№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ТУҒАН ЖЕРДІ АҢСАУ

ТУҒАН ЖЕРДІ АҢСАУ

Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.
Апталап – айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын.
Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті күн батсын.
Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана-бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.

Бар-жоғы отыз-ақ жыл өмір сүрген аса талантты ақын – Төлеген Айбергеновтің осы өлең жолдарын оқыған сайын осыдан жиырма бес жыл бұрын болған жәйт ойыма оралады... Иә еске түседі де еріксіз ойға батырады.
1989 жылдың 29 қазаны еді ғой сонда. Күздің қара суығы ұрыша тіміскілеп, қойны-қонышыңды тінткілеп, денеңді мұздатады, қап-қара бұлттар Қарағанды аспанына байлап тастағандай, түнеріп тұрып алған. «Ищ-щай, мына күн не болып кетті?», – дейді досым, әрі кластасым Бауыржан Намазов.
Кешкі апақ-сапақта дабыл берілді, бұл өзімізге таныс арагідік беріліп тұратын дабылға мүлдем ұқсамады. Курс бастығының түсі суық, бұйрығы күндегіден қатқыл шығады. Автоматтарын, бронды кеудеше, резеңке сойыл, қалқан мен каскаларын алып үлгермей жатқандарға «Ё.., мать, быстрее, бегом, шевелитесь!» деген сөздер жиі айтылуда. Әдетте курс бастығы ұрсып жатқанда сәл кейіндеу тұрып, жымиюдан танбайтын орынбасарының – жас аға лейетенанттың түрінен де жылылық сезілмейді. Кей пысықай жігіттер жас орынбасардан не болып жатқанын сұрағанмен «Я ничего не знаю», – деп жауап береді ол.
Ол кезде біз оқып жүрген оқу орны тікелей Мәскеуге, КСРО Ішкі істер министрлігіне қарайтын. Сөйтіп, Қарағанды Жоғары мектебі бастығының №349-шы бұйрығы негізінде ерекше тапсырма орындау мақсатында арнайы құрама батальон жасақталып, сол түні біз Қарағанды әуежайынан Ил-76 әскери-транспорттық ұшағымен ұшып шықтық. Ұшақ әуеге көтерілген соң курс бастығы біздің Таулы Карабахқа бара жатқанымызды айтып, міндетімізді түсіндірді. Таң ата біздің ұшақ қарт Кавказдың таулы жоталарына ілікті. Кировокан деген қалаға қондық. Ұшақтан түскен біздерді автобустарға отырғызып, колоннаның алды-артынан қос-қостан броньды транспартерлер көмкере жолға шықтық.
...Колонна орнынан қозғалмас бұрын біздерге сақтық шаралары мен қысылтаяң кездерде қару қолданудың ережелерін тағы да қайталап ескертті. Курстағы тыңдаушылардың ішінде Ауған соғысында болғандар, оқуға түспес бұрын ішкі істер органдарында қызмет жасағандар әр автобусқа бөлініп отырғызылды. Қалқандар автобус терезесінің екі жағы мен артына тігінен қойылған, қалқандарды бұлай орналастыру, біріншіден, сырттан келер қауіпке қорған болса, екіншіден, дереу сыртқа шығу қажет болған жағдайда өзімізге кедергі болмауы үшін. Себебі, олар әдеттегіден биік, берік металдан арнайы жасалған болатын.Әр автобустың төбесіндегі люктерге, автобустың алдыңғы терезесі алдына автоматшылар жайғасқан.
Кавказ таулы аймақ болғандықтан үйлер тастан қаланып бірінен-бірі жоғары салына береді. Алыстан қарағанда үй үстінде үй тұрғандай болып көрінеді, бірінің шатыры біткен жерден екіншісінің үйге кірер есігі басталатын сияқты. Кей тұстарда жол құз жартастарды қиялай, тауларды баурайлай өтетін болғандықтан төбеңе тау құлап кететіндей, төмен қараған адамның басы айналады. Автобустан қарағанда автоколоннаны басқарып келе жатқан броньды транспартерлер қара түтінін будақтатып, қарсы бағытта өрлеп бара жатса, соңымыздан келе жатқандар біздерге қарсы бағытта келе жатқандай. Қиялай салынған жол болғасын осылай болмағанда қайтсін.
