№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мектеп мәртебесі жаңаруымен биік

Мектеп мәртебесі жаңаруымен биік


Сыр аймағындағы санаулы инновациялық білім ошағы санатындағы №195 Жайылма орта мектебінде білім беру талабы түгелдей жаңаша мазмұнға көшті. Оған ұстаздардың интеллектуалдық әлеуеті де, мектептің материалдық жағдайы да толық жауап береді. Қарапайым ауылдағы білімнің қарашаңырағында қарапайым тақтаны кездестіру қиын. Арнайы жабдықталған жиырма кабинетте жиырма интерактивті тақта жұмыс жасап, электронды тетікті басқарып, дүниенің төрт бұрышынан түгел хабар алғызған интернетті игілігіне жаратуды дағдыға айналдырған жайылмалық ұстаздар жүз пайыз жаңаша форматтағы деңгейлі курстарда білімін жетілдіріп, сақадай-сай әлемдік білім бәсіне көшті.

Тәлім тұғырының бір табалдырықта тоғысуы бөлекше болмысты нәтиже әкелеріне осы оқу ошағы арқылы көз жеткізуге болады. Тұлғаны тәрбиелеудің түрлі сатысы – тәй-тәй басқан балақаннан саналы азамат болып қалыптасқанға дейінгі тәлім арқауын қалт жібермей қадағалап, тұтас бірлікте басқарудың артықшылығы болар бәлкім, осы оқу ошағының қанатындағы шағын орталықта жаңа ортаға бейімделіп, мектепалды даярлық тобында әріп үйреніп, әдепті болып шығар балақандарға бастауышта білім баянды сабақтасып келеді.
Осындай «Сабақты ине сәтімен» жалғасып жатқан тұтас жүйенің шаруасынан шашау шығармай, шырболаттай шебер жүргізіп отырған білікті басшы Жанат Жүсіпова жаңа оқу жылының алғашқы қоңырау салтанаты мерекесінде ауыл халқы алдында сөз алып, ауданның сенімін арқалап отырған, өзгеше озық жағдай, жан-жақты қамқорлық қанат жайған қарашаңырақта ұстаздың да, шәкірттің де бәсі биік, жүзі жарқын болуына жол ашатын тағы да көп міндеттерді алға тартты.
Салтанат барысында ерекше ізденімпаздық, кәсіби құзыретімен аймақ ұстаздарының алдыңғы сапынан табыла білген химия-биология пәні мұғалімі Бану Дәнебекованы Ыбырай Алтынсарин атындағы медальді иеленуімен, робототехника пәні мұғалімі Оспан Ахметовты Білім министрлігінің «Алғыс хатына» ие болуымен құттықтады.
Биыл мектеп партасында 318 білімгер жаңа оқу жылын бастады. Бұған қоса мектеп жанындағы шағын орталықта 40 бүлдіршін, мектепалды даярлық сыныбында 40 бала тәрбиеленетін болады. Мерекеде осы орталықта білім-білігімен танылып, 1-сыныпқа қадам басқан қос бүлдіршін – Иса Айбек пен Әбітай Досымжанға алғашқы қоңырауды соғу құрметі бұйырды. 11 сыныптың үздік оқушысы Әли Мәди Мемлекеттік Туды көтеру мәртебесіне ие болды.
Биыл ҰБТ сынағына қатысқан 9 оқушының жетеуі жоғары оқу орнына, екеуі колледжге мемлекеттік грантқа оқуға түсті. Бұл мектеп мұғалімдерінің еңбегінің ақталғанының көрінісі. Осы орайда биыл зейнетке шығып отырған ардагер ұстаздар – бастауыш сынып мұғалімі Гауһар Әбдіхайымова, қазақ тілі әдебиеті пәнінің мұғалімі – Мейрамбек Нысанбековтер сөз алып, жас түлектерге сәт-сапар тіледі.
Жайылма ауылының әкімі Талғат Зейдалиев ауылдағы алтын ұя – мектеп табалдырығына енгеннен өзін шәкірт сезініп, ұстаздарға бас иетін кішіпейіл қадір-қасиетімен бүгін де адамзат тәрбиесінде еңбегі өлшеусіз ардақты мамандық иелеріне ауыл тұрғындары атынан зор ризашылық сезімін жеткізді.
Жұдырықтай жұмылған ұжым бірлігіне куә болып, жақсылығына ортақтасып келе жатқан жұртшылық үшін ауыл мектебінің жаңа күн парақтарынан да жарқын леп есетін тәрізді.

Баян ҮСЕЙІНОВА
03 қыркүйек 2019 ж. 606 0