КІЛЕМ ЖУУ ДА КӘСІП
Ел ертеңіне көз салсақ, бүгінгі аға буынның келесі ізбасары – жастар. Сайып келгенде, жас буынның бойындағы белсенділік, жаңа бастамашылдық – өсудің, өркендеудің нақты көрінісі. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан жастар қауымын жұмыспен қамту мақсатында қабылданған «Zhas Project» жастар жобасы нәтижелі жұмыс өрнегін көрсетті.
Енді міне, ақпан айында жоба жеңімпаздарына мемлекет тарапынан берілетін шәкіртақы тоқтап, ары қарай жеке кәсіп ретінде жалғастыратын болады. Осындай жаңашыл жоба Ақүйік ауылы жастарының жаңадан кәсіп ашып, еңбек етуіне даңғыл жол ашты. Соның бірі, жоба көшбасшысы – Жұлдызай Әбдіқайырдың «Ерікті жастар – болашаққа бастар» жобасы. Жастар 6 айы уақыт ішінде 30 шаңырақтан 120 адамды қамтып, кілемдерін ақысыз жуып, қол жәрдем көрсетті. Топ құрамында Назира Қасымханова, Оспан Оғлай бастаған жастар елдімекен тұрғындарының алғысын алып, азаматтық танытты. Ал, жоба менторы Еркебұлан Исаев үнемі замандастарына қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беріп отырды. Ендігі Жұлдызайдың арманы асқақ. Ол – көктемнен бастап химиялық тазалау орталығын ашсам деген ниеті бар екенін жасырмады. Кілем ғана емес, автокөліктің орындық жапқыштары мен киім-кешекті химиялық тазалудан өткізіп, кәсібін өрге домалатуды жоспарлап отыр.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ.