№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ

КЕМЕҢГЕРЛІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ


30 жыл – жарты ғасырға да жетпейтін уақыт кеңістігінде алып империяның қоластында қысылып-қымтырылып күн кешкен бодан мемлекетті қамыт құрсауынан босатып, қанатын кең жазып, жалғанның жарығына шығуына айқын жол, сындарлы бағыт белгілеген дәуір тудырған тұлға – Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі мыңжылдық мәртебеге лайық мінберден тұрақ тапқанын бүкіл әлем мойындап отыр десек жаңылыспаймыз.

Бұрын-соңды адамзат тарихында нақ осындай ұлтының ұстынына айналып, бүтін елдің бақытына қызмет еткен біртуар, көрнекті Көшбасшылар аз болмаған. Мүмкін жаратылыс атаулының жасампаздыққа ұмтылып, жақсылық тізгінінің үзілмеуі әрбір жүзжылдықта Құдыреттің өзі жер бетінде жарастықтың жалауы жығылмасы жолында жанкешті қызметін аямас асып туған кемеңгер келбетті керемет кестелеп, пейілі кең, дархан жүрек пенделерінің пешенесіне тарту етуінде жатқан шығар.
Атақты Вольтердің «Бір мемлекетті құтқару үшін бір ұлы адам жеткілікті» деген қанатты сөзі бар. Қазақстан үшін нақ осындай тұлға, оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені рас.
Қазақылықтың қайнаған ортасында қабырғасы қатайып, асыл дәстүріміздің алтын тамырынан нәр алып, ақыл арттырған, өмір сабағынан санасы өсіп, болмысы бекіген, көзқарас қалыптастырған қайраткер тұлғаны қазақтың маңдайына біткен біртуар тұлға деп бағалауымыз сондықтан.
Мемлекет басшысының өмірі ерекше, өнегелі өмір. Екі өркениеттің – Батыс пен Шығыстың қиылысқан жерінде, әлемнің екі бөлігінің – Азия мен Еуропаның тоғысқан тұсында, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның, екі экономикалық жүйенің – жоспар мен нарықтың от пен судай шарпысқан шағында шарболаттай шыңдалған, туған Қазақстанын төрткүл дүниеге танытып, табанынан тік тұрғызып, беделін бекемдеген басшының бүкіл өсу, өрлеу жолы шынайылығымен құнды. Өзі бұл жөнінде «Өмір өткелдері» деген кітабында былай деп толғанады: «Менің тағдырым – бақытты тағдыр. Менің маңдайыма мына жарық дүниеге тарихтың тар құрсауында келудің, айналасы жарты ғасырдың о жақ, бұ жағында бүкіл әлемді төңкеріп түсірердей ғажайып өзгерістерді көрудің, жаңа мемлекет құрудың, сол ұлы істің басында тұрудың бақытын жазған екен. Көп нәрсені көрдім. Көп жағдайды өзегімнен өткердім. Өмір жолым тақтайдай тегіс болған жоқ, алдымнан талай кедергілер кездесті: олардың кейбірін заман қойды, кейбірін қоғам қойды, кейбірін адам қойды. Шүкіршілік, бәрінен де өтіп, бүгінгі күнге жетіп отырмын. Қазақстан халқының әлемдік өркениет көшіне қуатты мемлекет күйінде, халықаралық қауымдастықтың сыйлы мүшесі ретінде, бүгіні бақытты, ертеңі еңселі ел ретінде қосылғанын көріп отырмын. Мың тәуба».
Нұрсұлтан Әбішұлы тұңғыш ел тізгінін қолға алып, мемлекеттің даму бағдарын айқындауға кіріскен алғашқы сәттегі Қазақстан жағдайын көз алдымызға елестетіп көрелік. Кеңестік империя күйреп, одақтас республикалар бас-басына қайраңда қалған қайықтай қалтылдап тұрған кезі. Бюджет қызметкерлерінің жалақысы кешеуілдеп, зейнеткерлер мен балалар жәрдемақысы жүрісінен жаңылды. Жоспарлы жүйе тоқтаған соң жұмыссыздық белең алды. Мекемелер қысқарды. Елдегі 130 кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Осының салдарынан ішкі жалпы өнім 60 пайызға төмендеді. Міне, ұлт көшбасшысы посткеңестік қиранды мемлекеттің орнына нақты кәсіби қарекеті, даму әлеуеті бар, жер асты бай қазынасына сүйенген, өсудің, өрлеудің әлемдік үлгісіне бағыт алған болашағы баянды, келешегі кемел жас мемлекеттің қазығын бекемдеді.
