Соңғы жаңалықтар

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Озық ойлы озат оқушы

Озық ойлы озат оқушы


Бүгінгі жеткіншектер бойындағы белсенділік – жаңа бастамашылдық пен өсудің, өркендеудің нақты көрінісі. Себебі, әрбір бала – өзіндік ерекшелігі бар жеке тұлға. Тек оны дер уақытында тани білу керек. Өз бойындағы талантын түрлі білім бәйгелерін де сынап, көш басынан көрініп жүрген оқушы бар. Оның есімі – Іңкәр. Тегі – Жарқынбек.


Кенттегі №3 мектеп-интернаттың 9-сынып оқушысы. Шыны керек, Іңкәрмен тілдесе отырып, әмбебап шәкірт екенін аңғардық. Қолы қалт етсе, қолөнер бұйымдарын жасауды өзіне серік етсе, қалған уақытта орыс тілі мен ағылшын тілі пәні олимпиадасына дайындалады. Қос пәннен де жеткен жетістігі бір төбе. Әуелі қолөнерге қатысты қызығушылығын тарқатсақ. Іңкәрдің үйірмеге қатысып жүргеніне үш жыл болыпты. Ұстазы – аудандық тәрбие орталығындағы «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Назерке Жамалова. Қағаз қиындыларынан түрлі туындыларды жасап үйренген Іңкәр енді сумоншақтан сәндік мақсаттағы әшекей бұйымдарын жасауға бейімделіп жүр. Оған қоса, тоқыма да тоқиды.
– «Қолөнер – бабадан бізге жеткен сарқылмас дәстүр. Әсіресе, ертеден қолөнерге бұрымдылар бейім болған. Алайда бұрынғыдай ұршық иіріп, киіз не кілем басу жоқтың қасы. Сондықтан қолда барды ұқсатып, қағаз, бисерден түрлі туындылар жасау – бұл өзіме ұнамды хоббиім. Биыл республикалық «Күз – береке» балалар мен жасөспірімдер бай­қауында «Қолөнер» номинациясы бойынша бас жүлде алдым. Ал «Менің елім – Мәңгілік ел» атты рухани-пат­риоттық республикалық байқауында «Қолөнер» номинациясында бірінші орынға лайықты деп танылдым. Алдағы уақытта бұл бағыттағы қызығушылығым тағы да жетістікке жеткізетініне сенемін, – дейді Іңкәр Ғалымжанқызы.
Расында, өнерлінің өрге жүзетіні ақиқат. Осындай талантты жеткіншектер барда қазақтың қолөнері биікке самғай берері айқын. Сондай-ақ озат оқушының білім бәйгелеріндегі жетістігі де аз емес. Республикадан бөлек, халықаралық бірнеше байқауға қатысып, олжалы оралған. Өзінің айтуынша, үшінші сыныптан бастап, пәндік олимпиадаларға қатыса бастаған. Ең алғаш 2012 жылы халықаралық «Көңілді математика» конкурсын да жүлделі ІІ орын, IV бүкіл ресейлік ағылшын тілі пәнінен «Rainbou» атты блиц-турнирін де ІІ орын алған.
– Ұстаздарымның жетекші­лі­гі­мен интер­­нетті игілікке икемдеп, қашықтық интернет олимпиадаларына көп қаты­сатынмын. 2014 жылы халықаралық қашықтық конкурсында ағылшын тілі пәні бойынша «Жаңа сабақ» жобасы аясында тесте берілген 15 баллды толық жинап, І-орын алдым. Оған қоса, Беларусь республикасының халықаралық Videouroki.net пәндік олимпиадасында І-орын иегері атандым. Мұның барлығы Ләззат апайымыз басқаратын №3 мектеп-интернаттың ұлағатты ұстаздарының еңбегінің жемісі, – дейді жас дарын Іңкәр бізбен әңгімесінде.
Сондай-ақ Іңкәр үшін өткен жыл табысты болған. «Қазақстан интернет олимпиадасы» ұйымдастыру комитетінің ұйытқы болуымен өткен республикалық қашықтық олимпиадасының аудандық кезеңінде ағылшын тілі пәнінен І-орын алған. Айта кету керек, Іңкәр тек ағылшын тілі мен орыс тілі ғана емес, жаратылыстану бағытындағы пәндерді сүйіп оқиды. Былтыр «Ұстаз тілегі» ұйымдастыру комитетінің мұрын­дық болуымен өткен «Зияткерлік олим­пиада-2018» республикалық пәндік олимпиадасында биология пәні бойынша І-орын иегері атанған. Одан бөлек, өзі оқитын білім ордасының директоры Ләззат Машбекқызының «Алғыс хат­тары» жетерлік.
– Іңкәрдің сабақ үлгерімі өте жақсы. Барлық сабақтан үздік. Пәндік олим­пиадаларға белсенді қатысады. Қатысып қана қоймай, үнемі жеңіс тұғырынан көрінеді. Есепке де жүйрік. Ментальды арифметиканы жетік меңгеріп, осы бойынша Алматы қаласына жарысқа қатысып, жүлделі оралды. Сыныптағы оқушылармен қарым-қатынасы жақсы, – дейді Іңкәрдің сынып жетекшісі Рыскүл Баймағамбетова.
Өз кезегінде жас дарын өзіне үнемі бағыт-бағдар беретін Гүлнар Әлібекова, Ғазиза Бегентаева, Нәбира Аманова, Жазира Әбибуллаева сынды ұстаздарының есімдерін айрықша атады. Десе де, «барлық ұстаз мен үшін бірдей» деген шәкірттік пейілін жасырып қалмады.
Қорыта айтқанда, Іңкәр Жарқынбек озық ойлы озат оқушы екенін таныдық. Тағы бір айта кетерлігі, ол кітапқұмар. Әсіресе, әлем әдебиетін сүйіп оқиды. Анасы Айнұр да қызының қызығушылығын сезіп, қашанда қалаға жолға шықса, қайтарында жаңа кітаптар ала келеді. Бұл да болса, жас өреннің озық ойлы болып, дүниетанымының кеңеюіне септігін тигізері айқын.

Әбдісамат ӘБДІШ
20 желтоқсан 2019 ж. 646 0