Үш майданның жауынгері

Қазақта «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген тәмсіл бар. 1936-1939 жылдары әскери міндетін өтеп жүрген жерінен Хасан көлінде тұтанған соғысқа қатысып, жауынгерлік әдіс-тәсілдерді терең меңгерген Омарұлы Ибадулла ағамыз одан кейін туған отанымызды неміс басқыншыларынан азат ету шайқасында жан аямай күресіп, ерліктің үлгісін танытты.
Ол күндер мәңгі естен өшпейді. Жүректе сыз болып сақталған соғыстың әрбір минутын, сағатын еске алу ауыр, бірақ келер ұрпақ тарихты терең білуі үшін ойға түйгендерді қағаз бетіне қаттап кетуді ұйғарған майдангердің жазбалары мерзімді баспасөздің бетінде жарияланып, саналы ұрпаққа таусылмас азық болып қалды.
Жаңақорған кентінің тұрғыны Ибадулла Омаров соғысқа 1941 жылы Қырғызстанның Ош облысына қарасты Алайгүне аудандық комсомол комитететінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген кезінде аттанады. Үш жыл әскер қатарында жүріп әбден ысылған сарбазға майданға алынған бетте жаңадан жасақталған №32 бригаданың жауынгерлерін соғыс өнері мен тәсіліне үйрету міндеті жүктеледі. Бұл жұмысты атқару оңай болмады. 1942 жылдың тамыз айында запастағы бригаданың құрамынан іріктеліп алынған бірнеше жүз жауынгердің қатарында Сталинград шайқасына кіреді. Бұл кезде қала жалындаған өрттің құшағында еді. Жау самолеттері әуеден бомба жаудырып бас көтертер емес. Батальонға Волга өзенінен өтіп, бекініс жасауға бұйрық беріледі. Қаланың көп бөлігі жау қолында қалған еді. Осындай қиын кезеңде батальонға қаланың шет аймағына орналасқан Товарный стансасын жаудан босату жөнінде бұйрық беріледі. Рота командирі Акопьян мен взвод командирі Вдовский таңғы сағат төртте жауынгерлерді шабуылға бастайды. Әрине, қарсы шабуылдаушыға қарағанда бекіністе жатқандардың қорғанысы мықты. Қапысын аңдып, оңтайлы сәтті мүлт жібермеуге тырысқан топ жетекшісі Ибадулла Омаров алғы шепке өз бөлімшесінің пулеметін жеткізіп үлгеріп, жау траншеяларына оқ боратады. Атқыштардың үздіксіз боратқан оғынан кейін стансаны жау қолынан босатып алуға мүмкіндік туады. Тек бұл жеңіс өте қымбатқа түсті. Қарауындағы взводтың 25 жауынгерінен небәрі 9 адам ғана қалады. Басқа бөлімшелерде шығын аз болмады. Взвод командирі Вдовский де қаза табады.
Елге есен-сау оралып, қырық жылдай мектепте ұстаздық еткен Ибадулла ағамыз сексен жеті жасында жарық өмірден озды. Көзі тірісінде майдангер ағаны кездесулерге шақырып, жорық күндерінен айтып беруін өтінетін өскелең ұрпақ жауынгердің өз аузынан әділетсіз соғыстың небір сұмдық жағдайларына қанық болды. Өзі өмірден өткен соң да қанды жорықтың ақиқат жолдарын жазып қалдырған сарғайған дәптерін үй іші аудандық мұражайға әкеліп тапсыруды жөн көріпті. Жауынгердің өз қолымен түскен жазбалардағы «Сталинград қаласын қорғауда өзім қатысқан екінші шабуыл» деген тақырыпшада мынадай деректер бар: «Мен басқарған взвод жауынгерлері бұрынғы ішкі істер үйін жаудан босатуға тапсырма алдық. Төрт пулеметті жау бағытына қарай орналастырып, түйдектетіп оқ бораттық. Бір пулеметтің үнсіз қалғанын аңғарып, солай қарай еңбектей жөнелдім. Келсем, қос пулеметшім де снаряд жарықшағынан ауыр жараланыпты. Қалған үш пулеметтің жауынгерлерімен жау бекінісіне жақындадық. Осы сәтте сол қолым дыз ете қалды. Жау снайперінің оғынан денемді қан жуып кетті. Сонда да шабуылды тоқтатпай, жауынгерлерге команда беруді жалғастыра бердім. Қаның қызып кеткен сәтте денеңнің ауырсынғанын елеуге де мұрша болмай кете ме, соғыс даласы сәл саябырсыған уақытта жалма-жан жарамды таңдырып, жанға батқан жарақат сыздатқан иығымды көтеруге әрең шамам келді» деп жазыпты. Жауынгер күнделігінде Сталинград шайқасының қиян-кескі көрінісі былай деп суреттеледі: «Кезекті ұрыста қала орталығындағы қос зәулім үйді босатуға бұйрық алдық.Үйлердің алды ашық алаңқай. Шабуылды түнде бастап, бірнеше бума гранатаны лақтырғанымызда немістер жан-жаққа тым-тырақай қашып, әп-сәтте ғимаратты немістердің блиндажына айналдырған жаудан тазартуға қол жетті» деп жазады.
