№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Камералар тәртіпті күзетеді

Камералар тәртіпті күзетеді

Жаңақорған кентіндегі көшелердің бойына 360 градустағы бейнені бақылайтын камералар орнатылып, іске қосылды. Енді автокөліктердің қауіпсіздік белдігін тақпау, бағдаршамның қызыл түсінен өту, автокөліктің жарығын жақпау, қарама-қарсы жолмен жүру және т.б жолда жүру ережесін бұзғандар айыппұл арқалайтын болады. Сондай-ақ, көше тазалығына мән бермегендер, яғни қоқыс тастаған тұрғындар әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айыппұл төлейді.

Биыл жол көлік оқиғасы жиілеп, салдарынан адам шығыны көбейді. Жарақат алғандар саны артты. Жыл басынан бері Қызылорда облысы бойынша 57 адам жол-көлік оқиғасынан қаза тауып, 371-і түрлі дене жарақатын алған. Адам өліміне әкеліп соқтырған ауыр апаттың жетеуі Жаңақорғанда орын алды.
Көлік апаты тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде де үлкен мәселеге айналды. «Автокөлік өлімі» әлем бойынша қатерлі ісік пен жүрек-тамыр ауруларынан кейін үшінші орынға шықты. Біріккен Ұлттар Ұйымының баяндамасы бойынша, жылда 1,3 миллион адам жол-көлік апатынан қайтыс болса, күніне 3 мың адам көз жұмады, ал 20 миллион адам жол апатынан түрлі деңгейдегі жарақат алады. Дамыған елдерде соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының құрбандарының көрсеткіші орта есеппен 10 процентке артты.
Жол-көлік оқиғасын азайтуға мән берген Еуропа елдері көшедегі бейне бақылаудың көмегіне жүгінуде. Елорданың өзінде камераның көптігінен тәртіп бұзушылар азайғанын жиі естиміз. Әсіресе, «сергектің» серпіні күшті. Сол секілді Қызылорда қаласында да бейне бақылаулардың көптігі жол-көлік оқиғасының азаюына әсер етті. Осыны ескерген аудан әкімдігі жуырда қанша уақыт істен шыққан бейне бақылауларды іске қосты.
– Кентте барлығы 28 бейне бақылау орнатылды. Барлығы жұмыс істеп тұр. «Hikvision» маркалы камераларға жауапты кент әкімдігінде арнайы қызметкер бар. Біздің құзыретімізде тазалықты бұзған тұрғындарды құқық қорғау қызметкерлеріне тапсыру. Ары қарай айыппұлды тәртіп бұзғандар төлейді, – деді кент әкімінің орынбасары Жарас Мырзалиев.
Арнайы шара аясында бейне бақылау орнатылған алғашқы күні таңғы сағат 08.00-12.00 аралығында 50 құқық бұзушылық анықталып, құқық бұзған аудан тұрғындарының тұрғын үйіне айыппұл жолданды. Осыған орай әкімдік тарапынан әлеуметтік желілерде ескертулер жариялануда.
– Көлік тізгінін ұстаған жүргізушілер­дің жиі тәртіп бұзатынын естиміз. Әсіресе масаң күйде темір тұлпарды басқаратын жүргізушілердің әрекетінен неше түрлі оқиғаларды естиміз. Ал тазалық мәселесі бәрімізге ортақ дүние. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, біз бейне бақылаудан емес, өзіміздің ар-ұятымыздан қорыққанымыз жөн. Сондықтан туған өлкемізді таза ұстайық, – деді кент ардагері Тұрсынқұл қария.
Енді тәртіп бұзғандарды қандай жаза күтіп тұр. Соны тарқатсақ. Алдымен бейне бақылаудың рөлі қандай соны біліп алайық.
– Бейне бақылау орнатылған күннен бастап тәртіп бұзушылардың екпіні сейілді. Әрине әлі де тәртіпке бағынбайтын жүргізушілер жетерлік. Бақылау орнатылғаннан бастап бір апта ішінде 120 хаттама толтырылды. Әлі тұрғындар үйренісе алмауда, бірақ бір-екі рет айыппұл төлегеннен кейін түсінер деген ойдамыз, – деді аудандық полиция бөлімі ТҚ-ның есеп технигі Наурыз Қожахмет.
Айыппұлдың көлемі биыл өсті. Мәселен, жылдамдықты 10-нан 20 шақырымға дейін арттырғандар 12 025 теңге төлеп келсе, енді 12 625 теңге төлейтін болады. Тротуарда, гүлзарда, көгалда, балалар ойнайтын алаң мен спорт алаңдарында көлігімен тұратындар 24 050 теңгенің орнына 25 250 (10 АЕК) теңге төлейді. 2019 жылдан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бап, 8-тарауы бойынша ең жоғары айыппұл 200 АЕК, яғни 501 000 теңгеге жетті. Өткен жылы ең жоғарғы айыппұл соммасы 481 000-ді құраған болатын. Ал ең төменгі айыппұлдар әдеттегідей 2 АЕК-тен басталады.
– Айыппұлды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» арқылы және Электронды үкімет порталы, интернет банктер, терминалдар мен түрлі электронды әмияндар арқылы да төлеуге болады. Айыппұлды уақытында төлемесеңіз, іс сотқа жіберіледі. Қаулы шыққаннан кейін 1 ай ішінде төлеуге міндеттісіз. Әйтпесе жеке сот орындаушыларының түрлі кедергілеріне ұшырайсыз. Егер айыппұл көлемі 20 АЕК-тен асса, шетелге шыға алмайтыныңызды да қаперде ұстаңыз. Қазіргі таңда көлік ағынын бақылаудың автоматты жүйесі іске қосылды. Электронды планшеттерді және «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенін пайдалана отырып, әкімшілік айыппұл бойынша борышкерлер анықталады, – деді Жаңақорған АПБ-нің әкімшілік полиция бөлімінің аға лейтенанты Азамат Сансызбаев.
Бір қуантарлығы, 2018 жылы күшіне енген Қазақстанның әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне енген өзгерістерде жол ережелерінің бұзылуына қатысты айыппұлдың 22 түрі азайтылған. Аталған заң бойынша айыппұл жеті күннің ішінде төленсе, 50 пайыздық жеңілдік жасалады. Мәселен, жол жүру ережесіне байланысты ең төменгі айыппұл бұрын 6012 теңге болса, қазір 6312-ге жетті. Бұл – бір аптаның ішінде төлейтін айыппұлыңыз. Мұның толық бағасы – 12 650 теңге. Сондықтан, мүмкіндік болса қарызыңызды бір аптада төлеп тастауға үлгергеніңіз абзал. Сондай-ақ Қазақстанның әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 230-бабы, яғни, сақтандыру полюсі алынып тасталды.
Ащы да болса шындық жол ережелерін бұзатындардың арасында мемлекеттік қызметкерлердің көліктері жиі кездеседі екен.
– Жасыратыны жоқ, қызметтік көліктер жұмыстан тыс уақытта жай жүріп қана қоймай, ереже бұзады. Олармен де қатаң жұмыс жасаудамыз. Ал, балабақшалардың бала тасымалдайтын көліктері стандартқа мүлдем сай келмейді. Бұл да алаңдайтын жағдай. Қазіргі өзекті мәселенің бірі иесіз төрт түліктің кесірінен жол апаты да жиілеп барады. Тұрғындарға айтарымыз, қорадағы малына ен салып қойсаңыздар. Себебі, ертең жоғалғанда да бізге табу қиынға соғады, – деді аға лейтенант.
Аудандық мемлекеттік кірістер департаментінде 9947 автокөлік тіркеуде. Бұл ресми тіркелген көліктер саны, тіркелмегені қаншама. Қалай десек те, жол ережесіне мұқият қарау құқық қорғау қызметкерлеріне емес, өзіңіз үшін маңызды екенін ұмытпаңыз...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
08 қазан 2019 ж. 572 0