№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаңғыбас иттерді құртуға қомақты қаржы бөлінген

Қаңғыбас иттерді құртуға қомақты қаржы бөлінген


Қаңғыбас ит-мысыққа кім ие? Осы сұраққа жауап іздеп мекемелердің есігін қақтық. Себебі күн қысқарып, түн ұзарған мезетте қаңғыбас ит-мысықтан қауіп күшейді. Кешкісін мектептен қайтқан оқушыларға қауіп төндірген жағдайлар тіркелді.


Жалпы кент ішінде топ-тобымен өріп жүрген иттердің иесі жоқ емес, бар. Бірақ көбіне күн ұзақ байлаулы тұратын иттерді кешкісін бос жібереді. Оған иесіз, жоғалған және тастанды иттерді қосыңыз. Қауіп күшейді ме?
Кент тұрғындары арасында қаңғыбас иттерге сақтықпен қарайтындар көп. Соның бірі – Мейрамкүл Бердібекова.
– Мен Сапарбеков көшесінде тұрамын. Немеремді жалғыз мектепке жіберуге қорқамын. №125 мектепке барар жолдағы Түршеков көшесінде иттер топ-тобымен жүреді. Қыс ауасында ашыққан иттер немерелерімізге атылса, оған кім жауап береді?», – дейді назын білдірген апамыз.
Мән-жайды білмекке аудандық ветеринария бөліміне бардық. Бөлімнің сектор меңгерушісі Қанат Мұсаев төмендегіше жауап берді.
– Аудан бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды жоюда 1 бригада (құрамында 2 атқыш, 1 көлік жүргізушісі бар) жұмыс жасайды. Иесіз босып жүрген иттер мен мысықтарды аулап, жою жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 4 млн 529 мың қаралды. Соның 3 млн. 591 мың теңгесі игерілді, – дейді маман.
Иесіз кезбе иттердің адамға шабуыл жасауының сырын сұрағанымызда:
− Кезбе иттердің адамдарға шабуыл жасауының бірінші себебі − олардың шағылысатын кезіне тап болуы. Осы кезеңде иттер өздерінің қалыпты күйлерінен ауытқиды. Екіншіден, көк­темге қарай балалайтын уақыттарында көбейеді. Өйткені, олардың күшіктеп жатқан жеріне балалар ойнап барып қалады. Қасына барған балалардан күшіктерін қызғанып тістеп алуы мүмкін. Үшіншіден, көпшілік иттің иесі жоқ. Олар кез келген жерде: құрылыс маңында, ағаш-тақтай астында, қуыстарда жатады. Сондай жерлерде адамдар оларды абайсызда басып кетіп немесе басқа да жолдармен ызаландыруы мүмкін. Міне, аталған жағдайларда иттер сәби демей, ересек демей ұмтыла жөнеледі, – деп жауап қатты Қанат Мұсаев.
Оның сөзінше, ағымдағы жылдың 10 айында адамдарға жарақат салған 143 ит, 1 мысық, 3 шибөрі, 3 сиыр, 4 жылқы, 2 есек, 2 уақ мал бақылауға алынған. Сондай-ақ 3 ит, 1 түлкі, 2 шибөрі, 2 сиыр аудандық ветеринариялық зертханаға құтыру ауруына күмәнді ретінде жеткізілді. Зерттеу барысында сау екені анықталды. Жыл басынан бері иесіз 1851 ит пен 104 мысық ауланып, комиссия мүшелерінің жасаған актісіне сәйкес кенттен 70-80 шақырымда орналасқан арнайы белгіленген орынға (биотермиялық шұңқырға) тасталып, көздері жойылды.
Осыдан соң жедел-жәрдем меңгерушісі Әлібек Жиенбаевты сөзге тарттық.
– Жыл басынан бері адамды ит тістегені жөнінде бізге 4 факт тіркелді. Оның ішінде 3-і жасөспірім болса, 1-і ересек адам. Олардың барлығына тиесілі емдік шаралары көрсетіліп, тұрғылықты жері бойынша 12 күн бойы бақылауға алынды. Құтырған ауруы бойынша әзірге факт тіркелген жоқ», – деп жауап қатты ол.
Сала мамандарының сөзінше, биыл ит қапқаны жөнінде факті саны былтырғымен салыстырғанда артқан. Содан болса керек-ті кенттегі Саяжай, МАИ бекеті, Ипподром, Қорғантоғай аймағында, Мұсаханов, Көкенов көшесінде көптеп кездеседі. Осы көше тұрғындарынан қаңыбас ит-мысыққа байланысты арыз-шағымдар көп түседі. Мұны кент әкімдігі аппаратының бас маманы Алмагүл Мамирова растады.
– Сәуір айында 8 арыз-шағым тіркелді. Көше бойында жүрген қаңғыбас, бұралқы иттерді атуы жөнінде Қ.Алдабергенұлы көшесі №164 үйдің тұрғыны Маржан Мейірбековадан өтініш түсті. Ол кісінің өтініші қанағаттандырылып, «Ветеринария туралы заңына» сәйкес жұмыс жасалды. Ал жыл басынан бері телефон арқылы 113 шағым тіркелді. Қазір аудандық ветеринария бөлімімен бірігіп жұмыс жасаудамыз, – деді бас маман.
Жалпы қаңғыбас иттер жергілікті тұрғындар үшін қауіпті, өйткені олар инфекциялық ауруларды тасымалдайды, құтырып кеткен кезінде тіпті қауіпті. Үйсіз-күйсіз жүрген иттерді әр ел әртүрлі жолмен игереді. Германияда «Жануарлар құқығы» қатаң бақыланады. Мысалы итті көшеге шығарып тастасаңыз, 25 мың евро айыппұл төлейсіз. Италияда итті иесіз қалдырсаңыз бір жылға темір торға тоғытылуыңыз мүмкін. Қазақстанда үй жануарларына байланысты нақты заң жоқ. Иесіз ит-мысықтың көбейіп кетуіне бұлда әсер ететіні анық.
Иесіз иттерді құрықтауға қыруар қаржы бөлініп, қанша құрықтаса да азаяр түрі жоқ. Бізбен тілдескен кент тұрғындарының ортақ пікірі осы. Әзірге айтарымыз, топтасып жүрген ит-мысықты көргенде сақтық шараларын ойлаған дұрыс...

Лаура БИБАСАРОВА
23 қараша 2019 ж. 1 246 0