№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жиһаз саудасы Жаңақорғанда да қызып тұр

Жиһаз саудасы Жаңақорғанда да қызып тұр


Жиһаз өндірісі – экономикаға серпін беретін саланың бірі. Жаңақорғанда бұл кәсіппен айналысушылардың қатары жыл сайын артып келеді. Себебі сұраныс артты. 2019 жылы елде бұл саланың нарықтағы үлесі 5 процентке артып, ішкі сұраныстың үштен бірін қамтыған. Әсіресе асхана мен қонақ бөлмеге арналған ағаш жиһаз өндірісінде бір жыл ішінде 16,2, кеңселік тауарлар 2,6 процентке өскен. Сарапшылар өңдеу өнеркәсібінің ілгерілеуінің – қарапайым халық үшін тиімді екенін айтады. Бәсеке артқан сайын тұрғындар сапалы өнім алуға, талғамына сай тапсырыс беруге мүмкіндік алады. Сондықтан біз бүгін аудандағы жиһаз өндірісінің тыныс-тіршілігін бағамдап көрдік.


Қазір шағын кәсіппен айналысамын деген адамдарға мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті. Әсіресе жастарға басымдық көбірек берілуде. Жеңіл­детілген процентпен несие алып, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізгендер шағын бизнестің шырайын кіргізе бастады. Сондықтан «қолда бар алтынның қаді­рін» біліп, мүмкіндікті сәтті пайдаланған жөн. Былтыр екі азамат жиһаз өндіретін цехты іске қосу үшін қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Соның бірі – Нұрмұхаммед есімді азамат.
Ол трансформер жиһазын өндіруді қолға алды. Яғни жас кәсіпкер жұмсақ жиһаздың осы бір креативті түрін жасауға кірісіп кетті. Отырсаң диван, жатсаң жатын орныңа айналатын бұйымға сұраныс та жоғары. Біз Нұрмұхаммед Оразбаев туралы төл басылымда тарқата жазғанбыз. Бүгінде шеберлер қолданатын қарапайым жиһаз тұтқасынан бастап, ұсақ-түйек заттары мен ЛДСП, МДФ материалының барлығы да отандық өнім екен.
Шыны керек, біз Түркістан нарығынан тәуелділіктен арыла қойған жоқпыз. Сапалы тауар, қолжетімді баға және тауар таңдауға мүмкіндік жасауға көрші өңірдің нарығы бізден артықшылыққа ие. Соның есебінен көрші аймақпен бәсекелесу оңай емес. Былтырғы жылдың қорытындысымен жиһаз өндірісінің ең көп жылдық өсімі Түркістан қаласында тіркелді. Онда жас жұбайлардың шаңырағына сыйлайтын жиһаздың саудасы қызып тұр. Яғни көрші облысқа жаңақорғандықтар жас отбасыға сыйлық алуға көп барады. Қалған үй жиһаздары өзімізде өндіріледі.
Жаңақорған ауданы бойынша кәсіпкер ретінде жұмыс жасайтын 7 жиһаз цехы болса, оларда 20-дан астам қызметкер бар. Тапсырыс беретін тұрғындардың да қатары аз емес. Бірақ бізде көбі уақыт жоғалтып алудан қорқады. Яғни бір жиһазды кемінде бір айдан астам уақыт күтуге тура келеді. Тұтынушының көңілі толмайтыны да содан.
Қазіргі уақытта жиһаз саудасы бойынша нарықтың 70-80 проценті отандық өнімге тиесілі екен. Осылайша, өзіміздің өндіріс шетелдік тауарлардан артық болмаса да кем емес екенін дәлелдейді. Тиісінше, импорттық ахуал екі есеге төмендеп, экспорт көлемі артып келеді. Сол секілді Түркістан тауары Жаңақорған нарығында экспортталудан көш бастап келеді. Десе де, біздің кәсіпкерлер өндіріс саласына серпін беріп, ішкі өнім үлесін еселей түсуге ниетті.
– Қазір бәсеке күшейе түсті. Жиһаз құрастыратын кәсіпорындар, шағын цехтар жеткілікті. Мен ауылда отырып тапсырыс қабылдап, жиһаздарды жеткізіп отырамын. Шүкір, тапсырыс көп. Кейде үлгеруіміз қиындап жатады. Жиһазға қажетті құрал-жабдықтарды Түркістаннан аламыз. Көбіне тұрғындар сапалы, бірақ бағасы қолжетімді болуын талап етеді. Осыған көп мән беремін, – деді байкенжелік кәсіпкер Мақсат Әлиев.
Аудан орталығындағы «Жұмабай» жиһаз орталығы шағын цехының тұтынушылары аз емес. 20 жылға жуық аудан тұрғындарына қызмет ететін Мұрат кәсіпкер тапсырыс берушінің талабынан шығуға күш салады. Онда жиһазға тапсырыс берсеңіз, бірнеше апта күтесіз. Бірақ сапалы өнім ала аласыз. Ал жас отаудың жатын орындары, шкафтары көбіне «Ақжол» сауда үйінен алынады. Ол жақтағы өнім Түркістан, Шымкент немесе Алматы қаласынан келеді екен. Ал Алматы сынды ірі мегаполистерде тауардың керек жабдықтары Польша, Қытай, Ресей елдерінен әкелінеді. Демек онда да тауар сапалы деген сөз.
Осы орайда Қазақстанның жиһаз және ағаш өңдеушілер қауымдастығының президенті Қанат Ыбраевтың пікіріне құлақ салсақ:
– Саланы жетілдіре түсудің барлық алғышарттары бар. Жасалып жатқан бұл мүмкіндіктерді қазақстандық өндірушілерге барынша жеткізу маңызды. Мемлекеттің көрсетіп жатқан қолдауына лайықты жұмыс жасауға міндеттіміз. Біз жиһаз өнімдерін кешенді өндіріс жолына қоюға күш салуымыз керек. Бұл ең алдымен, қосымша шығындарды азайтады. Есесіне өнім құны төмендейді. Сондай-ақ экспортқа шығуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде кәсіпорындарда әлемдік трендтерді ендіріп, жаңа бұйымдар жасауға болады. Мұның сапа көрсеткіші артуына септігі бар, – деді.
Қазақстанда жиһаз өндірісі кластерін дамытуға мән беру керек. Сонда ғана саланың көкжиегі кеңейе түседі.
– Шынтуайтында жиһаз өндіретін мекемелердің артуы бізді қуантады. Көбіне Шымкент пен Түркістанға баратынымыз рас. Сондықтан алдағы уақытта өз өнімімізді де көбірек тұтынатын кез келген тәрізді. Өндірушілер жиһазды талғамға сай жасаса болды. Біз сатып алуға дайынбыз, – деді кент тұрғыны Әлішер Батырбеков.
Жалпы алғанда, біз бүгін жиһаз өндірісінің хал ахуалын бағдарладық. Ең бастысы бағыт-бағдар, ілгерілеу бар, енді тек осы кәсіптің өрісін кеңейтуде мүмкіндіктерді сәтті үйлестіріп, заманауи технологияны енгізу керек...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
22 қаңтар 2020 ж. 629 0