Жаңару кілті – жаһандық көзқараста
Елбасының халыққа арнаған кезекті Жолдауында жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау қажеттігі айтылған. Мұның мәнісіне тоқталсақ, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасы арттырылуы тиіс. Сол сияқты компьютерлік жарақтануды жетілдіру арқылы жас ұрпақты ғылыми зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды кірістіруге мүмкіндік ашылатынын айтты. Цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, кең жолақты интернетке қосу және мектептерді видео құрылғылармен жабдықтау талабының өзектілігін ескертті.
Жаңақорған аграрлы технологиялық колледжі кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңартып, сапалы кадр дайындауды жолға қойып отыр. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» аясында грант иегерлері тізімі жасалып, мемлекет тарапынан жастарға алғашқы мамандық берілуде. Колледж үздік оқытушыларының видео-сабақтары мен видеолекциялары интернетте орналастырылып, көптің игілігіне жаратылуда. Техникалық оқу ошағы басшылығы өндіріс, кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, оқушы білімін тәжірибе алаңында шыңдауға мол мүмкіндіктер жасалып отыр.
Мақсат-жеке тұлға қандай оқу орнында білім алсын, ол жан-жақты мәдениетті, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, жаһандық көзқарасы бар азамат болып қалыптасуы тиіс.
Перизат Қалкузова,
Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің экономика пәні мұғалімі.