№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Білім сапасы – мұғалім ізденісінде

Білім сапасы – мұғалім ізденісінде


Жаңақорған кентінде «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйытқы болуымен «Тәжірибе алаңы-2020» облыстық байқауы өтті. Білім бәсекесінде үздік қырымен көзге түскен жаңақорғандық ұстаздарға аудандық білім бөлімі құрмет көрсетті.


Алдымен ұстаздың шығармашылық потенциалын арттыруға арналған байқау барысына тоқталсақ. Оған әр облыстан келген мұғалімдер мен тренерлер қатысты. Шараның ашылуында облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Есқалиева:
– Облыс көлемінде түрлі бағытта жұмыс жасайтын ұстаздардың шығармашылық әлеуетін арттырып, мұғалімнің үздік тәжірибесін анықтау және тарату негізгі мақсатымыз. Сабақ өткізуде жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды пайдаланып, қызықты әрі мазмұнды өткізу маңызды. Байқау осы бағыттағы жұмыстарды басшылыққа алады, – деді.
Институттың аға оқытушысы, ұйымдастыру алқасының жетекшісі Серік Құсейнов қатысушыларды «Тәжірибе алаңының» жұмыс жоспарымен таныстырды.
Бірінші кезеңде, «Мұғалімнің жеке ізденіс зертханасы» деп аталатын бөлімде шығармашыл ұстаздардың инновациялық жобалары, ғылыми ізденістері, халықаралық, республикалық және облыстық деңгейде жеткен жетістіктері көрме түрінде сарапшылар назарына ұсынылды. Осы кезеңде облыстан келген мамандар Жанар Жубауова, Оразбай Орманов, Гүлнұр Алиаскарова өз тәжірибелерімен бөлісті.
Екінші кезеңде, «Ауыл кеші көңілді» сайысында Қызылорда қаласы мен жеті ауданнан келген мұғалімдер командасы бақ сынады. Ұстаз бойындағы өнерін сынға салған кезеңде «Жаңақорған» командасы топ жарды.
Сыр өңірінен келген 80 мұғалім «Қазіргі сабақ» тақырыбында семинар-тренингке қатысып, тәжірибелерін байытты. Ұстаздар жаңартылған білім беру бағдарламасындағы деңгейлік және саралап оқыту технологиясының артықшылықтары жөнінде талқылады. Әсіресе мұғалім идеясын ортаға салып, тәжірибе алмасуды көздеген «Оқыту әдістемесін жетілдіру жолдары» тақырыбындағы идеялар аукционы жоғары деңгейде өрбіді. Бұл кезеңде №160 мектептің математика пәнінің мұғалімі Абзал Қошанов дара екенін дәлелдеді. Екінші орынға №221 мектептің информатика пәнінің мұғалімі Назкен Сәдыбаева тұрақтаса, үшінші орынды №52 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылжан Утебаев еншіледі.
«Жаңартылған білім беру: өзгеріс, тәжірибе, нәтиже» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында білім беруде ұстаздың еңбекқорлығы, ізденімпаздығы шешуші рөл атқаратыны, заманауи білім дағдыларын меңгеру жолдары және т.б сөз болды.
«Тәжірибе алаңына» қатысушылар арасында тоғызқұмалақ пен шахматтан ойлылар сайысы өтті. Сондай-ақ «Үздік әлеуметтік педагог-2020» байқауы сараланып, нәтижесінде №169 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жазира Сайпирова үздіктер қатарынан көрінді.
Келесі күні «Алтын көмбе» танымдық ойыны мен «Үздік бейне сабақ-2020» сырттай байқауы өткізілді. Ұйымдастырушы-сарапшылар байқауға қатысушылардың жұмыстарын зерделеп, үздіктерін анықтады. «Брейн-ринг-2020» (командалық сайыс) таным сағаты ұйымдастырылды. Тақырыптық сайыста айтыс өнері бойынша сүттіқұдықтық №52 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Асылжан Утебаев жүлделі үшінші орынға ие болды.
Шараның қорытынды есебінде «Тәжірибе алаңы: проблемалар, перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстелге қатысушы ұстаздар жиналды. Шара соңында облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары Гүлнар Есқалиева қатысушы ұстаздарға алғысын білдіріп, жеңімпаздарға құрмет көрсетті. Олардың қатарында аудандық білім бөлімінің әдіскері Фатима Тұртанова, №254 негізгі мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ақтұйғын Юсупова және №51 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Қызжібек Абылайханқызы кәсіподақтың «Құрмет грамотасымен», №161 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ержан Үсенов, №54 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Ботакөз Мұсабекова, №52 мектептің биология пәнінің оқытушысы Тұрсынбек Жұпарбаев «Алғыс хатпен» марапаттады.
Облыстық деңгейде өткен байқауда үздік шыққан ұстаздарды аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов қабылдады.
– Ұлт ағартушысы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», деді. Осы ұлағатта терең мән-мазмұн бар. Расында білікті, білімді ұстаз – мектептің тірегі. Ал біз білімін үнемі жетілдіріп, жаңа талаптарды, жаңа дағдыларды меңгеретін ұстаздарды қолдауға дайынбыз, – деген ауданның бас ұстазы байқауға қатысқан ұстаздарға өз атынан «Алғыс хат» табыстады.
«Тәжірибе алаңы-2020» байқауына белсенді қатысып, «Алтын жұлдыз» аталымына ие болған №160 мектептің математика пәнінің мұғалімі Абзал Қошанов өз қуанышын жеткізді.
– Дәстүрге айналған байқау «Мұғалім мәртебесін» осыдан 17 жыл бұрын көтеріп, ұстаздың біліктілігін арттыруға үлес қосып келеді. Облыстың үздік ұстаздары қатысқан білім бәсекесінде жан-жақты ізденіс, ұшқыр ой, ең бастысы, тәжірибенің арқасында жетістікке жеттім. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, «Алтын жұлдыз» иегері атанғаныма қуаныштымын, – деді ол.

P.S.: Мұғалім білімін үздіксіз жетілдіргенде ғана заманауи дағдыларды оқушының бойына сіңіре алады. Мұғалімнің шығармашылық потенциалын арттыруда семинар-тренингтер мен шығармашылық байқаулардың септігі мол. «Тәжірибе алаңы-2020» облыстық байқауында зердеге осыны түйдік.

Лаура БИБАСАРОВА
18 қаңтар 2020 ж. 1 269 0