Ышқынып-ыңыранып биікке көтеріліп келе жатқан колонна бір кезде кілт тоқтады. Рация арқылы «Готовность номер один» деген команда берілді. Адамдар дауысы естіледі, тілдері түсініксіз, дауыстары қатқыл, біздер кавказдықтар болар деп жобаладық. Жүргізушінің жанында отырған Қарағанды Жоғары Мектебіне оқуға түспес бұрын Ташкент қаласында старшина шенінде бірнеше жыл милиционер болып қызмет істеген Ринат Ханыбеков автоматының затворын тартып жіберді, люкке орналасқан автоматшылар да солай істеді. Басшылық рация арқылы біздерге қаруды тек бұйрық бойынша ғана қолдануға болатынын ескертіп, барынша сабырлы болуға шақырды. Жарты сағаттай біздің басшылықпен арада болған келіссөзден кейін біз әрі қарай жылжыдық.
Бірнеше сағаттық сапардан кейін табиғатының сұлулығы мен емдік қасиеті мықты курортымен елге әйгілі Шуша қаласына түс ауа жеттік, бізді әйгілі курорттың ғимаратына орналастырды. Сол жерден қарағанда біздерден төмен көшіп жүрген шөкімдей бұлттар, онан төмен Карабахтың әкімшілік орталығы – Степанакерт қаласы көрінеді. Жаңақорған, Шиеліден аяқталатын Қаратаудың сілемдерін ғана көріп өскен біздер үшін бұл көрініс өте қызық. Шуша мен Степанакерт қалаларының арақашықтығы жоғарыдан төмен тікесінен есептегенде екі шақырым екен.
Кеңес Одағының Батыры атағынан өз еркімен бас тартқан Аралдың тумасы генерал Лев Рохлин айтқандай азамат соғысында батыр болмайды. Сондықтан біздерді тоқтатқандардың ұлты кімдер екені туралы сөз еткім жоқ. Ең маңыздысы елімнің, әлемнің тыныштығы. Карабах дауласып жатқан екі елдің ішіндегі мына елге тиесілі деп айтудан да аулақпын. Менің айтпағым – бізді Шуша қаласында бір апта – он күндей ұстап, одан кейін Зангелан деген аудан орталығына алып барып орналастырды. Ол жерден екі елдің шекарасында жатқан Гункишлак деген жерге кейде бір аптаға, кейде екі аптаға алып барады. Біздің міндетіміз – бейбіт тұрғындарды қорғау, әскери қақтығысқа жол бермеу.
Шекаралық аймақтарға қарағанда аудан орталығы қауіпсіз. Бос уақытта тауға шығып жүгіріп, таза ауада дене шынықтырамыз. Табиғаты керемет, ауасы саф таза осындай жерде шаршауды да білмейсіз ғой, өзіңді қанат біткендей сезінесің. Мен жігіттерден бөлектеніп, жоғары қарай үш жүз-төрт жүз метр биікте орналасқан алаңқайға барып дене шынықтырып жүрдім. Жігіттерге жүріңдер десем бірнеше шақырым жүгіріп келген олар «Бізге осы жер ұнайды», - деп көнбеді.
Бір күні жаттығып жатып қарағайлар арасынан жасы елулер шамасындағы әйелдің маған қарап тұрғанын сездім. Ол кісіні одан бұрын да сол жерден бірнеше рет көргенмін. Қарағайлы, шыршалы ағаштардың арасынан қарап тұрады, жақындамағанмен бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Алдында бағып жүрген он – он бес қойы бар. Осы жолы ол өте жақын жүрді. Жаттығуымды аяқтап, бұтаға ілулі тұрған күртемді алып, кетуге ыңғайланып жатқан едім «Балам, қазақ емессің бе?» деген дауысты естіп, селк еттім, бойымнан бейне ток жүріп өткендей болды, бұл жақта біреу қазақша сөйлер-ау деген ой жоқ қой, содан болар, тіпті, абдырап қалдым. Дауыс шыққан жаққа қарасам, күнде қарағай арасынан қарап тұратын әлгі әйел екен. Оған күмандана қарасам да, қазақ екенімді айттым. Бір қарағанымда ол кісі маған қарай жүгіре ұмтылған еді, келесі сәтте мен оның құшағында тұрдым: «Айна-ла-йын–ай, бауырым екенсің ғой», - деп сүйе берді ол. Мен не болып, не қойғанын түсінбей де қалдым, бірақ, бір жылылықты, жақындықты сезінгендеймін. Ол болса көзінің жасын жаулығының шетімен сүртіп қояды. Менің уақытым тығыз болғандықтан аз-маз тілдестік те, мен асығыс қоштастым.
