№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕРЛІКПЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР

ЕРЛІКПЕН ӨРІЛГЕН ҒҰМЫР


Ұлы Отан соғысында өр кеудесін оққа тосып, жалынның ортасында болған бабалар рухына тағзым жасап, олардың ерлігін елеусіз етпей, әр уақыт еске алу бүгінгі ұрпақ үшін перзенттік парыз. Осыны ескерген аққорғандық ағайын Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері Әнуар Әбутәліповтың 95 жылдығын жоғарғы деңгейде өткізіп, клуб қызметкерлері арасында өткен «Ерлікпен өрілген ғұмыр» атты облыстық сценарийлердің жабық байқауын қортындылады. Жиылған жұрт алдымен тағзым алаңына гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына Құран бағыштады.
Өткен батырлардың ерлігін ұрпақ санасына сіңіріп, тәуелсіз елдің тарихындағы соқпағы мен сүрлеуі мол жылдарды бүгінгі жастар жадында мәңгі сақтау мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен бастау алған шараны аудан әкімі Ғалым Әміреев алғы сөзбен ашып, барша аққорғандықтарды мерекемен құттықтады.
– Соғыс – күллі адамзаттың тынышын бұзып, ананы баладан, баланы әкеден айырып, жерді, елді иесіз қалдыратын қаралы оқиға. Осы қаралы қасіретті біздің ата-бабалар өшпес ерлігі мен қайтпас рухының арқасында жеңіп шықты. Сол қиын-қыстау заманда Әнуәр Әбутәліпов сынды батыр аталарымыз қолына қару алып, қан майданға аттанды. Міне, бүгінгі бейбіт заман осы кісілердің ерлігінің арқасы. Құрметті аққорғандықтар, мерекелеріңіз құтты болсын. Жеңісті күндер көп болсын, – деді Ғалым Махмұтбайұлы.
Астана қаласының 20 жылдығы мен Қызылорда қаласының 200 жылдығы аясында ұйымдастырылған рухани кеш Ұлы Жеңістің 73-ші көктеміне сәйкес келіп, Ә.Әбутәліповтың ерлігі туралы музыкалық-драмалық композициямен шымылдығын ашты. Батырлар кейіпіне енген әртістердің әсерлі қойылымынан қанға шомған соғыс жылдарына бір сәтке сапар шеккендей күйге ендік. Батыр бабаның 19 жасында соғысқа аттанып, 1944 жылы Дебрецен операциясында көрсеткен ерлігі, 18 жауды жайратып, жаудың 3 тигрын отқа орағаны көз алдымыздан сағымдай өтті.
Одан әрі облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Жаңақорған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесе өткізген, клуб қызметкерлерінің арасындағы сценарийлер байқауының қортындысын жариялады. Байқауға қатысқан 19 клуб қызметкері көпшілікке таныстырылып, қазылар алқасының төрайымы, облыстық халық шығармашылық орталығының бас режиссері Орынкүл Бұрханова сценарийстердің кіл мықтыларын марапаттап, сый-сияпат жасады. Екі айға созылған жабық байқаудың нәтижесінде Сырдария ауданынан Жанат Шайзадаева, Нағипа Алданиязова, Сымбат Алматова мен аралдық Баян Тұрсынова «Алғыс хатпен» марапатталды. Ал, Әнуар Әбутәліповтың атындағы арнайы жүлдені Арал ауданынан келген Алтынбек Кеңесбаев иеленді. Сонымен қатар, І орынды Түгіскен ауылдық клуб үйінің директоры Бақытгүл Тасқожаева қанжығасына байласа, ІІ орынды шиелілік Айзада Әшімқызы иемденді. ІІІ орын қазалылық Нұрлан Байкеев пен Жаңақорған ауданы, Кейден ауылдық клуб үйінің директоры Балмұханбет Әбжаппаровқа бұйырды.
Сондай-ақ, сахна төрінде Сырдария ауданы, кенттік мәдениет үйінің «Жеңіс таңы» сценарийінен, Кейден ауылдық клуб үйінің «Ана тағдыры» пьессасынан үзінді қойылып, көрермен көзайымына айналды. Көпшілік мерекелік шараға жоғарғы баға беріп, көтеріңкі көңіл-күймен тарасты.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
15 мамыр 2018 ж. 1 052 0