“Бір қадам алға!”
Жаңаша оқыту бағдарламасы бойынша мемлекеттік білім беру тұжырымдамасы – бүгінгі заман ұстазына қойылатын басты талап осы.
Жақында Қазақстан мектептеріндегі оқу ісі меңгерушілері болып “Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығында курстан өтіп, “Жаңартылған білім беру жағдайында мектептің инновациялық дамуын басқару” бағытында іс-тәжірибелерін байытып оралды. Біз осы сапары жөнінде ұстаздың алған әсерін бөлісуді сұраған едік.
– Өте үлкен әсер алып, зор күшпен қуаттанып оралдым, – дейді ол бізбен әңгімесінде. Қазір жаңартуға байланысты білім саласында үлкен реформалар жүруде. Оның бағдары: қайткенде оқушы жетістіке жетеді, көшбасшылық ойлау, зияткерлік деңгейге қол артады. Санның сапаға көшуі, халықаралық стандарттар деңгейінде білім беру мәселелерін қамтиды. Түйіндей келгенде, түпкі мақсаты біреу: Қазақ баласы әлемдік деңгейде білім алуы тиіс. Осы бағытта жаңартылған бағдарламаның өзімнің төл пәнім – қазақ тілін оқытудағы тақырыптық ерекшелігіне зер салайық. Оқулық – тек ресурс. Мұғалім – бағыттаушы. Оқытудың жаңаша технологиясымен бір пәнге басқа пәндерді кіріктіру арқылы оқушы ой-санасына жан-жақты білім нәрін егуі тиіс. Қазақ тілінде фонетиканы, лексиканы, пунктуацияны талдауда математика, тарих, география, биологияның, тіпті халықтың салт-дәстүрі сынды құндылықтары қоса өріліп, кең білім көкжиегіне жол ашылуы хақ. Бала осы бағытта сурет те салады. Осылардың барлығын кең қамти отырып, грамматиканы, сөз жасамдарын, төл сөз, төлеу сөзді, автор сөзін, яғни сөздің жасалу жолдары туралы түсінік беру мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Өзіміз оқыта алмағанды оқулықтан көрмеу керек. Дәстүрлі оқытуды қанша аңсағанымызбен, өткен әдіспен оқыту – ертеңді ұрлаумен тең. Бүгінгі ұран: “Бір қадам алға!”
Оқу курсынан өту барысында Алматы қаласындағы №192 орта мектебі базасында іс-тәжірибе алмастық. Гуманитарлық-жаратылыстану пәндерін кіріктіре оқытудың шынайы жетістігі СТЕАМ бағыты бойынша білім алып жатқан, жаңаша ойлай білетін креативті жастардың білім деңгейіне нағыз көзіміз жетіп, шын сүйсінгенімізді жасыра алмаймын.
Бұл дегеніміз, математика, өнер, тарих, инженерлік технология пәндерін кіріктіре оқыту арқылы білімді ұрпақ тәрбиеленіп жатыр деген сөз, – деп жан-жақты түсінік берген таңдаулы ұстазға “Жақсы ұстаз деген кім?”, “Таңдаулы мектеп деген не?” деп сауал тастадық.
– Таңдаулы мектепті таңдаулы ұстаз қалыптастырады. Мұғалімі мықты болса бала басқа мектепті іздеп жатпас еді. Ұстаз балаға жүрегімен берілуі керек. Оның ертеңін, обал-сауабын ойлап тұрса одан ешнәрсесін аянып қалмайды. Мұндай шынайы ықыласты бала жүрек те сезеді.
Ондай ұстазын ол ешкімге де айырбастағысы келмейді. Ата-ана мектеп таңдамайды, мұғалім таңдайды. Әр ұстаз осыны естен шығармаса екен, – деп жауап берді.