№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ИННОВАЦИЯ ӨНІМДІЛІККЕ ЖОЛ АШАДЫ

ИННОВАЦИЯ ӨНІМДІЛІККЕ ЖОЛ АШАДЫ

Тұңғыш Президенттің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының негізінде қазір ауыл шаруашылығын жаппай цифрландыру біртіндеп жүзеге асып келеді. Оның ішінде, аталған секторды жаңа технологияға негіздеу мақсаты тұр. Өйткені экономиканың тірегі саналатын агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру арқылы ел табысын еселей түсу – маңызды міндет. Бүгінде көптеген дамыған елдер бұл салада озық цифрлы технологияның игілігін көруде.
Жақында облыс әкімінің қолдауымен Бесарық ауылындағы Қаратау беткейіндегі жерлерге богарлық әдіспен ауыл шаруашылығы дақылдарын егу арқылы жер ресурстарын тиімді пайдалану, мал шаруа­шылығын құнарлы мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында алқалы семинар өтті.


Басқосудың Бесарықта өтуі де бекер емес. Өйткені көктемде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Ы.Жақаев атындағы ғылыми зерттеу институты бірлесіп, Бесарық ауылдық округі аумағында 5 гектар жерге майлы және дәнді дақылдарды облыстағы тың жаңалық ылғалсақтағыш технологияларды қолданып егу жобасын қолға алған болатын.
Нақтырақ айтқанда, наурыз айында «Беса­рық» шаруа қожалығының базасында таңдал­ған жерлер өңделіп, аталған дақылдар ылғал­сақтағыш «ZEBA» аквагелімен бірге себіліп, күтімге алынып, институт ғалымдарының ұдайы бақылауында болды. Бүгінгі таңда аталған дақылдар үстеп қоректендіріліп, бидай дақылы қамырлану, мақсары гүлдеу процесінде тұр. Мамандардың пікірінше, дақылдардың пісіп жеті­лу мерзімі қалыпты.
Аталмыш инновациялық жобаны Жаңақорған, Шиелі ауданының шаруашылықтарына жан-жақты түсіндіру, пайдасын салыстыру және көрсету мақсатында өткен далалық семинарға аудан әкімі Ғалым Әміреев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов, институт ғалымдары мен шаруашылық құрылымдары қатысты.
– Қазіргі қарыштап дамыған заманда «смарт» ұғымы сөздік қорға енді. Жаһан жұрты жаппай осы озық технологияға ұмтылуда. Сан салаға «смарт» ұғымын енгізіп, қырағылық пен шапшаңдыққа бейім қоғамды қалыптастыруда. Көшке ілесу керек. Мемлекеттің де межесі сол. Елбасы Жолдауында қоғамның барлық саласын цифрландыру, заманауи техниканы ендіру жайы кеңінен айтылды. Әсіресе агроөнеркәсіп кешеніне «ақылды технологияны» енгізу мәселесі күн тәртібінде. Яғни бағдарламалық құнды құжатта айтылғандай, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдау, «ақылды суару», жүргізушісі жоқ техниканы пайдаланып, адами факторды азайтып, егіншіліктің өзіндік құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік беретіні белгілі, – деді аудан басшысы Ғалым Махмұтбайұлы.
Өз кезегінде ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары ылғалсақтағыш «ZEBA» аквагелі жайлы кең түсінік берді. Ғалымдардың айтуынша, бұл американдық технология. Бағасы да қолжетімді. Негізі атқаратын жұмысы – 1 грамм аквагель өзінің бойына 500 есе артық су жинайды. Яғни, ерте көктемде жауған жаңбырдың ізімен тұқыммен бірге сеуіп тастаса болғаны.
Небәрі 5-7 см. тереңдікке түссе, жазда өсімдік тамырының қасынан ылғалдандырып тұрады екен. Бұл экономикалық жағынан да тиімді технология екенін түсіндірді. Әрі жыл сайын сырдың суына иек арта бермей, Қаратау беткейде жатқан иең даланы игерудің тамаша тәсілі. Семинарға қатысқан шаруа қожалық иелері аталмыш аквагельге қызығушылық танытып, келесі жылға жоспарларына енгізетінін жеткізді. Дала күні кеңесі соңында, инновациялық жобаны әрі қарай дамытып, богарлық әдіспен егіс көлемін ұлғайтуға Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен аудан әкімдігі қолдау көрсететін болып уағдаласты.
Иә, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін дамытуға даңғыл жол ашады. Себебі бүгінгі заман – жаңалықты һәм жаңашылдықты талап етеді. Инновациялық жобаларды игілігіңе икемдей білсең, ол да бір жетістік.

Самат ОҢҒАРҰЛЫ.


25 маусым 2019 ж. 985 0