Майдангерлер ерлігі ел жадында
Ұлы Отан соғысының сойқанын ешкім де ешқашан да ұмытпауы тиіс. Алайда бүгінгі бейбіт күн үшін отқа түскен мұздақтардың ерлігін жадымыздан шығара бастадық. Ең өкініштісі де осы. Менің атам Қадыр Ысмайлов Кеңес одағының үш мәрте «Қызыл жұлдызы» атанған, «Кенигсбергті алудағы шайқасы үшін», «Ұлы Отан соғысының 2 дәрежелі» медалінің иегері жайлы ауданда көп айтыла бермейді.
Атамыз Қадыр Ысмайлов – 1915 жылы Жаңақорған ауданы, бұрынғы Красная звезда, қазіргі Төменарық кеңшарында дүниеге келген. 1939 жылы 24 жасында Отан алдындағы борышын өтемек болып, Кеңес әскерінің құрамына қосылған. 1940 жылы әскерден абыроймен оралып, әжеміз Қалдаш Мәмбетовамен шаңырақ құрыпты. Қылышынан қан тамған қиын кезеңдерде күнкөрістің өзі қиын болған. Ішерге нан таппай отырған қара халықтың езгісіне, сұрапыл соғыстың сойқаны келіп сезілген. Соғысуға жарамды ержүрек, дені сау адамның барлығы қан майданға аттанып, қаруын асынып, кете барған-ды. Оның ішінде атам Қадыр Ысмайлов та бар. Ол – бүтін әлемді дүр сілкіндірген 1941 жыл болатын.
Әскерде үздік сержант атанған атам майдан даласында да жауынгерліктің ерен үлгісін көрсете біліпті. Қолда бар деректерге сүйенсек, «бөлімше командирі», «жасақтың минометчигі» деген жауапкершілікті жұмыстарды атқарған. Өзге майдангерлерге соғыс тактикасын, жаудың көзін талқандаудың түрлі техникаларын үйретіпті. Отан үшін жан алысып, жан беріскен ол Ресей жері мен Жапония түбегіне дейін шайқастарға қатысқан екен. Мұның дәлелі деп 1946 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің атынан берілген «Жапония үшін шайқас» медалін айтуға болады.
Тарихтан белгілі болғандай, 1945 жылы «Ұлы Отан» соғысы Кеңес үкіметінің жеңісімен аяқталды. Қазақтың аман қалған қас батырлары елге, отбасына оралып жатқанда, Қадыр атам тағы да жау жасағын кері қайтару үшін Жапонияға дейін шайқасады. Осылайша, фашистік Германияны Кеңес үкіметінің жерінен біржолата шегіндіріп, 1948 жылы туған жеріне оралыпты. Яғни, 7 жыл бойы оқ пен оттың ортасында өлместің күнін кешкен. Осының бәрі әрине бүгінгі бейбіт күн үшін. Қалайша ұлықтамасқа? Мұндай жанқиярлық ерлікті қалайша дәріптемеске?.
Иә, соғыс оңай емес. Оң көзі зақымданып, елге оралған. Төменарықтағы қасиетті қара шаңыраққа келіп, соғыстан есеңгіреген елдің әл-ауқатын көтеру үшін тынбай тіршілік қылады. Тас зауытында алыптай тастарды қол күшімен құрылысшы болған. Соғыстағы ауыртпалық бар, оған қоса тас зауытындағы салдары денсаулыққа кесірін тигізбей қоймасы анық. Осылайша, ол 1969 жылы бауыр ауруынан жан тапсырады. 54 жылдық ғұмырнамасында қалың қазақтың болашағы үшін, отбасының амандығы, жері үшін ерлік көрсеткен ардагер атамның жасындай ғұмыры осылай сөніпті. Отан-Ана, туған жер деп соққан жүрек сол сәттен бастап қара жерден тынысын үзген. Егемендіктің ақ таңын аңсаған ардагер енді жоқ...
Көпке қуаныш сыйлап, бүгінгі бейбіт ғұмыр үшін күрескен абзал жанды ешкім де бақилыққа қимасы анық. Десе де, адам ұрпағымен көрікті, соңына салиқалы ұрпақ қалдыра білді. Екі қызы – Айткүл мен Дүйсенкүл және менің әкем Үсен – атамның өмірінің жалғады. Бүгінде ардагер атамның тегін арқалаған 20 немере мен 30 шөбере бар. Жаратқанға әрқашан шүкір деймін, ардагердің аманатымын. Осыны әрқашан мақтан етемін!
Қазақтың біртуар ұлы Мырзатай Жолдасбековтің мынадай керемет сөзі бар. «Елді ояту үшін тарихын ояту қажет». Бұл сөз бүгінгі руханият азғындаған, құлдыраған қоғамға аса қажет. Тарихты тізбектеп, өткенді ояту арқылы ғана біз болашаққа бірігіп жол бастаймыз. Тіршілік тынысымен Нұрсұлтан қаласында күн кешіп жатсақ та, ата алдындағы борышым мені әрқашан туған топыраққа тартып тұрады. Батыр атамның мүрдесі жерленген «Құм-Сахаба» зияратына бару, қасиетті Құранды бағыштау бізге парыз. Оның ел үшін еткен еңбегін жариялау, архивті ақтару, ақпаратты тарату – бұл әкемнің аманаты. Сондықтан, бұл мақаланы жазуым бекер емес.
Жаңақорғандық жерлестерім, өскелең ұрпақ, ертеңгі болашақ түп тарихты, бабалар жолын танып өссе деген риясыз ниет. «Атадан жақсы ұл туса игі, ата жолын қуса игі». Бұл да кеңшілікке ұмтылған дана қазақтың тауып айтқан сәуегейлі сөзі. Батыр атаның жолын қуған бауырларым, бейбіт күннің болашағы үшін еңбек етіп жүр. Бүгінде – ағам Асан Қадыров Аягөз қалалық Әскери Қорғаныс бөлімінің Автобатальон командирі, інім Олжас Үсенұлы Алматы қалалық ТЖД Өрт сөндіру қызметі Азаматтық қорғау кіші сержанты. Әпкем Айткүл –Жаңақорған ауданының білім саласының өркендеуіне сан жылдан бері еңбек сіңірген зейнеткер.
Өзім Нұрсұлтан қаласында тұрып жатырмын.
Бүгінде ардагер атамның қолда бар құжаттары аз. Архивтен ақтаруға тура келеді. Әулеттің ниеті – ата мұрасын тірілту, табу, көпке таныту. Ол – «Кенингсбергті алудағы шайқасы үшін», «Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 20 жыл», «Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 40 жыл», «Ұлы Отан соғысыеың 2 дәрежелі медалінің» және үш дүркін «Қызыл Жұлдыз» медалінің иегері. Кеңес Оданының қас батыры. Ал, біз білмеген тың деректер қаншама. Ең өкініштісі, бүгінде батыр атамыз жайлы аудандық ақпараттық арналарда, әскери бөлімде, арнайы тақтайшаларда ешқандай деректер жоқ. Аты да, еңбегі де жазылмаған. Қабырғаны қайыстырғаны осы...
Сондықтан, атам сынды ардагерлердің ержүрек рухын, жан алысып, жан беріскен ерлігін танытатын деректер көптеп айтылып, газет бетінде жарық көрсе деймін. Тиісті деңгейде ұлықталып, ескерілсе деген риясыз ниет.
Алмас ҮСЕНҰЛЫ