Осыдан кейінгі күндері жаттығатын алаңқайға барсам, ол кісі менен бұрын сол жерде жүретін болды. Жаттығудан гөрі аман-саулық біліп, жөн сұрасып, әңгіме айтуымыз көп. Сол жерден келесі таудың баурайында орналасқан үйін сырттай көрсетті де ол: «Талдықорғаннанмын. Күйеуіммен Алматыда таныстым, ұлты – азербайжан. Сол жақта үйлендік. Он жеті жыл бұрын осында көшіп келдік», – деді. Елді сұрайды, қазақ даласын, Алматыны, Талдықорғанды сұрайды, Алатауды сұраған кезде кірпігіне жас тамшылары мөлдірей тұнатынын аңғарамын.
Ол кісімен танысқаннан кейін арада төрт-бес күн өткен соң қойларды жас шамалары он сегіз-жиырма аралығыдағы екі бойжеткен қыз екі күн бағып келіп жүрді. Сұлулығы бірінен бірі өтетін екі қыз мені әңгімеге тартады, ал, мен қысыламын, әдетте қызға епті жігіттер сапында саналатын менің осы күйімді өзім де түсіндіре алмаймын, аздан соң тамақтың да құрғап қалатынын қайтерсің, ой, дүние – ай, сол қыздардың сұлулығы шынында да тіл байлағандай еді-ау.
– Апам айтып жүрген жігіт сізсіз бе? – дейді олардың бірі. Менде тіл жоқ, басымды изеймін. Әзербайжан қыздарының, қыздарының емес-ау, жалпы әйелдерінің ер адамға сөйлеуі, одан бұрын тіл қатуы деген дәстүрді бұзғандық болып саналады. Мұны біліп қалған кезім, «мына қыздар қалай батылы жетіп маған тіл қатып тұр» деп қоямын ішімнен. Олар болса маған қарап, бір-біріне сыбырласа тіл қатады, күледі, мен болсам әлгілердің күлкісінен басқа әлемде жүргендеймін.
Екі күннен кейін қойды апамның өзі бағып келді. Құшақтасып амандастық. Сөз арасында мен ертеңіне Гункишлаққа кететінімді, ол жақта бір-екі апта болатынымды айттым. Апам біршама уақыт үнсіз отырды да бағыты өзгелеу әңгіме бастады.
– Балам, өткенде әкем ертерек қайтыс болып кеткен, анам бар, бауырларым бар дедің ғой?
– Иә, апа.
– Бойдақсың ба?
– Иә.
– Мен саған бірдеңе айтайын балам...
– Айта беріңіз апа.
– Кешегі қой бағып келген екі қыз менің туған қыздарым.
– Ә-ә, солай ма? Сіздің қолыңыз тимей қалды ма? Екі күн келмедіңіз ғой апа ?
Ол кісі езу тартты да, басын изеді. Содан соң сәл үндемей отырды да:
– Қалай айтсам екен, сол қыздардың ішінде ұнағаны болса біреуін сен алсайшы», - деді. Мен сасқанымнан бетіне қарап тұрып қалсам керек ол кісі сөзін әрі қарай жалғастырып: «Балам, қыздарым өте тәрбиелі, бұл жақта қыздар күйеуге шыққан соң күйеуі мен енесінің айтуымен жүреді. Рұқсатсыз ешқайда бармайды. Міне, мен он жеті жыл бұрын күйеуіммен бірге осында көшіп келіп, сонан бері туған жеріме де барған емеспін. Қазақстанымды қатты сағындым. Қызымды сен алып жатсаң, күйеуім мені аямайды, бірақ өлтірмес. Қызымды сылтау етіп, елімді көріп қайтамын ғой»,-деді.
