Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бақыттың кілті – ілімде

Бақыттың кілті – ілімде


Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ» деген болатын. Бүгін қоғамдағы басты мәселе –
бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру. Мектеп бітірушілердің білім деңгейін қорытындылайтын ҰБТ жүйесінің биылғы жылы жаңа форматта ұйымдастырылуы да біздегі білім саласының жаппай модернизациялануының бір көрінісі болса керек. Еліміз қазіргі өркениет дамуының қарқынынан қалып қоймауы, жас ұрпақтың болашағы жарқын болуы үшін білім саласында жаңаша реформалар жүріп жатыр. Соның бірі – үш тілде білім беру ісін ұлттық тәлім-тәрбиемізбен үйлесімді түрде ұйымдастыру болып отыр. Осы жұмыстардың барлығында ата-аналар, мұғалімдер мен білім беру ұйымдары басшыларының ынтымақтастығы сынға түскелі тұр.
Биылғы жаңа оқу жылына аудан мектептері осындай жаңаша мазмұн, тың бастамамен кірісті. Өткен оқу жылының қорытындысында биік көрсеткіштерімен көш бастаған аудан орталығындағы №3 мектеп-лицейінің алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, білім ошағындағы соңғы жаңалықтарға көңіл қойып, көз қанықтыруды ұйғарған едік.
Соңғы бірнеше жылда білім кеңістігіндегі бәсі басым әлеуетімен әйгілі бола түскен үлгілі оқу ордасына баласын оқытқалы келетін ата-ана көп. Мұның өзі оқу жылының басында қалыпты климатқа қатты қиындық туғызады, десек те осындай сенімді ақтау мәселесі педагогикалық ұжымның қуат күші мен серпілісін одан әрі еселей түсетіндей.
Өткен оқу жылы қорытындысында білім ордасында 320 оқушы білім алса, 24 оқушы мектеп бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестке қатысып, бағын сынаған 19 оқушының 16-сы жоғары оқу орнына мемлекеттік грантты иеленіп отыр екен.
Алғашқы қоңырау салтанатында он бір жыл алған білімін ақтап, оқу орнының алдыңғы саптан танылуына дәнекер болған 2 Алтын белгі иегері Нұртай Гауһар мен Асылжан Қожамұрат, «Үздік аттестат» иегерлері Тайыр Гүлжайна мен Айжан Сайынбай сынды шәкірттерді баптап шығарған арнайы пәні мұғалімдері Орынханова Сәуле мен Әбенұлы Мадияр, бітіруші сынып тәрбиешілері Бақыт Біжікеева мен Шолпан Махамбетоваға мектеп директорының «Алғыс хаты» табыс етілді.
Мерекеге арнайы шақырылған қадірлі қонақтар қатарында ардагер ұстаздар Шолпан Мажитова, Гүлсім Ахметова сөз алып ұрпақ тағдыры жолында жауапкершіліктен танбайтын үлкен жүрек иелеріне тән шынайы тілектерін ортаға салды. Ата-аналар атынан Сәуле Ербосынова лебізін арнап, өзінің ұлы, Алтын белгіге үміткер Тайыр Иманғали сынды қаншама қабілетті өрендердің жетістігіне даңғыл жол салып берген тәлімгер қауымының қажырлы еңбегіне құрметін білдірді.
– Білімге деген көзқарастың жаңаруы – заман жаңарғанының белгісі. Жастардың болашағы олардың өздерінің нақты мақсаттарға ұмтылуына, еңбектенуіне тікелей байланысты, – деп биіктен танылған шәкірттеріне ерекше ризашылығын арнаған мектеп директоры Ләззат Машбекқызы талапты ұланды қолдауға қашанда дайын екендіктерін, басқа білім ошақтарындай емес, бір-бір үйдің үмітін үкілеп, маңдайынан жел тигізбеуде жиырма төрт сағат жауапкершілікпен жұмыс жасап келе жатқан әріптестеріне тек абырой биігінен табылса деген тілегін жеткізді.
Жаңартылған білім мазмұны нені көздейді деген сауалымызға мектептің координатор маманы Мөлдір Қалдыбаева былай деп ой түйіндеді:
– Бүгінгі ұстаз ІТ технологияны меңгеру арқылы білім беру жүйесін байытуға ықпал ететін тұлға. Оқушының біржақты білімін ғана бағаламай, оның логикалық ой-өрісіне, өзіндік ерекшеліктеріне, танымы мен табиғатына да терең зер салып, келешекке бағыттап отыруда ұстазға аса сезімталдық қажет. Білімгерлердің талабы мен танымына сай оқу бағдарламасы да қайта жасақталып, жаңа оқулықтар шығарылды. Оқыту методикасы өзгерді. Бұл бағыт бойынша былтыр 1, 2, 5, 7 сыныптарды оқытуды бастасақ, жаңа оқу жылында қалған сыныптармен толықтырылады.
Үштілділікке баулу 2-сыныптан бастап бағдарлама бойынша жүйелі жүргізілетін болады. Сайып келгенде, басты мақсат, білімгердің өз-өзіне деген сенімділігін қалыптастыру.
Маман осылай дейді. Сонымен қатар тәжірибеге енген 5 күндік оқыту жүйесі педагогтың сабаққа дайындығына мол мүмкіндік береді.
Қазығы қадалғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен қарашаңырақта бұдан бұрын да елге тұтқа болар қаншама тұлғалар тәрбиеленіп шықты. Парта мен тақтасы ғана бар қарапайым мектеп үйі соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған зияткерлік орталыққа айналып келеді. Бәрі заманауи, бәрі жаңа. Тек бір нәрсе, тәртіп пен жауапкершілік мәселесіне келгенде, Әшірбеков бастаған ағалар жолына адалдыққа сына түспепті. Біз тағы да соған күә болып, соған риза болып оралдық.

Баян ҮСЕЙІНОВА.
04 қыркүйек 2018 ж. 967 0