» » Ерлік өлмейді, ел ұмытпайды

Ерлік өлмейді, ел ұмытпайды

Соғыс – жүректерді мәңгілік сыздатқан жазылмас жара. Зұлмат жылдары қазақ жерінен жүздеген мың адам қолына қаруын алып, майданға аттанды. Бірі жаралы, бірі мүгедек болып оралса, енді бірі майдан даласында қалды. Қаншасы хабар-ошарсыз кетті. Ибадулла Даукенов те қанды шайқаста ауыр жарақатпен елге оралды. Темірдей тәртіп, мықты төзім мектебінен өткен жауынгер туған жер тыныштығын күзетіп, ел абыройын асқақтатуда қалтқысыз қызмет етті.
Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың Ұлы жеңіспен аяқталғанына 75 жыл. Бұл абырой мен даңқ мерекесі. Жыл өткен сайын қан майдандағы қатыгез ұрыстың тарихы бізден алыстап барады. Дегенмен ерлік ұмытылмақ емес. Бұл қастерлі күн жадымызда мәңгі жаңғырып тұрары анық.
1923 жылы Ибадулла Даукенов Жаңарық кеңшарында жұмысшы-шаруа отбасында дүниеге келді. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ қатарластарымен бірге еңбекте ерте шыңдалады. Соғыс оты шарпыған қиын-қыстау кезеңде даладағы қара жұмыс қарттар мен жастарға жүктелді. Егін егіп қамба толтырып, күн ұзаққа созылған ауыр еңбек Ибадулланы ерте есейтті. 1942 жылы әскер қатарына шақырылады.
Рухты жас аз уақыттық оқу-жаттығудан соң Сталинград майданына кескілескен соғыс ортасына түседі. Жан алып, жан беріскен қанды шайқастарда жас сарбаз азаматтық намысты жоғары қойды. Елім, жерім деп кеудесін оққа тосты. Алайда 1943 жылы жау оғынан ауыр жарақат алады. Әскери госпитальға түсіп, аяқ жарақатының ауырлығынан соғысқа жарамай туған елге қайтарылады.
Тән жарасы жазылар-ау жүрекке түскен жан жарасын кім емдейді? Ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің өтеуін кім төлейді? Бұл бір ғана Ибадулла Даукенов арқалаған жүк емес. Жаңақорған жерінен аттанған 5 мыңнан астам жауынгердің жүрегінде қалған сызат еді. Ауыр жарақаты жауынгердің жігерін жасытпады.
Ұзақ ем алып, аяғынан тұрған сарбаз 1944 жылдан бастап аудандық ішкі істер бөлімінде алғашында милиция қатарында қызметін бастады. Жауапкершілік пен қатал тәртіптің үлгісін көрсете білген ол басшылықтың оң бағасын алады. Көп ұзамай қызметте өсті. Лейтенант, аға лейтенант, тергеуші болған жылдары шырмалған қылмысты ашады. 1956 жылға дейін Жаңақорған, Шиелі, Қазалы ауданы ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Құқық қорғау саласында ел тыныштығын күзетіп, абыройлы қызмет атқарады.
1956 жылдың ортасынан бастап аудандық жанар-жағар май базасында қарапайым оператор болып еңбек жолын жалғады. Басшылық қызметін операторға алмастырған жауынгердің бойындағы асыл қасиетті осыдан-ақ аңғаруға болады. Мұнда да жауапкершілік танытып, аға оператордан директордың орынбасары қызметіне өсті. 20 жыл үздіксіз еңбек еткен ел ағасы 1986 жылы осы жерден зейнеткерлікке шықты. Бейнетінің зейнетін көре жүріп те еңбектен қол үзбеді. Тәртіп пен тыйымды берік ұстанып, жастарға ел қорғаны болуда ақыл-өсиетін аямады. Қоғамның өрескел келбетін түзеуге атсалысты.  
Ибадулла Даукенов қызметте жоғарыласа да төмендегіні ұмыт қалдырмаған жан. Әлсізге қамқор, кішіге ақылшы, дәрменсізге демеу болды. Елді бірлікке, ағайынды татулыққа үндеді. Қай жерде, қандай қызмет атқарса да тиянақтылығы, адалдығы арқасында елге сыйлы, қадірлі, құрметке бөленді.
Халық қалаулысы майдандағы өшпес ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені, Жеңістің 20-25-30-40 жылдығы және бірнеше медальдарымен марапатталды. Бұған туған жерін түлетуге жолындағы алғаусыз алғысты қосыңыз. Өмірдің ащысы мен тұщысын бірге татқан жары Бибажар Қалымбетова екеуі 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, өсірді. Парасатты әке мен пайымда ананың тәрбиесін көріп, еңбекпен есейген перзенттері бүгінде ортасына үлгі-өнеге боларлықтай жандар. Бүгінде батырдың ұл-қызынан тараған 20 немере, 21 шөбере өсіп-өнуде. Бойына әке сіңірген адалдықтың ақ жолынан таймаған ұрпағы түрлі салада еңбек етеді. Тұңғышы Ұлбосын 30 жылдан астам аудандық аурухананың есеп бөлімінде қызмет атқарып, зейнетке шықты. Ұлы Талғат аудандағы арнайы балабақшада қызмет атқарады. Өзге ұл-қыздар еліміздің әр өңірінде өз мамандығының мақтаулылары. Ата жолын қуған немересі Ербол Туркия елінде әскери білім алып, Алматы қаласында қызмет атқаруда. Қалған немерелері денсаулық сақтау, білім саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
Майдангер 1991 жылы 28 наурызда 70-ке таяған шағында бақилық болды. Оның артында өнегесін өшірмейтін ұрпағы қалды. Міне, ерлік өлмейді, ел ұмытпайды деген осы болар.
Майра ҒАНИЕВА   
12 мамыр 2020 ж. 699 0