"Бір адам жаққан отқа, мың адам жылынады"
Астана, Алматы, Шымкент сынды мегаполисте қазығын қадағанына 7-8 жылдың жүгі болған бұл жаңалық біздің Жаңақорғанға да келіп жетті. Оны Оңтүстік облыстан алып келген жас – Перне Дәурен Ықтиярұлы. Мұндай игі бастамалардың тетігін тауып, тірлігін тиянақтап, іс-қимылын үйлестіруде ұйымдастырушылық қызметті, бүгінгінің тілімен айтқанда маркетинг-бизнес дейміз. Яғни, түпкі мақсаты табыс көздігін қалыптастыру болғанымен оның пайдасын жеке тұлғалар ғана емес, тұтас әлеумет, тіпті бүтін бір қоғам иеленеді десек те болады. Өйткені білім – бірдің емес, мыңның үлесіне тиесілі. Яғни бұл жерде Дәуреннің әрекетін "Бір адам жаққан отқа мың адам жылынады" деп дәріптесек де артық емес.
Орталықтың жұмысымен тереңірек танысу үшін Дәурен Ықтиярұлын әңгімеге тарттық.
– Дәурен, ықыласты бастамаңа рахмет. Жұмысты қашан бастадыңдар?. Жаңақорғанды таңдауыңа не себеп?
– Мұндай жобалармен 2013 жылдан бастап айналысып келемін. Жаңақорғанға осы жылдың мамыр айында келіп, ойдағы істі бастандыру үшін алдымен ғимарат іздедім. Мектептерді араладым. Қымбат та болса қолайлы санаған орнымыз – осы мекенжай. Орталық алаңның қақ ортасы, әкімшіліктің маңдайы, әлеуметтік нысандар түйісетін тоғыз жолдың торабы іспетті. Әзірге сынып бөлмелері де жеткілікті. "Дана" дүкенінің үстіңгі қабаты толық біздің еншімізде.
Сабақты 15 қазаннан бастап кеттік. Бүгінде 110 талапкерге 15 ұстаз дәріс беріп келеді.
– Дәріске жазылу тәртібі қалай? Қандай пәндерден сабақ жүргізіледі?
– 6-сыныптан 11-сыныпқа дейін талапкерлер қабылданады. Мектеп бітірушілер үшін 3 негізгі, 2 таңдау пәні оқытылады.
Сабақ мектеп бағдарламасына қосымша Назарбаев зияткерлік орталығы, Қазақ-түрік лицейі, республикалық физика-математика Дарынды балалар-мектебінің бағыты бойынша білім береді. Дәріскерлеріміз аудан орталығындағы №3 мектеп интернаты, №163, №51, №169 орта мектептерінен ең таңдаулы, үздік ұстаздардан іріктеу негізінде таңдап алынған. Жаңақорғанды таңдау себебіме тоқталсам, мұнда білімге құштарлық өте басым. Әрбір екінші ата-ана баласына репетитор жалдап болсын озық білім беруге тырысады екен. Менің талабыма ата-ананың осы қолдауы қанат бітірді. Енді жатпай-тұрмай орталық жұмысын жандандырудың қарекетіндеміз. Талапкерлерге жеке оқуға да, топпен оқуына да мүмкіндік жасалған. Тек төлеу ақысы жекеге қымбатырақ.
– Кадрларға көңілің тола ма?
– Мұғалімдердің барлығы өз ісіне шын берілген жаңашыл ұстаздар. 45 минуттық сабағынан тыс ғылыми ізденісте жүретін ұстаздар ғана жаңа талапқа бейімделіп, шәкірттерді соңынан ерте алады емес пе? Осы орайда дәріскерлеріміз – қазақ тілі пәні мұғалімі Гүлназ, география пәнінен – Сабира, физика-математикадан №125 мектеп мұғалімі Жазира апайларымызға алғысым үлкен. Алтын жүрек, өз ісіне шын берілген бала бағбандары – орталықтың қаны да, жаны да осылар.
– Алда қандай мақсаттарың бар?
