№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қарияға баспана тарту етті

Қарияға баспана тарту етті


Қайырымдылық деген қасиетті істің көрінісі Қыраш ауылында көрініс тапты. Жетпістің қырқасынан асқанша әр жерде көшіп-қонып тіршілік еткен Өтешбек Омарұлына арналған баспана аудандық мәслихат депутаты, меценат Әлібек Нәлібаевтың демеуімен бой көтерді.


Осы үйдің кілтін тапсыру салтанатында сөз алған қосүйеңкілік Амантай Досжанов көпшілік алдында рахметін жет­­кізді.
Мұнан кейін ауданның бас имамы Сейдулла қажы Омаров, жаңарықтық Әбдіхалық қажы Реметов, белгілі қалам­гер Алмас Бекжігітов пен Қыраш ауылдық округінің әкімі Сәруар Биімбетов жылы лебіздерін білдірді.
Әбдіхалық қажының мына сөзі жүрекке жылы естілді. Ертеректе бір ірі теңізші-саудагер өз кемесімен теңіз жағасындағы қалаға тоқтайды. Бал сататын жиһангезге қарт міскін келіп: – Уа, саудагер, рақым етіп, бал беріңіз. Отбасымның жағ­дайы мүшкіл дейді. Саудагер оны бос қайтарады. Қарт кеткеннен кейін саудагер қызметшісін шақырып:
– Қарттың соңынан ер. Барып тұрмыс-жағдайын біл, – деп тапсырма береді.
Бәрін көзімен көрген қызметші:
– Қожайын, қарт шынында кедей тұрады екен, – деп баяндайды.
Мән-жайды анықтаған саудагер қарт­тың үйіне бір бөшке бал беріп жібереді. Бұған таңғалған қызметші:
– Қожайын, әлгінде қартқа бір кесе балды қимап едіңіз, енді бір бөшкесін жібердіңіз, – дейді.
Саудагер байыппен қарап:
– Бір кесеге бал кемімейді. Егер оған бір кесе берсем, өзге саудагерлер «Мынау сараң екен» деп күлкі етер еді. Соңы біліп жағдайын білуді ұйғардым. Оған бір кесе бал ары кетсе бірнеше күн ғана жетеді. Сондықтан толымды қайырымдылық жасағым келді, – депті.

Біз белгілі кәсіпкер, меценат Әлібек Машбекұлын әңгімеге тарттық.
– Өтешбек ағаны жастайымнан білемін. Мал шаруашылығына еңбегі сіңген азамат. Бірақ отбасын кеш құрып, пәтер жағалап жүрді. Қазір ұл-қыздары есейіп қалды. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» демей ме? Ағамды үйлі етуді ойлап, осындай қайырлы іске ұйытқы болдым, – дейді меценат.
Қазіргі кезде әрбір адам жылы сөзге, мейірімге мұқтаж, өзгелердің көмегіне зәру. Жақсылық жасау — имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Оған бүгінгі Әлібектің қайы­рымдылық ісі нақты мысал.
«Қайыр етсең – бүтін қыл» дегендей Өтешбектің шаңырағындағы жиынды Әлібек Машбекұлы өз мойнына алыпты.
Өтекең түтіні түзу ұшуына дем берген Әлібек Нәлібаевқа, үй құрылысына белсенді қатысқан құрылысшыларға, оларды басқарған Жамбыл Тайлақұлына алғысын жеткізді.
Қамшының сабындай қысқа өмірде шама-шарқың келгенше аялы алақан мен жан жылуын аңсайтын жандарға қол ұшын бергенге не жетсін! Қыраштағы қайырымды істен осындай ой түйіп қайттық.
Әсілі, Жаңақорғанда дәулеті асқан, байлығы тасыған бай-бағландар аз емес. Олар даңғыза-дақпыртқа бәсекелесіп жататынын көріп, біліп, естіп жүрміз. Бірақ игілікті істе жарысуға құлықсыз. Әлібек Нәлібаевтың жасаған қайырымды ісімен жарысса, қанекей!..

Ерубай ҚАЛДЫБЕК
20 қараша 2019 ж. 562 0