Адамзат баласының алаңсыз ғұмыр кешіп, сүйген кәсібімен айналысып, алғы күнге арманын жалғаудың кепілі – бейбітшілікте. Осы мәселе жөнінде шарқ ұрып ізденіп, шартараптан тілектестер табуға табанды талабынан танбаған ұлт лидері Қазақстанның әлемдік қатері орасан зор ядролық қарудан бас тартатынын жариялап, жер бетіндегі ірі ядролық полигонның бірін жабуға қол жеткізді. Елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай Ынтымақтастық ұйымына, Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына мүше болып кірді. ЕҚЫҰ-ның осы мың жылдықтағы алғашқы әрі жалғыз Саммитін өткізіп, Еуразиялық Қауіпсіздік Декларациясын қабылдады.
Назарбаев - тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өткен, халқын сан сынақтан аман алып өткен, бабалар аманатын жүзеге асырған, бағытынан адасқан кемедей жел өтінде қалған елінің желкенін түзеп, бақыт жағалауына батыл бастаған, елінің есіктегі басын төрге сүйреген, мызғымас бірлігі жарасқан халқын сүттей ұйыта білген жасампаз басшы. Ұлы даланың тарихын қайта жазып қалдырған қайраткер, реформатор. Өзінің ғана емес, адамзат тарихында есімі алтын әріппен жазылатын әлемдік тұлға.
Бұдан нақ отыз жыл бұрын, сол кездегі мемлекетіміздің астанасы Алматы қаласында өткен Пленумда Қазақстан компартиясы орталық комитетінің І хатшысы болып сайланып, міндетіне кіріскен Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі күнге дейінгі қызметін саралауға арналған «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы Ұлт Көшбасшысының бізге мәлім және беймәлім көп қырын жан-жақты таразылап, тағылымдама шежіресін толықтыра түсті деуге болады.
Конференцияда бас қосқан әлемнің түкпір-түкпірінен, түрлі мемлекеттерден келген Елбасының үзеңгілес, мүдделес достары, саясаткерлер, БАҚ құралдары өкілдері, қоғам жанашырлары, зиялы қауым бас қосқан жиында сөз алған тамырлас түркі елінен келген белгілі сарапшы, қоғам қайраткері Куршат Зорлу: «Мемлекеттің негізін қалаған тұлға ретінде Сізді барша түркі әлемі бағалайды. Сіз айтқан «Біздің жастар өз тарихын білу керек. Сақтар, ғұндар, түркілерден бастап білу керек» деген сөзіңізді түрік жастары жақсы қабылдады. Әлеуметтік желілерде миллиондаған пікірлер жазылды. Түркі әлеміндегі ең танымал Көшбасшы – Сіз екенсіз. Сізді түркі әлемінің Білге Қағаны деп санаймыз» деп, Түрік академиясы Елбасының 30 жылдық көшбасшылығы туралы еңбекті жинап құрастырып, түркі тілінде жариялауға дайындап жатқанын жеткізді.
Халықаралық конференцияға бұрынғы одақтас республикалармен қоса Америкадан келген саясаттанушы Ариэл Коэн: «30 жыл –мерейтойлық мерзім ғана емес, Қазақстанның даму жолының жарқын үлгісі» деп өзінің жоғары бағасын берді. Әзербайжан мемлекеттік басқару академиясының жанындағы саяси зерттеулер институтының директоры Эльман Насиров «Нұрсұлтан Назарбаев – әлемде жоғары беделі бар тұлға. Оның дәлелі, Біріккен ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етуі» деді. Н.Назарбаевтың Азербайжанның ең жоғарғы наградасы – «Гейдар Алиев» орденімен марапатталуының өзі оның халықтар достығын ұлықтаудағы ұлы қызметін айқындайды.
Әр заман өзіне сай қайраткерін таңдайды. Тәуелсіздік таңын көріп, шапағатын сезіну бақыты маңдайына бұйырған қазақ елі Көшбасшы қызметін қашанда биік бағалайды. Құрметтейді. Алдағы уақытта асқақ ұстанымды Назарбаев феноменіне қылаудай кір жұқтырмай, оны ел мүддесіне бағытталған мәңгілікке мінсіз жалғастыра беру – жалпы ұлттың мәртебелі миссиясы болып қалуы маңызды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
06 шілде 2019 ж. 1 058 0