– Оқу жылы соңына дейін орталықта дәріс жүргізіп, ал жаз айларында бастауыш сыныптарға әрі білім беру, әрі демалыс лагері ретінде тау етегінде тынығу жайын орналастырсақ деген ниетіміз бар. Таза ауа, табиғатта балаларымыз ат мініп, алтыбақан теуіп, асық ойнап, қымыз ішсе деп армандаймыз.
– Оған мемлекеттік деңгейде қолдау қажет қой?
– Бір мысалда тасбақаның тұқымын тасыған балаға осыны айтыпты. Тасбақа туа сала, тұқымын жарып шыққан баласы теңізге жүгіреді екен. Оны аңдып тұрған шағала теңізге жеткізбей құртады. Бір жас өскін тасбақаның тұқымын бір-бірлеп теңізге лақтырып жүрсе, оған:
– Сен оны қашанғы тасып үлгіресің. Бұл маңай мемлекеттік деңгейде қорғауға алыну керек қой, – деген екен. Сонда бала: «Шамам келгенше шарапатымды тигізгіп келіп тұр» деген екен. Сол сияқты әліміз келгенше, тырысып көрсек пе дейміз. Демеуші тауып, жақсы істі бастандырсақ, Үкімет те қоштап, қолдау көрсететініне сенімдіміз.
– Талаптарыңа нұр жаусын! Тағы қандай жоспарларың бар?
– Балаларға білім беруден басқа жастардың кітап оқуға құштарлығын оятуда 100 оқушыға кітап оқыттық. Бұған аудан мектептері арасында №194 Сунақата орта мектебінің 40 оқушысы қатысты. Кітап оқушылар арасында жарыс ұйымдастырып, жеңімпаздарды сыйлықтармен марапаттадық. Бірінші орынды №51 орта мектебі оқушысы Нұртас Рахан, екінші және үшінші орынды №194 орта мектеп оқушылары Сапарбек Дамир мен Мөлдір Әбдуәли иеленді.
Қазан айының соңында орталықтағы түлектерімізді Шымкент қаласында өткен дүниежүзілік жоғары оқу орындарының көрмесіне алып бардық. Онда көрермендерге Америка, Чехия, Польша, Венгрия, т.с.с мемлекеттерден келген университет мамандары өз оқу орындары жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, толыққанды жарнама жасады. Әрине, бұл көрмеден білімгерлеріміз үлкен әсермен оралды.
– Әркімнің жеке басы кредосы, өмірлік ұстанымы болады. Осы жолдағы өзіңнің мақсатың қандай?
– Елге адал қызмет ету. Өзім жетінші сыныпқа дейін Сарыағаштағы №51 орта мектебінде білім алдым. Одан әрі дарынды балалар мектебінде оқыдым. Содан соң әрі көпсалалы жоғары технологиялар колледжі, одан әрі осы мамандық бойынша университетті тәмамдадым. Түркияда білімімді жалғағым келіп, әңгімелесу сынағына қатыстым. Сонда арнаулы комиссияның: «Шет елде не үшін білім алғың келеді?» деген сұрағына: «Жақсы орында қызмет істеп, тез танылу үшін, табысты болып, жалақым көп болу үшін»деп жадағой жауап беріппін. «Бара ғой!» деп сынақтан сызып тастады. Сөйтсем, оған жан-дүнием дайын емес екенмін. Мынау мемлекеттің «Болашақ» бағдарламасымен оқып, кейін елге қайтудан бас тартып, шетелде қалып қоятын жастар сол мен сияқты шикі күйінде шыбықтай кезінен жатбауыр атанып кетіп жатады екен ғой. Бүгінде менің ұстанымым толықтай туған Отанға адал қызметке ойысқан, жас ұрпақ қамы үшін қандай ауыртпалықты да иығыммен көтеріп, ақыл парасатыммен, бойдағы күш-қайат, ерік-жігеріммен жеңуге дайын Қазақстанның нағыз патриотымын!
Бізге осы жолда жағдай жасап, тең құқылық берген, кәсіптің қандай түріне болмасын еркіндік, жағдай жасап беріп отырған Елбасының көрегендігіне дән ризамын, – дейді Дәурен.
Жаңашыл жастың еңбегіне біз де сәттілік тілейміз.
Баян ҮСЕЙІНОВА