№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАНАҚ АҚЫННЫҢ ДҰҒАСЫ

ЖАНАҚ АҚЫННЫҢ ДҰҒАСЫ


Қазақ тарихында бірнеше Жанақ атты ақын болған. Соның бірі – 1770 жылы Абыралы өңірінде туған Жанақ Сағындықұлы.  Ол ақындығымен қоса, Түркістанның Қарнақ медресесінде оқыған исламша сауатты, аузы дуалы кісі болған екен. Жанақ ақынның тегін адам емес екендігі жөнінде ел аузында әлі күнге бір аңыз айтылып жүр.

         Жанақ ақын бірде орта жүз – найман елін аралап жүріп, үлкен жиынға тап болады. Астында адам қызығарлық шұбар аты бар екен. Жиында әлгі елдің бір жуаны ақынның астындағы атына көзі түсіп, қызығады. Аударып алайын десе үш жүзге аты шыққан Жанақтан жасқанады. Бірақ өзі айлакер қу екен, шұбар аттың жанында айналсоқтап жүріп, ат есінегенде таңдайындағы бармақтай қалын көріп қалады. Озбыр неме дереу дау соғады. «Мынау Жанақ ақынның мініп жүрген шұбар аты – кезінде қолды болып кеткен менің жылқым. Өзіме қайтарсын»,–дейді. Жанақ ақын аң-таң болып, «Ей, ағайын, бұл – Ақтоғай-Арқадағы бір байдың биесінен туған құлын. Мына пенденің сөзі түбірімен жалған»,–дейді. Ақыры дау өршіп, биге жүгінеді.
         Төбе билер «Қане сенің қандай датың бар?»-деп, әуелі дау салған жігіттен сұрайды. Ол: «Бұл шұбардың тай күнінде аузына ұры тіс шығып, соны суырған едім. Сонда көзім шалғаны – үстіңгі таңдайында қап-қара қалы бар еді»,–дейді. Билер атты алдырып, аузын ашап қараса, шынында таңдайындағы қалды көреді. Бәрі «Енді сен не айтасың?» дегендей Жанаққа қарайды. Жанақ ақын бұл істе бір шикілік барын біледі, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Содан, «Бір шартым бар, бұл жігіт «Мынау менің шын жоғалтқан атым еді» деп, Алланың атымен ант ішсін де алып кете берсін»,- дейді. Әлгі адам ойланбастан Алланың атымен ант ішіп, шұбарды жетелеп жүре береді.
         Атының үстінен ер-тұрманын сыпырып алып, қолына ұстап тұрып қалған Жанақ ақын:
         Мына адам шұбарды «менікі» дер,
         Жанын берген Жанақтың шұбарын жер.
         Жақсы атымды жалғанға сатып алған,
         Я, Алла, залымның жазасын бер! – деп дұға оқып, бетін сипайды да қала береді.
         Атты алған жігіт ауылына кетіп бара жатып, жолда бұлақтың басына тоқтайды. Аттың шылбырын беліне орап алып, бұлақтан секіріп өтпекші болғанда шалқасынан түседі. Ат үркіп, иесін сүйретіп, денесін тау-тасқа соғып өлтіреді. Содан дауқойдың сау-тамтығы қалмай, сүйегі шашылып қалған екен.
         Осы оқиғаға куә болған жұрт «Бұл адам Алланың атымен жалған антішті, содан осындай пәлеге жолықты» деп бірден үкім етіпті. Ақсақалдар Жанаққа келіп, «Қарағым, сенің ісің ақ екен, жалғаншының жазасын Алла берді. Енді өз атыңды өзің ал» дегенде, Жанақ ақын «Жалғаншының жазасына себеп болған жылқыға енді менің ер салғаным жарамас, Алла тағаланың «Зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасын қабыл етемін» дегенін білемін. Дұғам қабыл болды, маған дүниенің қажеті жоқ» деп, шұбар атты өлген жігіттің жаназасына сойдырыпты.
29 наурыз 2018 ж. 2 312 0