» » Табысты бизнесменді танисыз ба?

Табысты бизнесменді танисыз ба?


Жаңа экономиканың қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлік саланың тізгінін бүгінде көбіне жастар ұстаған. Бұл көңіл көншітерлік жақсылық. Қазіргі уақытта түрлі бағдарлама аясында кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар аудан экономикасының дамуына үлес қосып қолдау көрсетуде. Міне осындай табысты кәсіпкерлер халық арасында қаншалықты танымал, қандай іс-әрекетімен ерекшеленеді деген мақсатта «Табысты бизнесмен қандай болуы керек?» деген сауалнама жүргіздік.
Әдеттегіше сауалнаманы халық көп шоғырланатын базар маңы мен орталық алаңда жүргізуді жөн деп таптық.


– Ауданда кәсіпкерлік саланы дамытқысы келген адамға қолайлы жағдай жасалған. Өз ісін ашып, жұмысын жандандырамын дегендерге еш кедергі жоқ. Тіпті бірнеше жобаларын ұсынған адамдар бағдарламарға қатысып, оқып та жатыр. Өзім бизнес саласынан хабарым болмаса да жеке кәсібі арқасында қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыран адамды білемін. Ол Бақытжан Абдуллаев. Қайырымдылық шараларынан да тыс қалған емес. Сонымен қатар қызметкерлерінің ұл-қыздарын өз қаржысына оқытып көптің ықыласына бөленіп отырған жайы бар, – дейді аға буын өкілі Шоралы Сейденбекұлы.
–2020 жылдың 1 қаңтарынан бері осы күнге дейін тіркелген шағын және орта субьектілер саны 4677, оның 257 заңды тұлға. 1986 шаруақожалық болса, 2434 жеке кәсіпкер. Мұнда әзірге белсенді субьектілер саны 4500-ге жетті. Пайызға шаққанда жұмыс істеп тұрған субьектілердің үлесі 96,2 процент. Жұмыспен қамтылғандар саны 6912 адам. Енді «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламсына сәйкес ауданды осы жылы несие алуға 300 жоба, мемлекеттік грант алуға 400 жоба бойынша қаржы алу жұмыстары жоспарланған. Алайда бұл аталғандарды табысты кәсіпкерлер қатарына жатқыза алмасақ та аудан үшін үлкен жетістік, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Қаржыбек Бүркітбаев.
Осы ретте сауалнамаға қатысқан аудан тұрғыны Исмайл Асқаров та өз ойын былай тарқатты.
– Табысты бизнесмен болып қалыптасып, тасың өрге домаласын десең мұқтаж адамдарға көмек қолын созып, қажеттіліктерін орындау керек. Сонда ғана сенің бизнес саласында қолың жүріп, бағың ашылады. Шарықтайсың. Өсесің. Мәселен меценат кәсіпкер Асылхан Шайыхов қаншама тұрғынды жұмыспен қамтумен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында спорт кешенін ашып небір талантты балалардың тәрбиеленіп шығуына мүмкіндік жасап отыр. Осындай қасиетімен халық арасында беделі артып, жұмысы алға басуда, – дейді.
Кәсіпкерлікке ынталы жандарды қолдауда Кәсіпкерлік палатасының үлесі де қомақты. Себебі, бизнес-жоспарын жасап, қаржы институттарына дейін жетектеп апаратын орталықтың жұмысы қарбалас.
– Табысты кәсіпкер ең алдымен тәуекелшіл, сосын қажырлы еңбек етуі маңызды. Нарықтық қатынастарға тез бейімделу үшін үнемі ізденіс үстінде жүруі қажет. Бәрінен бұрын жаңашылдыққа, инновацияға мән бергені абзал. Өткен жылы 120 адам «Бастау бизнес» жобасымен оқыса, «Жас кәсіпкер» бағдарламасымен де 115 адам өз жобаларын қорғап шықты. Осылайша алға қойған жоспар бойынша 2019 жылы барлығы 360 адам «Жас кәсіпкер» жобасы аясында оқытылды. Ал биылғы жылы 1 қаңтардан бастап 300 адам тіркелді – дейді кәсіпкерлер палатасының Жаңақорған аудандық филиалының директоры Рысбай Нысанханов.
Осылайша тұрғындарға жолдаған сауалға байланысты сала басшыларының да пікірін білдік. Арқау еткен тақырыпты тереңдете түсіну үшін аудан орталығында кәсіптерін жүргізіп отырған жандарды сөзге тарттық.
Сондай кәсіпкердің бірі «Nur-Saule» той ұйымдастыру орталығының директоры, дара кәсіпкер Мұхтар Шаханов. Ол 2015 жылдан бері 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Мәселен, оператор, әнші, фотогроф, музыкант мамандығын меңгерген өз ісінің бес білгірін той орталығының белтемірі деуге болады.
Ал «ЕрНұрБек» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұрболат Аширов болса 24 адамды жұмыспен қамтып, үлкен бизнес көзін шыр айналдырып отырған ірі кәсіпкер. Оның меншігінде жиһаз жасау орталығы, сауда орталығы және шағын дүкендер бар. Көп ретте жағдай кем жанұяларға көмек қолын созып келеді. Бірақ жасаған жақсылығын жария етпейді. Осындай өнеге өзге де кәсіпкерлерге үлгі болсын деген ниетпен біз жария етіп отырмыз.
Сан кәсіптің иесін сөзге тартқанда ұққанымыз, қандай да болмасын бір істі бастарда тәуекелге бел будың ба , алдыңда кездесетін түрлі кедергілерден қорықпау, өзіңе сенімді болудың септігі зор. Осы аталған қасиет бойдан табылатын болса табысты кәсіпкердің қатарында болатының хақ.

Лаура БИБАСАРОВА
29 қаңтар 2020 ж. 436 0