№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Халал" стандартымен ауылдықтар да санасатын болды

"Халал" стандартымен ауылдықтар да санасатын болды


Елімізде халал өнімдерін қалыптастыру енді жолға қойылып келеді. Бізде көбіне адал десе, тек азық-түлік не шұжық еті еске түседі. Себебі, дүкенге кірсек «Халал» деген таңбаланған тауарды іздейміз. Ал ақиқатында, әлемдік нарықта киім-кешек, әшекей бұйымдары, косметика, парфюмериялық және гигиена заттары халал стандарттары бойынша қолданысқа енгізілген. Оған қоса, қаржы саласы мен мүлікті пайдалану бағытындағы бірқатар қызметтер де бар.


Бұл жөнінде біз ауданға іс-сапармен келіп, жергілікті кәсіпкерлерге «Халал» стандарт жайлы түсіндірме жұмысын жүргізген ҚМДБ, «Халал Даму» ЖШС-ның Қызылорда облысы бойынша жауапты өкілі Перизат Шарапатованы сөзге тарттық. Сәті түскен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
– Перизат ханым, алдымен «Халал» сөзінің ұғымы жайында түсінік берсеңіз?
Халал — шариғат бойынша рұксат етілген заттар мен әрекеттер. Кез-келген нәрсені ішіп-жеу, немесе қолдану аят пен хадисте тыйым салынбаса – адал. Аллаһ Тағала қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін айырып көрсеткен. «Бақара» сүресінің 168-аятында: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!», «Маида» сүресінің 88-аятында: «Аллаһтың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!»,-деп бұйырады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Дұғаларыңның қабыл болғанын қаласаңдар, адал аспен қоректеніңдер. Кейбіреулер харам жейді, харам киеді. Сонан соң, көкке қолын жайып дұға етеді. Мұндай кісінің дұғасы қалай қабыл болсын?» деген хадисінен, Алланың әрбір әмірінің астарында үлкен даналық жатқанын байқаймыз. Сондықтан әрбір мұсылман аузына түскен астың адал болуын қадағалуы тиіс.
– Жалпы, «Халал» стан­дартының мақсаты мен талаптары қандай?
– Халал стандартының басты мақсаты – қауіпсіздік пен сапаны қамтамасыз ету. Демек, стандартта ең бірінші рұқсат етілген өнімдер қатарында болуы, құрамында адам денсаулығына зиян келтіретін рұқсат етілмеген немесе күмәнді ингредиенттердің қосылмауы, дайындау, сақтау, тасымалдау барысында тазалық (өндіріс, қызметкер, шикізат, өнім, т.б.) талаптары және т.б. шарттар ескерілген.
«Мал бауыздау және ет өңдеуге қойылатын талаптар», «Тағам өнімдеріне қатысты қызметтерге қойылатын талаптар» Халал өнімдерді өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға, сатуға қойылатын жалпы талаптар. Осы халал стандарттардың талаптарына сай болуы тиіс
– Сыр өңіріндегі халал өндірісі жайлы айтып өтсеңіз? Қызылордалық кәсіпкерлер қаншалықты бұл сапа стандартына қол жеткізген?
– Бүгінгі таңда аймақта шағын және орта кәсіпкерлік дамып, әртүрлі тағам өнімдерін өндіруші мекемелер ашылуда. Яғни, бұл өз кезегінде қауіпсіздік пен сапаның талапқа сай болуын бақылауды талап етеді. Осы орайда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанындағы «Халал Даму» ЖШС-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен жергілікті халықты ақпараттандыру жұмыстары және кәсіпорындарға халал мен харамның зиян-пайдасы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Негізі халал сертификаттау саласы ерікті сертификаттауға жататындықтан кәсіпкерлерге өзде­ріне тиесілі мекемелерде тексеріс жүргізіп, халал стандарты талаптарына сәйкестендіру бойынша ұсыныстар жасалуда. Нәтижесінде қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша 11 мекеме ҚМДБ-ның халал сертификатына ие болды. Олардың ішінде шұжық, тауық, жартылай дайын ет өнімдерін, кондитерлік өнімдерді өндіруші цехтар, қоғамдық тамақтану орындары және т.б. мекемелер бар.
– Тағамдардан басқа халал индустрияға не жатады?
– Халал және Харам – өмірдің барлық аспектілерінде қолданылатын әмбебап жүйе. Яғни, сауда-саттық болсын, адамдармен қарым қатынастағы мәселелер болсын, адам өміріндегі барлық этапқа қатысты. Бірақ, біз бұл терминді тек тағам өнімдері, ет өнімдері, косметика, жеке бас гигиенасы өнімдері, фармацевтикалық өнімдер, тағамдық қоспалар және тағаммен жанасатын материалдарға қатысты қолданамыз. Осыған орай, халал сертификаты негізінде тағам өнімдеріне байланысты беріледі. Себебі, әлемде халал азық-түлік мәселесі өзекті тақырыпқа айналып отыр. «Халал Даму» ЖШС-дан сертификат алған кәсіпорындардың қатарында: шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорындары, құс фабрикалары, кондитерлік, ұн, қамыр өнімдеретін кәсіпорындары, емдік-профилактикалық өнімдер, косметика, сусын, жарма, шикізат өндіретін кәсіпорындары, қоғамдық тамақтану орындары, ет өнімдерін шығаратын цехтар мен қасапханалар бар. Ал киім-кешек және сол сияқты заттар мен бұйымдарды сертификаттауда еш қажеттілік жоқ.
– Сөз соңында бір сауал. Сертификат алған өндіріс жұмысы қалай бақыланады?
– ҚР бойынша әр өңірде Бас мүфтидің бұйрығымен өкілдер тағайындалған. Бұл өкілдерге өздеріне қарасты аймақтарындағы халал кәсіпорындарын қадағалау жүктелген. Сонымен қатар кәсіпорындарға бақылаушыны тағайындау, халал бағыты бойынша оқыту, уағыз-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, кәсіпорындардың құжаттарын саралап жинақтау қызметтерін атқарады. «Халал Даму» ЖШС-дан халал сертификатын алған кәсіпорындардың басым көпшілігі бұрыннан халал өнім жасап келе жатқан мұсылман кәсіпкерлер және тұрақты тексерістер нәтижесінде тәртіп бұзушылық анықталмаған.

ТҮЙІН: Иә, Сыр өңіріндегі «Халал» стандартының жай-күйімен таныстық. Алайда Жаңақорғанда бүгінгі таңда бұл мекемеден «Халал» стандартына сай сертификат алып жұмыс жасап жатқан кәсіпкерді көрмедік. Бастысы – жақында ғана жаңақорғандық кәсіпкерлердің басын қосып, «Халал» стандарт жайлы алқалы жиын өтті. Бәлкім, алдағы уақытта бұл бағытта орнықты жұмыс қолға алынар деген үміттеміз. Қорыта айтқанда, «ас – адамның арқауы» деген аталы сөзді алдыңғы орынға қоятын қазақ үшін адал ас бәрінен биік тұрады. Жұрт жаппай халал тағамға көшкен сайын жүректе иман орнығып, санада сілкініс пайда болатынын ұмытпаған абзал.

Майра ӘБДУӘЛІ
05 ақпан 2020 ж. 586 0