін таппаған.
Сенбі күнгі соңғы ауыл Жайылма болды. Инновация игілігін көрген №195 мектеп-гимназияның сыртқы келбеті қазақы нақышта көз тартады. Осыны үлгі етуден бастаған әкім мектеп директоры Жанат Жүсіповаға да біраз тапсырмалар жүктеді.
– 2014 жылы заманауи үлгіде соғылған еңселі ғимараттың материалдық-тех­никалық базасы талапқа сай екен, енді мектеп ішіндегі, әсіресе әжетханалардағы қол жуатын су құбырларын реттеу керек. Біз байқағанымыздай барлық материалдары әлі жаңа күйінде, сондықтан таза ұстаған жөн. Жалпы барлық мектептерге қатысты, ешқандай көз бояушылық болмасын. Талап барлық мектепке ортақ. Оқушылар қыс ауасында мектеп ішілік әжетханаларды қолдануы тиіс, – деді аудан басшысы.

***
Жексенбі күні тау беткейдегі ауылдық округтерге кезек келді. Әкім әрбір ауылдық округтегі мәселелерге мән берді. Біздің түсінгеніміз аудан басшысы ауыл мен қала мектептеріндегі жағдайды теңестіруді қолға алмақ. Яғни, ХХІ ғасырда сапалы білім алуда ең бірінші балалардың әлеуметтік деңгейі, мектепішілік сервистік қызметтің сапасы қала мектептерімен бірдей болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарды әкімнің өзі қатаң бақылауда ұстауға ниетті.
Ақүйік ауылдық округіндегі №55 С.Қожанов атындағы мектептің есігін ашты. Тоқырау жылдары аяқсыз қалған мектеп асар әдісімен аяқталған. Бүгінде 300 орындық мектепте 549 оқушы білім алады. Оқушылар екі ауысымда білім алады. Мектепте оқу кабинеттері жетіспеуіне байланысты спорт залдағы әжетхананы іске қосыпты. Алдағы уақытта қосалқы құрылыс жұмысын жүргізу арқылы мектеп ішілік әжетхананы іске қоспақ. Мұны мектеп директоры Айнұр Мырзалиева айтты.
Қыраштағы №180 Қызылмақташы мектебінің айнадай тазалығы делегация мүшелерінің көңілінен шықты.
– Тазалыққа дұрыс мән берсе жаңа мектептер сән-салтанатын жоғалтпайды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын уақытылы жүргізіп, мектепті өз үйінен кем көрмеу керек, – деді әкім.
Білім ордаларында оқушының қауіпсіздігіне қажетті бейне камераларды тексеріп, мектеп ішілік әжетханаларды көрді. Асханасы, спорт залы және зертханалық және тәжірибелік жұмыс кабинетінін мүмкіндігімен танысты.
2014 жылы Қосүйеңкідегі №161 мектебі пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 200 орындықты білім ордасында 206 оқушы білім алады. Мектепішілік әжетхана қарастырылған екен. Қосүйеңкідегі негізгі мәселе интернет-тұғын. Бұл мәселе де шешімін тапты. Яғни жылдың аяғына дейін елді мекендегі мекемелер жоғары жылдамдықты интернетке қосылады.
Бесарықтағы №54 және №239 мектеп ҰБТ көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда жүретіні белгілі. Әрине мектепте білім беру жүйісінің озық дәстүрі қалыптасқан, білікті, білімді ұстаздарымен мақтана алады. Әкім мектептегі бейнекамераларды, әжетхананы көрді. 1979 жылы бой көтерген №54 Ж.Қыдыров атындағы мектепке күрделі жөндеуді қажет ететінін пысықтады.
Талаптағы №247 мектепте 18 бейнебақылау камерасы іске қосылса, Манаптағы №160 мектепте 10 камера жұмыс істейді. Одан бөлек мектеп алдына жарық шамдары орнатылған екен.
Сапар барысында белгілі болғаны, ХХ ғасырдың 70-80 жылдары бой көтерген бірнеше мектеп күрделі жөндеуден (мектеп сырты, іші) өтеді. Қай мектеп, қашан, қалай жөнделеді? Бұл жөнінде тиісті мекеме мәлімдер. Бір анығы, бірнеше жылда Жаңақорған ауданындағы мектептер толығымен заман талабына сай болады. Сондай-ақ МАИ бекетіндегі жаңа мектеп және №169 мектептің жаңа ғимараты алдағы жылы жүргізіледі.
Қысқасы, білім беру мекемелерін мұқият аралаған аудан басшысы ауыл мен қала мектептеріндегі жағдайды теңестіруге кірісті. Әсіресе, оқушылар қыс ауасында мектептен қашық орналасқан әжетханаға емес, мектеп ішілік әжетхананы қолдануы тиіс.
Жалпы екі күндік сапар барысында аудан басшысы кемшіліктерді саралап, нақты тапсырмалар жүктеді. Мектеп басшыларының деңгейлері әртүрлі екенін біліп, атқарған жұмыстарына кешірім менқарайтынын айтты. Алайда, келесі жолы осы кемшіліктер қайталанса, басқаша шешім шығаратынын жеткізді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ, 
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

10 желтоқсан 2019 ж. 613 0