Мен не айтарымды білмеймін. Ол кісі жаулығының ұшымен көзінен аққан жасты сүртіп отыр. Менің Карабахта жүріп ұққаным оларда үйлену тойы үш күн тойланады, екі күн ер адамдар тойлайды, әйелдер күтуші болады, үшінші күні әйелдер тойлайды, ал ер адамдар мүлдем бас сұқпайды. Бұл елде қандай жағдайда да еркектер әйелдерден жоғары тұрады деп есептеледі. Салт солай.
Қысыла тұрып: «Апа, қыздарыңыз бірінен бір өткен сұлу ғой, бірақ көңілді қайтем, мен ұнатқанмен, олар ұнатпауы мүмкін ғой», - деп қалдым. Апам маған қарап:
– Балам, кешір, қызың бар шығар, мен ол жағын ойламаған екенмін», - деді.
–Жоқ, қызым жоқ.
– Әркімнің баласы өзіне сұлу болып көрінеді, менің қыздарымды ұнатпаған екенсің ғой.
– Апа қыздарыңыздың сұлулығында мін жоқ қой.
– Жарайды, балам. Осы жерге келіп тұр, мен әркез күтем. Күйеуім қыздарын өз ұлтына бергісі келеді. Мен өзің сияқты қазақ жігітіне беріп, сағынған елімді бір көрсем деп едім ғой».
Қош айтысып, төмен түсіп бара жатып, артыма қарадым. Бұрын қол бұлғап қоштасатынбыз. Бұл жолы ол кісі басын төмен салып қолындағы таяғымен жер шұқып отыр екен. Мен дауыстап: « Апа-а! Сау боп тұрыңыз!» дегенде ғана басын көтеріп, қолындағы таяғын сол қолына ауыстырып, оң қолымен жаулығының шетінен ұстаған күйі қол бұлғап қала берді.
Мен апама « Гункишлактан Зангеланға оралған соң міндетті түрде осы жерге келемін»,- деп кеттім. Гункишлакқа барғаннан соң қақтығысып жатқан жақтың тауды жаруынан Зангеланмен екі ортадағы жол жабылып, ол жақта жиырма күндей жаттық. Жиырмасыншы күні бізді бекеттерден босатты да, Зангеланға алып келіп, бас-аяғы бір-екі сағаттың ішінде дайын тұрған автокөліктермен жолға шықтық. Осылайша екі айлық іссапар аяқталып туған елге қайттық.
Міне, содан бері жиырма бес жыл өтіпті, бірақ, сол бір кездесу еске түсіп, мазалайды да тұрады. Пенде шіркін, туған жердің қадіріне жетіппіз бе, туған елдің қасиетін ұғыппыз ба?! Өзімізше мұның барлығын білетін, ұғатын сияқтымыз, алайда сол Зейнеп апамен кездескеннен бері мені бір ой жетелейді де отырады. Ол – туған жер, атамекен, атажұрт сағынышы, туған ел жыры.
Беу, заман-ай, елден сыртта туған елге жете алмай Зейнеп апа сияқты қаншама қандастарымыз жүр, қаншама бала шет ел асып кетті. Әлемнің 30 елінде 9 мыңдай қазақ баласы жүр деген ақпарат та жаныңды жейді, есейе келе олар да Зейнеп ападай туған елін аңсар ма екен, олар да атамекенді сағынар ма екен?! Кім білген...
Тау халқы ұзақ өмір сүреді ғой. Со-нау Қап тауында танысқан қазақ қызы – Зейнеп апам әлі аман-сау болса керек деп ойлаймын. Туған жеріне табаны тиіп, апама сағынған елін көру бақыты бұйырса екен – деп тілеймін. Құлаққа Сол Қап тауынан жеткендей боп әлсіз әуен келеді, Зейнеп апам ба екен, әлде бұл, туған жерін сағынып әнге қосып жүрген, кім білсін! Ойым бір тиянақ таба алмай шарқ ұрады. Шарқ ұрады да барып, Төлеген ақын жырларына жүгінеді.

                                                                                                                                           Орынбек АСЫЛБАЕВ
02 қыркүйек 2019 ж. 1 736 0