№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорған: танымал кәсіпкерге неге ескерту қағазы берілді?

Жаңақорған: танымал кәсіпкерге неге ескерту қағазы берілді?


Аудан әкімі Сұлтан Мақашов тазалық мәселесіне мықтап кірісіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берді. Нәтижесінде тазалықты бақылайтын жұмысшы топ құрылды. Жақында арнайы топ рейдке шығып, тұрмыстық қалдық заттар қалыптасқан нысандардың иесіне ескерту жасалды. Біз де тазалық бағытында атқарылған жұмыстарды біліп қайттық.


Аудан әкімінің орынбасары, арнайы топтың төрағасы Ғалымжан Сопбеков және топ мүшелері – аудан әкімінің кеңесшісі Серқожа Ыдырысов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірініші орынбасары Мәжит Балқожаев, кент әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жарас Мырзалиев, «Жаңақорған тазалық» ЖШС-нің басшысы Мұхаммеджан Рүстемов, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ғабиден Шеңгелбаев, аудандық ІІБ-нің учаскелік полициясы Нұрхан Әметов, аудандық жер қатынастары бөлімінің жетекші маманы Ерлан Баржубаев көше-көшені аралады. Рейд жұмысы алдымен Сұлтанбек Қожанов көшесінің бойынан бастау алды. Көше бойында тау-тау болып үйілген құрылыс нысандарына қажетті материалдар мен төгілген майда қиыршық тастар көрінісі көңілге кірбің ұялатады. Топ мүшесі Серқожа Ыдырысов құрылыс нысаны жүріп жатқан үй иесі Данияр Азнабаевқа ескерту қағазы беріліп, тез арада төккен құрылыс материалдарын қажетті орынға жиыстырып қоюды түсіндірді.
Айта кететіні, осы жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының қасында бос жатқан жер телімдерін көз көрді. Онда да құрылысқа қажетті заттар әр жерде шашылып жатыр. Жер телімдері ауданға белгілі ірі кәсіпкерлерлерге тиесілі екені анықталды. Осы орайда бетке тұтар тұлғаларымыз тазалыққа салғырт қараса, өзгесіне не айтуға болады?
Сонымен қатар осы көшенің №87 үй тұрғыны Абай Искаковқа, Санатория №8 үй тұрғыны Қуаныш Бектаевқа да арнайы ескерту қағазы берілді.
Рейд құрамы МАИ бекетінде орналасқан «Нұрлы Жол» шағын дүкеніне барды. Сауда орнының иесі Асан Әлкеев айналасын таза ұстауға мән беретінін, бірақ Түркістан қаласына қатынайтын таксистердің әрекетіне жауап бере алмайтынын айтты.
Мұнан соң, Тәуелсіздік көшесі бойында орналасқан «Азамат» деп аталатын нысанның айналасы күл-қоқысқа, ескі шашылған бос бөтелкелер мен темекі тұқылының қорабына толы. Топ мүшелері «Данон» кафесіне де тоқтады. «Жаңақорған тазалық» ЖШС-нің басшысы Мұхаммеджан Рүстемовтың айтуынша, осы маңай төрт-бес күн бұрын ғана тазаланған. Алайда шашылған қатты заттарды көріп оған сенбейсіз. Сенгізбейтіні, кәсіпкерлік нысан тазалыққа бей-жай қарайды. Тіпті кафе артын қоқыстан сүрінеді. Мүңкіген иістен дем алу да мүмкін емес. Кафе иесіне бірініші тазаланған уақытта ескерту берілген екен. Мекеме жұмысшылары тарапынан тазаланған соң, екінші қайта төгілген қоқысты көрген «Жаңақорған тазалық» ЖШС-нің басшылары мен қызметкерлері өз ойларын жеткізді.
– Шындығында, жеке кәсіпкер нысанның ішкі және сыртқы санитарлық жағдайын бақылауы тиіс. Көріп тұрғандарыңыздай, бірнеше күн бұрын тазаланған жер қайта қоқысқа толы. Қанша үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, ескерту берілгенімен нәтиже жоқ. Ендігі қалған амал әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салу ғана, – деді Мұхаммеджан Рүстемов.
Тазалық өзіміз үшін, өскелең ұрпақ үшін керек. Сондықтан, әрбір тұрғын тазалыққа белсенділік танытуы керек. Алайда, тұрғындардың басым көпшілігі кент тазалығына салғырттық танытып отырғаны жасырын емес. Кент ішін таза ұстау тек қана кент әкімдігі немесе тазалық мекемесінің міндеті деген түсініктен арылу қажет-ақ.
Келесі бағыт «Саяжай» аумағы болды. Жақында онда тазалау жұмыстары жүргізілген еді. Соны көруге асықтық. Жеті мектептің қызметкерлері тартылған бұл тазалық апталығында «Саяжай» 350 текше метр жер күл-қоқыстан тазартылып, 8 техника тартылып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын. Бірақ... Үйінің айналасын таза ұстамағаны үшін ескерту алған тұрғын да болды.
Тазалық адам мәдениеттілігінің көрінісі екені анық. Кент тазалығының көңіл көншітпейтіндігі тұрғындардың экологиялық мәдениетінің төмендігінен. Сондықтан сана мәдениетін көтеруге жұмыс жасап, насихатты көбейту керек. Яғни тазалықты мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлерге артып қоймай, тұрғындар да ауласы мен көшесін таза ұстау бағытында оң көзқарас танытуы тиіс.
Ал Ордакент көшесі №4 үйдің дәл жанында орналасқан тау болып үйілген қоқысты көргенде тұрғындардың басым көпшілігі тазалыққа келгенде салғырттық танытып отырғанын жасыра алмайсың. Топ мүшелері тарапынан көше бойында орналасқан тұрғындарға жеке-жеке ескертіп, тазалық денсаулық кепілі екендігін атап көрсетті.
Жаңақорғанның тазалығы, оның көркейіп-көгалдануы барлық тұрғынға ортақ міндет. Сондықтан әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастағаны дұрыс. Біз рейд барысында нені байқадық? Кент тарапынан болсын, тазалық мекемесі тарапынан болсын тұрғындар сұранысы қанағаттандырылып отырғанымен, әлі де болса тұрғындар арасында санитарлық тазалықты сақтау мәдениеті өте төмен екендігі. Егер тұрғындар көше бойындағы өз аумағына тиесілі аймақты таза ұстап, жаяу жүргіншілер мен автокөлік жүретін жол бойына қоқыс қалдықтарын төкпесе, кентіміз көріктеніп, ажарлана түсер еді.
Екінші жағынан, тұрғындар да өз шағымын жеткізді. Егер көше бойына қоқыс төгетін контейнерлер қойса, бей-берекет шашылмаушы еді. Оған тазалық мекемесінің жауабы дайын. Кент тұрғындары мекемемен келісім-шартқа отырса, тазалықшылар жиналған қоқысты мезгіл сайын әкетіп отырады.
Бір білгеніміз, алдағы уақытта да рейдтер жалғасын тауып, тазалыққа салғырт қарағандарға айыппұл салынатын болады.

P.S.: Қоқысты шашпау – мәдениеттіліктен, жинау – адамгершіліктен. Осыны әрбір жаңақорғандық қағида етпей, таза орталыққа, таза кентке айналу қиынның қиыны.

Лаура БИБАСАРОВА
26 қазан 2019 ж. 2 414 0