Сталинград шайқасының басынан аяғына дейін қатысқан Ибадулла ағамыз екі рет жараланып, бір рет контузияға ұшыраған. 1943 жылдың ортасына дейін, яғни фельдмаршал Паулюс армиясының толық қоршалып тізе бүккеніне дейін ұрыс шебінде болған.
1943 жылдың шілде айына дейін Ибадулла Омаров Полтава танк училищесінде курсант болып, оны үздік бағамен бітіріп шығады. Офицер атағын алады. Украйнаның қалалары мен селоларын азат етуге қатысады. Кенигсберг қаласын жаудан тазартуға қатысады. Одан әрі №395 гвардиялық танк полкінің құрамында милитаристік Жапонияны талқандау шайқасына қатысып, елге 1946 жылы бір-ақ оралады. Соғыстан елге есен-сау оралған соң ағарту саласында еңбек етті. Мектеп директоры болды. Қырық жылдай шәкірттерге ұстаздық етті. Зайыбы Жұмаш апа екеуі бес қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың бәрі де жанұялы. Бір-бір үйдің бәйтерегіне айналған.
Жауынгер соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Бұған Жоғары бас қолбасшының алғысы мен «Қызыл жұлдыз» орденін қосыңыз.
Қырық жыл ауыл мектебінде ұстаздық еткен Ибадулла ағамыздың шәкірттері де көптеп саналады. Ағамыз өзінің бір сөзді, турашыл мінезімен шәкірттерді де бірсөзділікке, адалдыққа, отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиеледі. Ел еңсесін тіктеп, түрлі саланың уығын көтеріп келе жатқан аға ізбасарлары бұл күнде қоғамның бір-бір тірегі.
Ибадулла ағамыз 2001 жылы 87 жасында қайтпас сапарға аттанды. Десе де бүгінгі бақытты заманымыз үшін қайтпас қайсарлығына сүйеніп қан кешкен майдангерлер есімін ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Жас ғұмырын үш бірдей соғыстың от-жалынына құрбан етіп, әскери антына сызат түсірмеген жауынгерден туған ұл – Серігі де Ауған соғысына қатысып, батыл да қаһарман әскери жорықтардан өтті.
Қарапайым отбасында туып-өскенімен жасынан алғырлығын, өжеттігін арқа тұтып, оған қоса бойындағы көшбасшылық қабілетке шыңдаған әскери озық тактикасымен топты бастаған батыл жауынгер бейбіт өмірде де мақсат-мұратына сол тәртіп пен ереженің асыл қағидаларын қазық етті. Айналасына өзінің қардай аппақ тазалығымен үлгі болып, абырой мен мәртебені иеленді. Еліне-жұртына, ұрпақтарына шынайы өмір жолымен қадірін арттырды. Ол кісінің өзі өмірден өткенімен кешегі қанқұйлы соғыс даласындағы ерекше ерлігі ұмытылмауы тиіс. Бейбіт заманның да көшін алға бастап, білімді ұрпақ тәрбиелеудегі ұстаздық қолтаңбасы да өз бағасын алуы тиіс. Біз, аға ұрпақтың аманатын алға апарушылар асыл жанның есмін мәңгі ел есінде қалдыру мақсатында Ибадулла Омаровтың есімі аудан орталығында бір көшеге берілсе дейміз.
Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ




