№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тотаев тұрғындары тазалыққа құмар

Тотаев тұрғындары тазалыққа құмар


Аудан әкімі Сұлтан Мақашов Жаңақорғанға әкім болып келгелі ең алдымен тазалыққа мән берді. Көше-көшені аралап, жауапты сала мамандарына кентті таза етудің тетігін қарастыруды жүктеді. Соның нәтижесінде тұрғындармен келісімшарт жасалынып, әр отбасына жан басына шаққанда бір айға 65 теңгеден төлеу келісілді. Яғни, тазалықпен айналысатын «НұрШах» кәсіпорны кесте бойынша арнайы көліктермен жиналған қоқысты алып кетеді.

Тұрғындар осыны әдетке айналдырса, тазалық мәдениеті қалыптасады деген сенім бар. Бұл өте қуанарлық жағдай. Біздің Тілеу Тотаев көшесінің тұрғындары да тазалық мәселесіне бей-жай қарамайды. Біз осы дәстүрдің арқасында кенттегі алдыңғы қатарлы көшеге айналдық. Десе де, күрмеулі мәселелер де жоқ емес.
Алдымен жоғары биліктің көшеге асфальт төсеп бергеніне алғыс айтамыз. Газдандыру және су құбырларын жүргізу кезінде тұрғындардың еңбегі еш кетіп, ойдым-ойдым арыққа айналған болатын. Осы мәселені қаншама рет көтеріп, аудан және кент әкіміне хат жаздық. Нәтижесінде жақында көшемізге асфальт жол салынып, бір марқайып қалдық.
Иә, ел егемендігін алған жылдардан бері еткен еңбегіміз көпке өнеге болып келеді. Екі рет «Үздік көше» номинациясын жеңіп алдық. Осының өзі жастарға үлкен өнеге, олар да біз жүрген ізбен жүріп келеді. Ұрпақ сабақтастығына айналса игі бұл ісіміз. Қазір көшеде 50-ге тарта тұрғын үй бар, олардың ортақ міндеті әр апта сайын тазалық тәртібін ұстап, жұмыла жұмыс жасау. Үнемі сенбілік ұйымдастырып, әр тұрғын есік алдын таза ұстауға дағдыланған. Әрі ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырдық. Ерте көктемде 100 көшетті арнайы алдыртып, соны отырғызу үстіндеміз. Шыны керек, мұның барлығы балаларды тазалыққа үйрету, өзгелердің көшеге деген таза пейілін қалыптастыру болатын. Бір сөзбен айтқанда, жасалынып жатқан игі істің барлығы балалардың ертеңі үшін.
Көзіміз көріп, естіп жүрміз Сыр өңірі тазалық мәселесіне қатты көңіл бөлуде. Әсіресе, қала келбеті тазарып, көріктеніп келеді. Осы бағытта жүруді үрдіске айналдыруға ниетті Жаңақорған кенті тазалықты табалдырықтан бастады. Өйткені, қазір озық отыздыққа ұмтылған әрбір дамушы елдің басты мүддесі ел экономикасының өрлеуі, халықтың тұрмыс сапасын арттыру мен ішкі тұрақтылық. Алайда, тазалық мәселесі бұл елдегі ең басты өзекті мәселесі. Бір сөзбен айтқанда, тазалық бұл – мемлекеттің айнасы.
Мәселен, әлемдегi ең таза қала саналатын Канаданың Калгари қаласы екен. Ал, Азия елдері арасында Сингапур мен Жапония көпке үлгі. Жапония елінде «Сенiң жерiң – сенiң ұрпағыңның мәңгiлiк мекенi!» деген ұғым қалыптасқан. Соның нәтижесiнде балабақшадағы бүлдiршiн қағазды көшеге тастамауға тырысады. Олар келер ұрпаққа таза, жасыл мекен қалдырамыз деген ұранды ұстанады.
Сингапурде көшенi ластау өрескел қылмыс саналады. Егер, бұл елде жүрiп, абайсызда түкiрiп қалсаңыз, тамақ қалдығын лақтырып жiберсеңiз үлкен мөлшерде айыппұл төлейсiз. Алысқа бармай-ақ, көрші өзбек ағайындары әр үй өз есік алдын аптасына екі-үш рет сыпырып, тазалық жұмысын жүргізеді екен.
Енді көше тұрғындарының талап-тілегін айта кетейін. Ең бірінші көшеге жарықтандыру жүргізілсе дейміз. Екін­шіден, иесіз жүрген малдарға иелік болса. Біз жылда 3-5 жыл болған көшеттерді отырғызамыз. Алайда жаздың кезінде жасыл желекке боялған ағаштарды қорек етеді. Соның кесірінен көшеге еккен ағаштардың көбі көгеріп те үлгермейді. Сондықтан пада ұйымдастырылып, мүмкіндігінше ірі қараға ие болса деген тілегіміз бар. Әзірге осы екі мәселе біздің алаңдатады.
Тазалық – денсаулық кепілі. Деннің саулығы – тұтас халықтың саулығы. Шыны керек, көшенің тазалығына атүсті қарағаннан жағалай тау-тау болып үйілген тұрмыстық қалдықтан құты­лудың жолына түсіп келеміз. Бақсақ, біздің көрші елдерден қай жеріміз кем. Сондықтан, сана мәдениетін қалыптастырып, тазалыққа мән берген абзал. Жалпы, тазалық өзіміз үшін, өскелең ұрпақ үшін керек. Сондықтан, әрбір тұрғын тазалыққа белсенділік танытуы керек. Шүкір, қазір бұрынғыдай емес, тәртіпсіздік тиылды. Дегенмен, тәртіпті әлі де қатаң ұстау керекпіз. Ең бастысы, тазалыққа деген мәдениетті қалыптастыра білуіміз керек. Сонда дені сау, патриот жастар өніп-өсіп, көркейе береріміз хақ.

Жақсылық ТАСБОЛАТОВ,
көше комитетінің төрағасы.
04 желтоқсан 2019 ж. 749 0