№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Біздің сүйікті дәрігер

Біздің сүйікті дәрігер


Әр ауылдың құрметтейтін, өз ардақтысы, қадірлісі атанған азаматтар бар. Ал сол атаққа ие болу, елге еткен ерен еңбектің жемісі. Жақсы адам жастайынан жасындай жанып, жұлдыздай жарқырайды. Еңбекке жарап жұмысқа араласа бастағаннан зейнеттік демалысқа шыққанша адамгершілігі мен азаматтығын жоғары қойып, ел ардақтысына айналады.


Міне, «сабақты ине сәтімен» демекші, жақында Бесарық ауылдық округіне барғанда ел ардақтысы Әбибулла Ахимов ақсақалмен тілдескен болатынбыз. Ол жоғарғы оқу орнын бітіріп келгеннен кейін ауылдағы денсаулық саласына басшылық еткен. Өзі басқарған ұжымда сырқаттарды емдеу және сауықтыру жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылып қана қоймай мекеме мүмкіндігін жылма-жыл жетілдіруге күш сала түседі.
Иә, кіндік қаны тамған жеріне, туған еліне қызмет ету – кез келген жанның перзенттік парызы. Қырық жылдық еңбек өтілі бар Әбибулла қария әлі де үйінен кісі қабылдап, дертіне дауа іздеп келгендерден дәрігерлік кеңесін аямайды. Сексен беске толған ақсақал әлі тың. Ізінен ерген жас дәрігерлерден өмірлік тәжірибесін бөлісуден еш жалыққан емес.
Әңгімені әріден бастасақ, 1965 жылы Ақтөбе медициналық институтын бітіріп келгеннен кейін Талап ауылдық ауруханасына қызметке орналасады. Әріптестері Рысжан Төлепбергенова, Құттықыз Тілеубергенова, Тәттігүл сынды ақ халатты абзал жандар білек сыбана еңбектенуді бастап кетеді.
– Өткенді еске түсірсек, біздің балалық шақ соғыстан кейінгі елдің еңсесі тіктелмеген шаққа сай келді. Мектеп бітіргеннен кейін Ақтөбе қаласындағы медицина институтына оқуға түсіп, терапевт мамандығын ойдағыдай тәмамдадым. Саналы ғұмырымды ауылдың денсаулық сақтау саласы әлеуетінің артуына арнадым. Жоғарғы оқу орнынан жиған білім-білігімді қарапайым халықтың саулығының түзелуіне жұмсадым. Ол кезде біздің ауылда 500-ден астам тұрғын болатын. Оған қоса, Қаратаудың етегіндегі шопан отбасыларына да ем-дом жүргіздік. Шүкір, өзім басқарған жылдары арыз-шағымнан ада болдық, – дейді Әбибулла қария бізбен әңгімесінде.
Тілдесу барысында ақсақал Алматы, Ақтөбе, Павлодар қаласында және Ленинградта инемен емдеу бойынша курстан өтіп, біліктілігін арттырғанын айтты. Оған қоса, облыстық, республикалық семинар-кеңестерге қатысып, мол тәжірибемен қаруланыпты.
– Медицина саласы күн өткен сайын даму үстінде. Осыған орай емдеу мекемелеріндегі заманауи құрал-жабдықтар мен қызмет көрсету сапасы да уақыт талабына сай болуы қажет. Айтайын дегенім, ауылдық аурухананың іргетасы 1973 жылы қаланған. Жалпы, Бесарық, Кеңес, Манап ауылдарын қамтитын бізге жаңа аурухана қажет. Осы мәселе 2020 жылы шешімін тапса деген елдің тілегі бар, – деді Әбибулла ақсақал.
Бүгінде ауылдың абыз ақсақалы ретінде ардагерлер алқасы мен қоғамдастық кеңесінде өзіндік ой-пікірін айтып, елді ынтымаққа бастайтын тындырымды тірліктердің басы-қасынан табылып жүр. Ағалық жолын көрсетіп, ауылдың дамуына рухани дем беруде. Берекелі шаңырағында Күләш апамыз екеуі 2 ұл, 4 қызды тәрбиелеп, қазірде олар отау құрып, сан салада абыройлы қызмет етуде. Атаның қос қызы әке жолын таңдап, облыстық медициналық орталықта денсаулық сақшысы қызметінде. Қашанда солардың қызықшылығының ортасынан табылып, немерелердің сүйікті атасы болып жүрген жайы бар. Иә, саналы ғұмырын денсаулық саласының дамуына арнаған Әбибулла Ахимов ел мен жердің тыныштығын тілеп, амандығын Алладан сұрап, бейбіт күннің батагөй ақсақалы ретінде ауылдың ардақтысына айналған.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ
06 қаңтар 2020 ж. 1 096 0