№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » «ЖҮРЕККЕ ЖЕТСЕ ЖЫР – ӨЛЕҢ»

«ЖҮРЕККЕ ЖЕТСЕ ЖЫР – ӨЛЕҢ»


Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу ол өзі сыздаған барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл – тоғыспас жолдар торабын, – деп жырламап па еді Төлеген Айбергенов.
Расында, сөз өнері қонған адамның жүгі жеңіл бола бермейді. Ақындар – адам көкірегінің ең алыс түкпірлеріне дейін шымырлап, жаңғырып, шулап, буырқанып жететін ең сұлу жан сыры, тұтас бір халықтың басынан кешірген рухани өмірінің көркем шежіресін жырға қосады. Ақындықтың сондай сәулесі түскен азаматтың бірі – Тұрар Сүлейменов еді. Бойына қарапайымдылық пен кішіпейілділік ұялаған ақын өмірінде тек өлең жазуды білді. Жүрек түкпіріндегі асау ойларды, кесек-кесек болып өрілген көркем өлеңдерін жинап, баспаға дайындап шығарумен әуреленбеді.
Ауданға ақынжанды әкім Рүслан Рүстемов келіп, руханиятқа дем берді. Әсіресе, шығармашылық иегеріне көңіл бөлді. Сөз өнерін терең түсінетін басшы ақын жайлы естиді. Бұл жайында белгілі қаламгер Қаныбек Әбдуов былай жазады: «Қазақ әдебиеті» газетінде «Кітабы жоқ ақын» тақырыбымен мақала басылады. Авторы жазушы, сыншы, ғалым Құлбек Ергөбек. Мақаланың негізгі мазмұны жаңақорғандық ұстаздың ұзақ жылғы шығармашылығы туралы терең толғанып, түпкі түйінінде әліге дейін ақынның кітабы жарыққа шықпағаны сөз болған еді. Мұны оқыған бойда сол кездегі аудан әкімі Руслан Рүстемов ақынды іздеді. Дереу тапты да. Ол – Талап ауылындағы №254 негізгі мектебінің директоры Тұрар Сүлейменов еді. Шұғыл шақыртумен ақын аудан басшысының қабылдауына келді. Екеуара әсерлі әңгімелесті, кітап шығарудың мәселесін ақылдасты. Әрине, әкім қаламгерге қолжазба дүниелерді сұрыптап, кемел көзбен қайта қарауды тапсырды. Сөйтіп жуық арада баспаға тапсыратын болып келісті».
Сонымен жылдар бойы көз майын тауысып, әмір жүрмейтін жүректі жарып шыққан жауһар жыр жинақ «Жүрекке жетсе жыр – өлең» атауымен Алматыға жіберілді. Осылайша өлеңдерінің тұтас өрнегі ауылдың иісі аңқыған, туған өлкені сүйюге шақыратын, өмірге ынтықтыратын жыр жинақ «ARNA-B» баспасынан шығады. Өмірінің ақтық сәтінде жинақ қолына тиіп, балаша қуанады.
Ақынның кітабын біз де асыға күткеніміз рас. Өлеңге құмар шығармашылықтың өкілі болғандықтан ба, кітап баспадан шыққан күні, редакцияны бетке алыпты. Қолында 160 беттік шағын кітабы бар. Әсте, шағын деуге келмес. Себебі, ақынның жылдар бойы түнгі сәулемен сырласып, жансарайындағы жырларын жүйелеген жинақ қой! Сондықтан, кітапты парақтап, оқуға кірістік.
– Дүние неткен қызық ең,
Қызылды-жасыл құлпырған.
Қиялдың жетек ізімен,
Арманға мен де ұмтылғам.

