Жиналмалы бесікке сұраныс жоғары. Бірақ...
№55 С.Қожанов атындағы мектептің 8 сынып оқушысы Мақсат Маратұлын қатарластарынан озық, қабілетті деуге болады. 5 жасынан әкесінің шеберханасында қолөнерге икемделе бастаған жастың қолынан құнды бұйымдар шықты. Соның бірі – жиналмалы бесік.
Біз де өз кезегінде нәресте жататын ағаш төсектің тиімді түрін ойлап тапқан жас шебердің құнды туындысын көрмекке Ақүйік ауылдық округіне бардық. Шынында, үш бұранда арқылы жиналып құралатын бесіктің бір ерекшелігі – шегенің ізі жоқ. Қарағай ағашынан жасалған барлық бөлшектері бір-біріне кертіктер арқылы бекітілген. Сәнді болуын емес, сапалы болуына аса мән бергенін айтты. Бұл бесікті құрау және жинау, әйел адамның шамасына шақтап жасалған. Құрауға да, пайдалануға да ықшам да қолайлы. Қазіргі таңда бұл бесік түрі макет түрінде жасалып мектеп көрмесінде тұр екен. Лицензия алып үлгермеген жас шебердің ендігі күдігі авторлық еңбегі бөгде біреудің меншігіне кетпесе дейді. Қолданысқа қадам баса алмай жатқан шебердің қос аяғын тұсаулап тұрған ағаш токарь-білдегі. Бұл бесік түрі тұтастай осы құрылғының көмегімен бітеді. Мектеп құзырындағы шеберханадан шыңдалып жүрген шебердің ендігі арманы – ағаш өңдейтін білдекті қолға түсіру.
– Әкемнің осы сала бойынша мектепте сабақ бергені менің бойыма сіңірген тәлімі болу керек, ағаштан бұйым жасауға деген құмарлығым күннен күнге арта түсті. Ізденіс үстінде жүргенді жақсы көремін. Жақында ғана жасап шыққан жиналмалы бесігімді патенттеп алғым келеді. Бұл бесіктің ерекшелігі, жолға шыққанға өте ыңғайлы, жинасаңыз ықшамдалып, шағын сөмкеге сыйып кетеді. Алдағы уақытта қолданысқа шығарамын, – дейді жас қолөнер шебері.
Өнерге құрметі шексіз ізденімпаз Мақсаттың басқа да бұйымдары ауылдық көрмеде көш бастап тұр. Ағаштан жасалған тікұшақ, автокран, шағын автокөлік пен эксковатор, аталып өткен туындыларын додаға салып топ жарып жүлделі болғандарын да айта кеткен жөн. Ауылдық, аудандық, облыстық қолөнер жарыстарын жағалап жеңімпаз болған жас шебердің туындыларына ел тәнті. Оның жетістіктері де аз емес. Атап айтсақ, «Жас техник-2019» аудандық байқауында дара шықты. Ал, Техникалық шығармашылық және өнертапқыш облыстық байқауында екінші орынды қанжығасына байлады. «Жастар, ғылым, техника» атты Астанада өткен республикалық байқауында екінші дәрежелі дипломмен марапатталды.
Талабы мол Мақсаттың ендігі арманы, қазірде қат болып тұрған қолөнер шеберлігін биік шыңға шығару. Бойында булыққан бұйым жасау өнерін арнайы оқу орындарына түсіп, шыңдасам деген ниеті бар.
Жылтырақты жауhар, кесекті гауhар деп бағалайтын балалық кезеңінде дүйім жұрт бұйымтайын айтып балтасына дейін жасатып алатын жас шебердің өзге балалардан өнегесі биік. Ұлдарымыз ұялы телефонға телміріп, телеэкранның төріне шыққан бүгінгі заманда, ағаш өңдеу өнері балаларды электронды гаджеттерге әуес болудан қорғайтын кішігірім жол деп аңғаруға болады.
Ал Мақсатқа Жаратқанның берген шеберлігі шыңына жетсе екен дейміз.
Айжарқын САДЫБАЙҰЛЫ