Жетінші рет жеңіске жетті
Елбасының «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық білім басқармасының кубогы сарапқа салынды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлері арасында өткізілген дәстүрлі облыстық волейбол турнирінде кіл мықтылар бас қосып, додалы ойынның озық үлгісін көрсетті.
Аламанда атой салып, доп ойнаған спортшылар ішінен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің бәсі биік, мерейі үстем шықты. Себебі, дәстүрлі турнирде жерлестер 7-ші рет көш бастады. Яғни, жүлделі I-орынға қол жеткізді.
– Волейбол – біздің команда үшін ең сүйікті спорт түрі. Жылдағы дәстүрге сай бұл турнирде де жеңіске жеттік. Мұның бәрі командамыздың ауызбіршілігі мен шеберлігінің арқасында, – дейді команда ойыншысы Жұмахан Нұртазаев.
Аграрлы-техникалық колледж директоры Жомарт Шәуеновтың айтуынша, кәсіптік оқу орнының спорттағы белесі биік. Әсіресе, волейбол ойындарына қызығушылық пен сұраныс жоғары екен. Сондықтан, команда жеңімпаздары әлі талай додаларда үздік өнер көрсетпек. Лайым, жеңіспен оралған жерлестердің қоржыны алтын кубокторға тола бергей. Біз соған тілектеспіз.
Ханым ТӨРЕХАН