Қаһарман қыз


Туған жеріміздің перзенті – Рәзия Ысқақова апамыз дүние жүзі бойынша Халықаралық «Қызыл Крест қорының «Флоренс Найтингейл» атағын иеленген мұсылман әйелдері ішіндегі жалғыз тұлға. Майданға кірген күннен бастап №55 танк бригадасы құрамында дәрігерлік қызмет көрсеткен қазақтың қайсар қызын отты күндерде қатар жүрген айналасы даланың қызыл гүлі деп еркелетіп «Роза» деп ат қойған екен. Елге есен-сау оралып, бейбіт күн, берекелі қоғам құру жолында ұзақ жыл табанды тер төккен апамыз мұны ешқашан есінен шығарған емес.


Рәзия Ысқақова 1922 жылы Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келген. Шымкент меди­циналық училишесін фельдшер мамандығы бойынша бітірген. Ол отан соғысына 1941 жылы қазан айында аттанады. Украйна майданында генерал-полковник П.Рыбалко қолбасшылық еткен танк армиясының қарамағында фельдшер болады. Апамыздың майдан даласындағы ерлігі жөнінде оның өз аузынан естігеніміз бір бөлек, тарихи құжаттарда да деректер аз емес. Соның бірі - №55 танк бригадасының бастығы, майор Багуславский былай деп жазады: «Ол жанып жатқан танктен батальон командирі Федоров пен экипаж мүшелерін алып шықты. Өжет қыз Роза осы шайқаста он бес жаралыға дер кезінде көмек көрсетіп пунктке жеткізді. Жауынгерлер «оны қазақтың гүлі, Қазақстанның Розасы» деп атайды. Қазақтың бұл гүлінің тал бойында он адамға татитын күш-жігер бар» деп жазды.
Рәзия 1941 жылы Сталинград қанды шайқасына қатысып қаншама жауынгерлерге жедел дәрігерлік көмек беріп командалық пунктке жөнелтуде жанқияр­лық ерліктің үлгісін танытты. Ол Сталинградтан бастап Харковьті, Киевті, Варшаваны азат етуге қатысты. Берлинді алу шайқасында болды. Праганы азат етуде де қан майдан ортасында болып, 44 жаралыны алып шыққаны үшін жауынгерлік марапаттарға ұсынылды.
Соғыстағы ерен ерлікетері үшін Халықаралық Қызыл Крест комитетінің «ФЛОРЕНС НАЙТИНГЕЙЛ» медалі Кеңес Одағы бойынша 26 медбикеге табыс етілсе, Қазақстаннан 3 фельдшер, соның бірі Рәзия Ысқақова еді. Бұл атаққа қанды жорықта жаралылар мен ауыр сырқаттарға көмек көрсеткен, оларды ажалдан аман құтқарған және мейірімді жүрегімен қамқорлық көрсеткен медбикелер лайықты деп танылды.
Рәзия Ысқақова жауынгерлік ерлігі үшін мұнан басқа «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Жеңіспен елге оралған қазақ қызының кеудесінде «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа да медальдар қатар түзеді. Әрбірінің артында қу жанды шүберекке түйіп отырып өзгенің өмірін сақтап қалу үшін арпалысқан өлермен жанкештілік жатқанын іштей түйсінгенде қазақ қызына құрметің еселей түседі.
Халқымызда «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі” деген қанатты сөз бар. Қақ төбеден ажал оғы себелеген қанды қырғыннан періштесі қағып аман қалған арудың елге қайтардағы келбетін тағы да майдан даласының күнделігінен кезіктіргенде оның бақытты шат бейнесі көз алдыңа кеп тұра қалады. «Дружба народов» журналының 1987 жылғы №5 санында атақты №55 танк бригадасының командирі, генерал-полковник, екі мәрте Кеңес Одағының батыры Давид Абрамович Драгунский былай деп жазды:«Соғысты жеңіспен аяқтап, алғашқы лекте әскери қызметтен босап елге қайтуға жиналған әйел азаматтар қатарында қазақ қызы Рәзия Ысқақова да бар еді. Енді оның аяғында керзі етік емес, тамаша веналық туфли, гмнастеркасында орден-медальдары жарқырайды. Мен Розаға, басқа да қыздарға гүл шоқтарын ұсындым».
Батыр қыз өмірлік серігі – Қали ағамызды да осындай ерекше тұлғасымен бір көргеннен ғашық еткені жөнінде оның қайнысы Алияров Бірлесбек ағамыз айтып берді. Жылда сәуір айында атамекені – Жаңақорғанға келіп, жыңғыл-тоғайын аралап, өзен жағалап, тауға шығып қайтса керемет сергіп тыңайып қайтатын ағамыздың биыл да туған жерге табаны тиді. Келсе газет шаңырағына соқпай кетпейтін әдеті. Бет қатталып жатқанда профессордың назарына жеңгесін еске алып отырған мақаламызды көлденең тосып, өзіңіз қандай естелік айтар едіңіз деп қолқа салдық.
– Қали ағам соғыста Берлинге дейін барған. Ол Берлиннің Шпандау деп аталатын ірі ауданында ту тіккен жауынгер.
Ағам өте келбетті кісі болатын. Әке-шешеміз нұсқаған талай бойжеткенді көзге ілмеді. Мінезі өте қатал, бір сөзді азамат болатын. Жеңгеміз Рәзия екеуі бас қосып, Жеңіс және Сәуле атты перзент көрді. Рәзия жеңгемнің бір ерекшелігі, ермінезді, ешуақытта мақтанбайтын. Ол кісінің батырға тән болмысына қанықпын.
Рәзия Ысқақованың мектепті бітіріп, медициналық арнайы білім алған соң әскер қатарында фин соғысында болғаны айтылмай жүр. Елге оралғаннан кейін неміс-фашистермен соғыс басталып, өзі сұранып майданға аттанған. Дүние жүзінде «Қызыл Крестің» атақты медалін иеленген 34 адам болса ол 26-шы болып алғанын білеміз.
Алпыс бесінші жылдар ғой деймін, «Известия» газеті бетінде «Где ты, Разия?» деген тақырыпта мақала шықты. Бұл медаль соғыста ерлік көрсеткен медбикелердің көзі тірісіне ғана беріледі екен. Иесін осылайша іздестіріп тауып, жеңгеміз Рәзия осы атақтың иегері атанды.
Ағам соғысқа туған нағашысы, кейін академик атанған Ахмет Ержанов екеуі бірге аттанбақ болып әскер сапына жазылған. Ташкенттен медициналық комиссияда Ахметтің көзі жарамсыз болып қалдырылған екен.
Қали мен Рәзия кейін қызмет бабымен Шымкент қаласына қоныс аударды.
Көкем жарық дүниеден жетпіс бір жасында озды» дейді.

ТҮЙІН: 2022 жылдың мамыр айында перзенттері болып Рәзия апамыздың 100 жылдығына арнайы ас берді.
Шымкент қаласындағы үйдің көше жақ қабырғасына “Бұл үйде Кеңес армиясының қаһарман жауынгерлері – Даушеев Қали және Рәзия Ысқақова тұрған” деп жазылған тақтайша ілінген.
Қазір Шымкенттегі Дәушеевтер отанының отын сөндірмей, маздатып отырған келіндері, М.Әуезов атындағы университеттің оқытушысы, профессор Нұржамал Қаликеліні немерелерінің қызығына кенеліп отырған бақытты ана.

Баян ҮСЕЙІНОВА
12 сәуір 2025 ж. 250 0