№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ұстаздар династициясы: Тұртанов әулетінің биігі?

Ұстаздар династициясы: Тұртанов әулетінің биігі?


«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмір алсам, ал, Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» деген екен Александр Македонский. Осы бір ұлағатты сөзден ұстазға деген шынайы махаббат пен құрметті тануға болады. 45 жыл ғұмырын педагог ретінде жас ұрпаққа арнаған Тұзақбай Тұртанов осындай құрметке лайық тұлға. Жарты ғасырға жуық еңбек жолында қаншама шәкірт тәрбиелеп, қиялына қатар бітірген ұстаздың дара жолы өнегеге толы. Бұл өз алдына, бүтіндей бір әулет мүшелерінің тұтас тәлімгерлікті түбегейлі түлетуі еріксіз сүйсіндіреді. Міне, бүгінгі айтылар ой елегі осыған саяды. Яғни, ұстаздар династиясы туралы қалам тербемекпіз.


Ауданның білім саласының дамуына өзіндік үлес қосқан ұстаз Тұзақбай Тұртанов ағамыз шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ұрпағына ұстаздық жолын ұлағат етуге де жан-тәнімен құштар болды. ХХ ғасырдың 90 жылдардағы тоқырау мен Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң кезеңде ағарту саласында білімді маман, білікті басшы бола білген Тұзақбай Тұртанұлы тек педагогтық қызметке ғана емес, спорт саласына да серпін берді. Өзі бала кезінен спортқа әуес болып, студент кезінде бокстан бірнеше жарыстан жүлдемен оралған екен. Бұл туралы университетте бірге оқыған досы, Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тумасы Серікбай Ағабековтен білдік.
– Мені спорт саласына жақын еткен Тұзекең болатын. Жатақханада бірге тұрған жылдары мені өзімен бірге боксқа ертіп барып жүрді. Бірақ менің табиғатыма велоспорт жақын болғандықтан, мен осы спортты таңдадым. Университет атынан талай сында топ жардым, тіпті ірі-ірі жарыстарға шақырту да алып жүрдім. Осындай биіктікте Тұзақбай досымның септігі көп тиді, – деді құқық қорғау саласының ардагері.
Ол 1943 жылы Өзбекстанның Самархан облысы, Жыззақ ауданында дүниеге келген. Қыраш және Ақүйіктегі мектепте оқыды. Аудан орталығындағы №51 М.Қаратаев атындағы білім ошағынан аттестат алып, Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түседі.
– Әкем еңбек жолын Ташкент қаласында бастады. 8 жылдық мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметінде жүргенде Совет Армиясы қатарына алынды. Әскерден соң атамекенге оралып, №55 «Бірлік» орта мектебіне дене тәрбиесі мұғалімі қызметіне орналасады. Осы жылдан бастап зейнеттік жасқа шыққанша ұрпақ тәрбиесі жолында қажырлы тер төкті, – дейді қызы Патима Тұртанова.
Тұзақбай Тұртанов өзі оқыған орта мектебінде, одан кейін мектеп жанындағы интернатта меңгеруші, 1971-1974 жылдары мектеп директорының әскери-патриоттық тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, одан соң Қыраштағы №180 «Қызылмақташы» мектебінде директор қызметін атқарды. Осы жылдар ішінде қаншама шәкіртке сапалы білім, тәлімді тәрбие берді. Көбі соңынан еріп, ұстаздық жолды таңдады. Бүгінде әріптес іні-шәкірттері ұстаз туралы тағылымды ой өрбітеді. Белгілі жазушы-драматург Жолтай Жұмат та Тұртановтың шәкірті. Ол ұстаз жөнінде толғанып:
– Болмысы бөлек еді. Сабырлы, білімді, ізденімпаз еді, жағымпаздық деген табиғатына жат болатын. Айтар сөзін қай кезде де қасқайып тіке айтатын. Ұстаз деген атты асқақтатып, биікке көтерген осындай рухының күштілігінен болса керек сірә, Тұзекең туралы трактат жаздым. Ағайдың спортқа деген жанашырлығына қатты қызығатынбыз. Өзім де спорт жолына талпынып көрдім. Мықты спортшы болмасақ та, сол кісінің ізімен жүрдік. Шүкір, жаман болмадық, әлі де құрмет төрінде келеміз, – дейді ағынан жарыла.
Иә, Тұзақбай ұстаз туралы шәкірттері оның өте талапшыл, принципшіл, қатал және ұйымдастырушылық қабылетін құрметпен айтады. Өзінің қатал талабын мұғалімдермен бірге оқушыларға да орынды қоя білетінін еске алады. Ал ол кісінің құрдасы, әрі әріптесі Зинабдин Шермағанбетов: «Өзімен-өзі томаға-тұйық жүретін, көп адаммен сырласа бермейтін жандарда көпшілік білмейтін ерекше қабілеттер болады. Тұзекең де сондай жандардың бірі болды. Ол тек мұғалім, тарихшы, директор, спортшы ғана емес, өзіне лайық ақындығы, тіпті әуесқой сазгерлігі де бар еді. Сомдалған құрыштай, нар тұлғалы азаматтың жүрегінде мұғалімге тән сезімталдықпен қоса, ақындық, сыршылдық жатыр екен-ау деген байламға келесің. Өйткені, өлең шумақтары мен ән әуендері сондай сыршыл да сезімтал жүректен ғана туса керек» – деп ой бөлісті.
Шығармашыл адам болғаннан кейін ұстаздың бірнеше мақалалары да газет беттерінен жарық көрді. «Басшы беделі неге төмендейді?» «Қартая білу де дәреже» сынды қоғамға айтар ойы бар мақалаларын оқырман іздеп жүріп оқыды. Осындай дарынды ұстаздың алған марапаты бір төбе. 1985 жылы артта қалған мектепті алдыңғы қатарға қосқан еңбегі бағаланып, «Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 31 жылдық жұмыс тәжірибесінде мектептің аты облыста, ауданда бірнеше рет жақсы жақтардан көрініп, беделді басшы, ұйымдастырушы екендігін дәлелдей білді.
2005 жылы «ҚР Конституциясына – 10 жыл» естелік медалімен, 2006 жылы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. 2010 жылы облыс әкімінің Алғыс хаты иеленді. Жары Анар екеуі ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген дана халқымыз. Әке жолын қуып ұстаз болған қыздары Айман қазақ тілі маманы, Лора ән-әуез пәні мұғалімі, Патимасы қазір ауандық білім бөлімінің мектепке дейінгі тәрбие әдіскері қызметін атқарып келеді. Ағайынды ініден туылған бауырлары да ұстаздың салада еңбек етуде. Самат есімді інісі Қыраштағы №180 мектепте дене тәрбиесінде мұғалім. Меруерт Шиеліде, Күмісай Қызылордада, Динара немересі Алматыда ұстаздық салада.
– Әкем өзінің 31 жыл басшылық тәжірибесінде тек жұмысының ілгері басуы, жүрген-тұрғанының адал болуы арқасында сыйлы болды. Жұмыс десе жанын беруге даяр, басқадан да осыны талап етті, жалқаулыққа, жайбарақаттыққа жаны қас еді. Ұйымдастырушылық қабілетіне қоса, адам танығыштығымен жауапты жұмыстарды ісіне, сөзіне берік, «табанының бүрі» бар талаптыларға тапсыра білді. Берген уәдесін еш уақытта ұмыт қалдырған емес. Кез келген тапсырманың орындалуын қатаң қадағалайтын. Жанын салып жұмыс істеп жүргендерді тез көріп, олардың еңбегін елеусіз қалдырмайтын, – деді қызы Лора.
Қорыта айтқанда, еңбексүйгіш­тігімен, ізеттілігімен көпке үлгі болған Тұзақбай Тұртановтың отбасындағы тәлімі келер ұрпаққа өнеге. Асыл қасиет пен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бар ғұмырын арнаған ардагер ұстаз әлі де тұғырында.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ


05 қазан 2019 ж. 984 0