№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Аймақ басшысы "Алтын күзге" арнайы келді

Аймақ басшысы "Алтын күзге" арнайы келді


Аграрлық сектор – экономиканың қозғаушы күші, десек те өнімді таразылайтын уақыт – берекелі күз айы. Содан болар «Алтын күз – 2019» мерекесін асыға күтетіндер көп. Биылғы мереке жылдағыдан ерекше өтті. Себебі облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов салтанатты шараға арнайы қатысып, дала еңбеккерлеріне алғыс білдіріп, үздіктерді марапат биігіне шығарды.

Той тартуы әдеттегіше жәрмең­кеден басталды. Аудан тұрғындары Амангелді Иманов көшесінде орын тепкен ауылшарушылық өнім­дерін сатып алуға асықты. Базар нарығынан 15-20 пайызға төмен сатылған өнімдерге сұраныс жоғары болды. Жәрмеңкеде бақша дақылдары мен диірменнен шыққан биылғы күріштер басым болды. Қаз-қатар тізілген сауда қатарында қарбыз, қауынның келісі 80 теңге, пияз 50, картоп 70, сәбіз 80, күріштің «Элита» сорты 200, алма 200-250, құрма 300 теңгеден сатылды.
Жәрмеңкеге кейдендік Ұлпаш Төлеуова ұлттық тағамдарды молынан әкепті. Құрт пен ірімшіктің келісін 800, қаймақты 300-500 аралығында, ал айранның бір литрін 280 теңгеден сатты.
Аудан әкімі Сұлтан Мақашов бастаған бөлім басшыларынан құралған топ жәрмеңкенің алғашқы қадамын бақша өнімдерін аралаудан бастады. Аудан басшысын «Тоқтамыс» шаруа қожалығы әкелген алмасы қызықтырды.
Алманың түрі, сорты ерекше екенін бірден байқаған әкім:
– Қай жақтың алмасы? – деді.
– Жергілікті алма. Сорты – семерянка. Дәмі де ерекше. Келісі 200 теңгеден. Бүгінгі жәрмеңкеге 600 келі алма алып келдім. Таң атпай басталған саудадан аз ғана қалды, – деп жауап қатты шаруашылық төрағасы Жалбызбай Итаяқов.
Одан әрі ауыл-ауылдан келген ауылшаруашылығы өнімдерін ара­лап, шаруа қауыммен тілдесті. «Қыстың қамын жаз ойла» дегендей тұрғындар қажетті өнімдерін қаптап тасыды.
Осы орайда кент тұрғыны Әсем Айдарқызын сөзге тарттық.
– Өзім көпбалалы анамын, жылда осы жәрмеңкеде қаппен картоп, сәбіз, күрішті аламын. Біршама уақытқа жетеді. Мен сияқты жас отбасыларға нарық бағамынан төмен сататын осындай жәрмеңке жиі өткені игі, – деп тілегін жеткізді ол.
Осы күні жәрмеңкеге 42 көлік, 317 тонна азық-түлік келді. Жалпы 8 млн. теңгенің өнімі тұрғындарға ұсынылды. Осылайша сенбінің таңында басталған жәрмеңке түске дейін жалғасын тауып, көпшілік қауымды қысқы азықтан қысылмай шығуына мүмкіндік жасап, тұрғындардың шарапатына бөленді. Ең бастысы сатушы да, сатып алушы да дән риза.
Орталық алаңда салтанат шарамен жалғасты. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің әртістері күз мерекесімен идеялас театрландырылған қойылымын ұсынса, өнерпаздар әуезді әннен, күмбірлеген күйден, биден шашу шашып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Молшылық мерекесін аш­қан облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы:
