№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қыркеңселіктердің қуанышы

Қыркеңселіктердің қуанышы


«Береке – бірлігі бар елдің базары, еңбекке деген назары» десек, дала Академигі Ыбырайдың «Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана. Ысырапсыз жинап алу – мәре» деген қанатты сөзі жадымызда жаңғырып тұрады. Сол айтқандай, егіншісі мәрт, жері жомарт – Әбдіғаппар ауылының дала еңбеккерлері «Алтын дән-2019» мерекесін толағай табыспен қорытындылады.


Қыркеңселік ағайынды берекесі мол «Алтын күз» шарасымен құттықтай келген аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков:
– Соңғы жылдары Сыр өңірінің дала еңбеккерлері астық жинауда рекордтық көрсеткіш көрсетіп келеді. Биыл да олжалы жыл болды. Қамба астыққа толды. Сыр диқандары 87,9 мың гектар күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 530,5 мың тонна дәнді дақыл құйды. Енді міне ырыс пен берекеге толы күздің ең жарқын мерекесі «Алтын дән» мейрамына келіп, дала еңбеккерлерінің жұмысын таразылап, абыройын асырмақпыз. Өздеріңізге белгілі, Жаңақорған ауданының потенциялы жоғары. Оның дәлелі, 2017 жылы «Үздік аудан», 2018 жылы «Озық аудан», 2019 жылы «Озық аудан» номинациясына лайықты болды. Әрине, мұның ішінде, Әбдіғаппар ауылының да үлесі басым. Оған қоса, мұндай табыс аспаннан түспегені белгілі. Биік тұғырдан көріну жолында сіздер де ерен еңбек сіңірдіңіздер, – деді.
Мұнан кейін ауыл әкімі Тәттімбет Тұрғалиұлы Әбдіғаппар ауылының диқандары үшін биылғы жыл табысты болғанын сөз етті. Әкімнің айтуынша, биыл 954 гектар жерге күріш, 367 га күздік бидай, 30 га картоп, 50 га бақша дақылын, 605 га жаңа жоңышқа ексе, 1591 гектар жердің ескі жоңышқасы күтімге алынып, одан тиісінше мол өнім алуға қол жеткізілген. Әрине, диқан еңбегі – қашанда марапат мінберінің алтын тұғыры. Ауданның ауыл шаруашылығы саласын өркендетіп, тынбай еңбек еткен егінжай ерлері қашанда мақтауға лайық.
Соның айқын бір дәлелі – қыркеңселік шаруалардың еңбегі елеусіз қалмаған. Мәселен, Сыр маржанын өсіруден жоғары өнім жинаған «Мырзабай» шаруа қожалығының төрағасы Әлмахан Мырзабаев жыл қорытындысы бойынша облыс әкімінің «Құрмет» грамотасын алған. Ал ауданда өткен «Алтын күз-2019» мерекесінде «Агросервис Жаңақорған» ЖШС егіс бригадирі Жақсан Қабетенов өзіне бекітілген 259 гектар күріштің әр гектарынан орташа 45 центнерден өнім алып, «Үздік бригадир», «Маржан» шаруа қожалығының күріш өсірушісі Арынғазы Ақбалаев 50 гектар күріштіктің әр гектарынан орташа 69 центнерден өнім алып, «Үздік күріш өсіруші» және «Тұрсынбек» шаруа қожалығының подборщик-комбайнеры Қанат Әбдіхалықов 954 тонна астық бастырып «Үздік подборщик» номинациясы бойынша аудан жеңімпазы атанған.
Мұндай марапат мезіреті ауылда да жалғасын тапты. Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Жарқынбекұлы мен Тәттімбет Тұрғалиұлы бірқатар сала еңбеккерлерін марапат биігіне шығарды. Олардың қатарында ветеринария саласына қосқан үлесі үшін Азамат Ілесбаев, білім саласындағы жетістіктері үшін №213 орта мектебінің мұғалімі Роза Пошай, ауылдық округтің жастар істері жөніндегі маманы Тәліпбек Тайбек және ауылдық клуб үйінің директоры Өмірсерік Бейсенбиев ауыл әкімінің «Алғыс хаты» мен бағалы сыйлықтарына ие болды.
Сондай-ақ еңбек ардагерлері Балтабай Оразбаев, Еркін Үсенбаев пен ауыл имамы Әбдірәсіл Керімханов, ақ жаулықты ардагер аналар Қамар Үсенбаева, Айымтай Әжібаева мен Зүбайра Оспанова мерекелік лебізін білдіріп, ауыл берекесі арта беруіне тілектестігін жеткізді.
– Біз осыдан жарты ғасыр бұрын егіс ектік. Ол кезде жер инженерлік жүйеге келтірілмеген болатын. Шыны керек, жұмыстың көбі қолмен атқарылды, бірақ біз қиыншылықтардан қорықпадық, қайта жігерлене еңбек еттік. Атақ пен абырой биігінен көріндік. Баршаңызға бүгінгі дала еңбеккерлерінің мерейлі мерекесі құтты болсын! Молшылық мерекесі барша қауымға берекесімен келсін. Сыр елі – қашанда ырыс пен несібенің елі. Қамба толық болса, ел тоқ, – деді Айымтай Әжібаева.
Шара соңы ауылдық клуб пен мектеп өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұласып, ауыл жастары спорт түрлерінен өз бақтарын сынады.
Иә, түйіндей айтқанда, бұл да бол­са, күз маусымының қашанда береке мен молшылық айының нышаны екенін айғақтайды. Сонымен қатар, қазақта «шаруа кісіні қыдыр тұт, сақы кісіні қадір тұт» деген деген аталы сөз бар. Пайымды сөздің парқына үңіліп, алты ай жаз дала қосында дамыл көрмеген еңбеккерлердің ерен еңбегіне берілген баға екенін ұғасыз. Осындай қанатты ойдан қанат қақтыратын жаңақорғандықтар диқанға да, малшыға да зор құрметпен қарап, еңбегін адал бағалап үйренген. Біз мұны Әбдіғаппар ауылы орталығында өткен «Алтын дән-2019» мерекелік шарасынан түйдік.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК
29 қазан 2019 ж. 619 0