Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұл туғанда – күн туар

Ұл туғанда – күн туар



Бесіктегі жатқан Нұрали қолын ағытуға тыраштанып жатыр. Бұл – оның өжеттігінен еркіндікке деген ынтызарлығы ма? Алайда аяқ-қолын шеше алмайтынына көзі жеткен ол, «іңгәлап» кең бөлмені азан-қазанға айналдырды. Анасы «қарны ашқан болар» деп емізді. Нұралидің өксігі сонда да басылар емес...
– Еркелігінен айналайын! «Қолымды шеш» деп жатырсың ба? Қазір. Шыдай тұр, шыдай тұр – деп Сәуле бесікке қымталған қолын шешті. Сол-ақ екен жан-жағына қарап, «періште күлкісімен» жадырай түсті. «Алтауы бір төбе, Нұралиім бір төбе ғой! Балам өскенде үлкен азамат болады. Бәлкім, тізгін тартар көкпаршы болар», – деп сөзге араласты Сұлтанмахмұт.
Иә, алты қыздан кейін келген «еркек кіндік» Әбділданың ұрпағын жалғайды. Содан болар, қазақ ұлына ерекше мәртебе беріп, «Ұл туғанда – күн туар», «Ұл өссе ұлығымен» деген сөздермен кестелеп, перзентіне мазмұнды тәлім-тәрбие беруге тырысады. Әрине, ұлтты тәрбиелейтін – ана. Сондықтан қазақ қоғамында қыз баланың өзіндік орны бар. Дегенмен, зерделі халықтың нақылында «Ұл өссе, әке тынығады» дейді. Осыдан-ақ, әрбір отағасы «ат ұстар туды» деген хабарды қаншалықты күтетінін топшалауға болатындай.
– Бибіжамал, Несібелі, Ұлпан мен Ұлман, Мәруа және Мерейім қуанышым. Олар үйдің – гүлі. Ал, Нұрали – тірегі. Жалғыз ұл ата-анасының ағы мен қарасындай өте қымбат жан ғой! Осы себепті баламның құрметіне көкпар шаптырып жатырмын, – деп сөзін жалғады С.Әбділдаұлы.
Дүбірлі ат додасына Аққорған, Қожакент, Машбек Нәлібаев, Жаңаауыл, Әбдіғаппар, Ақүйік, Сүттіқұдық, Қожамберді және Төменарықтың 90 шабандозы жиналыпты. Спорттық шараны тамашалауға келгендердің қарасы көп. Көкпаршылар Төменарықтың топырағын көкке көтеріп, көрермендердің делебесін қоздырды. Әсіресе, қошқар секілді салым қойылғанда көкпаршылар «қи-қулап» таласып, үлкен иірім жасаған сәтте, жиналғандар ентелеп, бас шайқасып, дүбірлі даланы қолдаған дауыс жаңғыртып жіберді. Осыдан-ақ қазақтың жаны жылқымен қалай егіз екенін ұғуға болатындай. Мұндай дала мерекесін төменарықтықтар сағынып қалғандықтан болар, кеш қарайып, күн ұясына батқанша тарқаспады. Додада Руслан Жұмабеков, Қыдырхан  секілді сақа көкпаршылар бірнеше рет көзге түсті.
Айтқандай, көкпар барасында жастарды атқа қондырып, тақымын сынап та көрді. Бойы биік тұлпардан салымға қолы жетпеген балғындар біраз әбігерге түсті. Бірнеше минуттан кейін тақымға басқан көкпарды біресе шығысқа, біресе батысқа шауып, әйтеуір межеге салым тастады-ау. Бұл жолы жас шабандоз Жандос Базарбеков ерекшеленді.
Күн батты. Әр жерден кісінеген аттардың даусы даланың әуезді әуенін жандандыра түсті. Үйіне қайтқан жанкүйер жолшыбай көкпардың қалай өткендігі жайлы талқылап келеді. Бірі «дәстүр жалғасын тапса екен» дейді. Екіншісі аудан көкпаршыларының басын қосған С.Шүкемановқа алғысын айтып барады...
Әбділданың шаңырағына қайта бас сұқтық. Сұлтанмахмұт бесікте жатқан ұлын көріп: «Мен баламды көкпаршы қыламын. Себебі көкпар адамның шыдамдылық, сенімділік, қайсарлық, батылдық қасиетін қалыптастырып, мінезін шыңдайды. Құдай қаласа, бес-алты жасынан тақымын қатырып, сәйгүлік мінезді азамат болуына жағдай жасаймын», – деді.
– Жалпы, көкпарда жас балалардың көкпарға таласқанына қатты қызығамын. Өйткені болашақ көкпаршы солар. Осы себепті жастардың көсіле шабуына көп мүмкіндік берген дұрыс. Мынау ақпараттық технология дамыған заманда жастар компьютердің алдында төселіп отырғаннан, атқа отырып, бойын сергіткенге не жетсін? Оның үстіне, автокөліктің маңызы артқан уақытта атқа қызығатын балғындарды қолдап, көкпар тартуына жол ашу керек, – дейді көкпар беруші азамат.    
12 маусым 2019 ж. 597 0