Ей, өмір неткен, жылдам ең,
Жылдам ең неткен, жүйіткіген.
Жетпедім, мен де қуған ем,
Дүние дейтін итті мен, – деген жолдарынан терең философилық ой-толғау аңқып тұр.
Ақынның өлеңін оқығандар, өмірдің өзінен, тіршілік тынысынан көп адам ойлай бермейтін, байқай қоймайтын көріністерді бояулы сезімге салып, төгіп өткен нөсерден кейінгі кемпірқосақтай құлпыртып жіберетінін оңай ұғады.
Ұстаз Тұрар Сүлейменовтың «Жүрекке жетсе жыр-өлең» өлеңдер жинағының алғы сөзін жазған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов: «Тұрар Сүлейменов өлең өлкесінен ерте көріне қоймағанымен, ол бұл қасиетті өнер табалдырығын ойлана жүріп, жан-жақты дайындықпен келіп аттағандығы туындыларынан анық сезіліп тұрады», – деп бағасын береді.
Сондай-ақ, адалдық пен адамгершілік, ынсап пен ұстамдылық, өмірге деген сүйіспеншілек Тұрар ақын өлеңдерінде үзілмей желі тартып отырады депті ақынның өлеңіне қанық басшы.
Ақынның өмірден түйгендерін көңіл сәулесінен өткізіп өлеңмен өрнектеген сыры мен мұңын қуанышы мен шаттығын, күйініші мен сүйінішін оқыдық һәм таныдық. Көп ой түйдік.
– О, өлең, менің періштем!
Сенімен сырды бөліскем.
Өлеңім, менің, өлеңім,
Айдын да шалқар көл едің,
Шабытқа мені бөледің,
Табылар сенен керегім,
Керек қылсам кереңің,
Өмірдің мәнін сұрасаң,
Өлеңім менің дер едім! – депті ақын. Осы жолдардан Тұрар Сүлейменовтің өмірі өлеңмен өріліп, өзіндік үнін, өзіндік айтарын өлеңмен жеткізуге ынтыққанын ұқтық.
Тұрар ақын өмірде ілім іздеп, сырласатын дос іздеп өткені мәлім. Әсілі, алған білімі білікті болуына жол ашса, қарапайым, кішіпейіл қасиетіне үйірілген сырлас достары да көп болғаны белгілі. Ал, «Іздеу» өлеңінде іздегенін тапты ма? Ол жағы бізге белгісіз.
Іздедім сені сағымнан,
Сағыныш едің неғылған...

Іздедім сені көктен мен,
Сұрадым өткен кеткеннен...

Іздедім көкте бұлттардан,
Іздедім сұрап жұрттардан...

Іздедім жауған жаңбырдан,
Іздедім кезіп сан қырдан...
Иә, ақын сағынышын осылайша тарқатып:
– Іздесем қайдан табармын,
Жүрекке қайғы, жанар мұң,
Сол жақтан бәлкім табармын,
Бұл жақта дейсің қалар кім?
Бір күні мен де барармын,
Сол жақтан бәлкім табармын... – деп аяқтайды іздеуін.
Ақын махаббат, туған жер, адалдық, адамгершілік және т.б. тақырыптарда қаузап, оқырманын қалың ойға батырады. Өлең арқылы тәлімді тәрбие беріп, адам болудың парқын түсіндіреді. Ең бастысы, ақын өлеңдерінен өмірге деген сүйіспеншілікті аңғару қиын емес.
Оның шығармашылығындағы биіктікті «Өмір пәлсапасынан» көруге болады. Осы тағлымдамасының түйінінде:
– Сөнеді-ау жүрек жыр тұнған,
Қалады-ау дүние құлпырған,
Қалады-ау дүние бір тұнған... – деп өмірдің өткінші екенін баяндайды.
Осы өткінші өмірде артынан өшпестей рухани мұра қалдырған сыршыл ақын бақилыққа аттанды деген хабарды естігенде қабырғамыз қайысып, қайғының қара тасы желкеден батпандай басты. Есеңгіреп қалдық. Қимаймыз, алайда, амал бар ма жазмышқа!
Ақын «Ей, өмір неткен, жылдам ең, Жылдам ең неткен, жүйіткіген», – деп жырлағандай жүйіткіген өмірден озғанына бір жыл өтіпті.
«Ей, Жаратқан, Жасаған!» өлеңінде ақынның өмірден түйгенін түйіндейді. Жалпы, лирик ақынның өлеңдерінен адалдықты, адамдықты танисыз. Әсіресе, табиғатпен сырласқан өлеңдерінде қоршаған ортаны құрметтеуге шақырған ойлары адамды еріксіз ойға қалдырады.
Расында, Тұрар Сүлейменовтың тағылымынан адамды, табиғатты сүюді, оны құрметтеуді үйренесіз. Өлеңдерінде өлмейтін тақырыпты арқау еткен ақын мәңгілік мекенінде. Енді ақынның рухани болмысымен сырласып, өмірді танимыз. Міне, сондай рухани кеш Бесарық бекетінде «О, өлең, менің періштем!» атты аудандық мүшайра өтпек. Ендеше, Сүлейменовтану ілімі басталып кетті деген сөз...

Болат ИБРАГИМОВ,
аудандық білім бөлімінің басшысы.
21 наурыз 2018 ж. 2 756 0