– Соңғы жылдары Сыр өңірінің дала еңбеккерлері дәнді дақыл жинауда рекордтық көрсеткіш көрсетіп келеді. Биыл да олжалы жыл болды. Қамба астыққа толды. Сыр диқандары 87,9 мың гектар күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 530,5 мың тонна дәнді дақыл құйды. Енді ырыс пен берекеге толы күздің ең жарқын мерекесі «Алтын дән» мейрамына келіп, дала еңбеккерлерінің жұмысын таразылап, абыройын асырмақпыз. Жаңақорған ауданының потенциялы жоғары. Оның дәлелі, 2017 жылы «Үздік аудан», 2018 жылы «Озық аудан», 2019 жылы «Озық аудан» номинациясына лайықты болды. Әрине, бұл – дала еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегі мен қажыр-қайратының нәтижесі. Бүгінде Жайылманың қарбызы Қызылорда облысының брендіне айналса, Кейдендегі жүгеріден жасалған «Кәусар» сусынына да сұраныс жоғары. Жерден ырзығын тауып, көптің несібесін арттырған азаматтарға алғысым шексіз, – деді.
Одан кейін аймақ басшысы еңбек озаттарын марапат биігіне шығарды. Облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» күріш дақылының «Ай-Керім» сортын өндіріске енгізген «Агротехнология» ғылыми-өндірістік шаруа қожалы­ғының төрағасы Ахметжан Егізбаевқа, ауылшаруашылығы сала­­сы­ның даму­ына үлес қосқан «Мырзабай» шаруа қожалығының төрағасы Әлмахан Мырзабаевқа табысталды.
Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» 265 гектар күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім алған «Ынтымақ» ЖШС-нің егіс бригадирі Жақсыбек Қабеденов, егін шаруашылығында жоғары көрсеткішке қол жеткізгені үшін «Исмат» шаруа қожалығының төрағасы Қамбар Садықов, 87 гектар күріштің әр гектарынан 80 центнер өнім алғаны үшін «Отан» шаруақожалығының төрағасы Сәкен Ерімбетов, аудан көлемінде өтетін шараларға белсенді қатысқаны үшін ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Дәулет Оразбаев марапатталды.
«Үздік ауылдық округ» номи­нациясымен Келінтөбе ауыл­дық округінің әкімі Жақсылық Әбілқайыров, «Үздік шаруашылық» номинациясымен «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы Құлмағамбет Исаханов марапатталды.
«Озат күріш өсіруші» аталымы «Агротехнология» ғылыми-өндірістік шаруа қожалығының күріш өсірушісі Мұхтархан Барышовқа, «Озат бидай өсіруші» номинациясы «Дәуіржан» шаруа қожалығының бидай өсірушісі Әбдрахман Сапарбаевқа, «Озат жоңышқа өсіруші» номинациясы «Жаңа жол» шаруақожалығының жоңышқа өсірушісі Қамардин Қашқыновқа берілді. Сондай-ақ «Озат мақсары өсіруші» аталымы «Өзгент-С» шаруа қожалығының мақсары өсірушісі Әбдірайым Тілеубергеновке, «Озат бақша өсіруші» номинациясы «Балапан» шаруа қожалығының бақша өсірушісі Ғабит Мелденовке, «Озат көкөніс өсіруші» номинациясы «Нұр» шаруа қожалығының көкөніс өсірушісі Нұрахмет Романкуловқа табысталды. «Озат картоп өсіруші» номинациясымен Перуза Төлепбаева, «Озат астық өсіруші» номинациясымен «Ислам» шаруа қожалығының астық бастырушысы Сүндет Құрымбаев, «Озат дестеге жығушы» номинациясымен ««Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» ЖШС-нің дестеге жығушысы Шамшидин Мамытов, «Үздік су торабы» номинациясымен «Жаңақорған сушар» өндірісітік учаскесінің аға инженері Ғабит Нұрбеков, «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясымен Бал­мұхам­мед Әбжаппаров, «Үздік тілші» номинациясымен «Жаңақорған тыны­сы» газетінің фото-тілшісі Жасұлан Сейдеметов марапатталды.
Күз мерекесі еңбек адамдарын марапатпен марқайтып, қарапайым тұрғындарды нарық бағасынан арзан өніммен кеңелтті. Қысқасы, көпті қуанышқа бөлеген игі шара болды.

Лаура БИБАСАРОВА
22 қазан 2019 ж. 1 445 0