№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Экологиялық кеселге" үлес қосудамыз

"Экологиялық кеселге" үлес қосудамыз


Ауыз су мен экология әлемдегі ең өзекті мәселеге айналды. Ғалымдар мен сарапшылар су қорын үнемді пайдаланып, тұрмыстық қатты заттарды өңдеуді жолға қоюға шақыруда.


Рас, ауыз су ресурсы сарқыла бастады. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi 1 миллиард адам iшуге жарамды суға зәру. Жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегуде. Бүгiнде су тапшылығы Азия, Африка, Еуропа құрлығындағы елдердің басты мәселесіне айналды. Енді суға талас үдей береді. Дамыған елдер Антарктиданың мұздықтарын кемемен тасып, тұтынып отыр. 2025 жылға қарай жер шары тұрғындарының үштен екiсi су тапшылығының зардабын тартады деген болжам бар.
«Талап-Сырдария» топтық жер асты бассейні мен «Жиделі» су қоры бар. «Жиделіні» Шиелі ауданы мен Жаңақорған кенті, Төменарық аймағындағы ауылдар тұтынып отыр. «Талап-Сырдария» топтық су құбыры биылдан бастап игілікке жарауы тиіс. Дұрыс. Бізде су қоры бар. Бірақ жер асты су бассейіндерінің қоры мәңгілік емес. Ол да сарқылады. Сондықтан ысырапсыз қолдануды үйрену керек. Бізге ауа қандай қажет болса, келешекте суға деген қажеттілік сондай болады. Жаңақорған кентінде жаз мезгілінде ауыз суды шаруашылық мақсатта қолданып отырғандар жоқ емес.
Жер-жаһанның тазалығын тұрмыстық қатты заттар ластап, экологиялық апатқа ұшыратуда. Белгілі қаламгер Қайнар Олжай өзінің «Жер мен аспан арасындағы дастан» кітабында «Тынық мұхиттағы солтүстік иірімде аумағы 700 мың шаршы шақырым мен 1,5 миллион шаршы шақырым аралығындағы пластик қалдықтар қалқып жүр. Көздеріңізге елестету үшін айта кетейік: Түркия, Чили, Замбия сынды мемлекеттің аумағы 700 мың шаршы шақырымнен асады, ал 1,5 миллион шаршы шақырым дегеніңіз Моңғолия аумағымен тең» дегенді алға тартады.
Табиғи процесте жойылуына жүздеген жылдар кететін пластик ыдыстар, полиэтиллен пакеттер мен памперстердің қоршаған ортаға зиянын әлі түсіне алмаймыз немесе түсінсек те қабылдай алмаймыз.
Бір ғана памперсті алсақ, оны дайындағанда целлюлоза, трибутилен, полипропилен, натрий полиакрилаты, кремний оксиді секілді химиялық заттар және полиэтилен, резеңке және хош иістендіргіштерге күн сәулесі тікелей түскенінде химиялық реакциялар жүріп, ондағы зәрден улы заттар бөлінеді. Осыдан-ақ памперстен қоршаған ортаға зиянын бағамдай беріңіз. Ал оны жою үшін тек жоғары температурада өртеу қажет. Ескерте кететіні, химиялық қоспалардың арқасында памперстің беріктігі артып, далаға тасталған жағдайда 200 жылда толық жойылады екен.
Сұлтан Мақашов ауданға әкім болып келгелі тазалық мәселесіне мән берді. Алғашында мекемелердің күшімен Саяжай, Ипподром, МАИ бекеті, Алтыкрант аумағы дүркін-дүркін қоқыстан тазаланды. Бірақ екі-үш күнде бастапқы қалпына келіп, қоқысқа қайта көмілді. Әсіресе Саяжай, Алтыкранд тұрғындарының тазалыққа мән бере бермейтіні жиі-жиі айтылды. Оны әкіммен бірге арнайы аралағанда да байқадық.
Одан кейін «Жаңақорған Тазалық» ЖШС мен ДК «НұрШах» мекемесіне Жаңақорған кентін бөліп беріп, коммерциялық бағытта тазалық жүргізу жолға қойылды. Бастаманы дұрыс қабылдап, қолдағандар бар. Бірақ тазалықтың қажеттілігін түсінбей, түрлі әңгіме айтып жүргендер де көп.
Пластик пен полиэтилленнен жасалған тұрмыстық заттардан дамыған мемлекеттер бас тартып, заңды тұрғыда шектеу қоюда. Оның зияны шаш-етектен. Біз болсақ сауда орындарында полиэтиллен пакеттерді тегін таратып, «экологиялық кеселге» үлес қосудамыз. Ең алдымен, біздегі ірі-ірі сауда орындары полиэтиллен пакеттерді тегін таратудан саналы түрде бас тартуды жолға қою керек-ақ...
Африкада бір кездері Германия мен Англияның отары болған Руанда мен Эритрея сияқты елдер пластик пакеттер өндірмек түгілі, ел аумағына мүлде жолатпайды. Әрине зиянын білгендіктен. Егер онда затыңызды пакетке салып барсаңыз, шекара аса алмайсыз. Заң солай. Еуропаның озық елдері полиэтиллен пакеттерді берік қағаздан жасалған пакеттерге ауыстырып жатыр. Бізге африкалық елдердің ұстанымын ұстануға не сауат жетіспейді, не келешек ұрпақтың амандығы қызықтырмайды.
Айтқым келгені, сана мәдениетін оздырып, мәселелердің алдын алуда белсенділік таныту керек. Болмаса оның зардабын біздің ұрпағымыз тартады...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
08 ақпан 2020 ж. 693 0