№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » ШЫҢЫРАУДАН ШЫҢҒА ШЫҚҚАН...

ШЫҢЫРАУДАН ШЫҢҒА ШЫҚҚАН...

Соңғы жылдары Жаңақорған ауданында армрестлинг спорты даму жолына түсті. Қазақстан Республикасының чемпионаттарында жүлде алып, Азия және Әлемдік бәсекелерде табысты өнер көрсете бастады. Мұндай жетістікте жастардың жігерін жанып, физикалық дайындығын пысықтап жүрген Шыңғыс Азнабаевтың еңбегі ұшан-теңіз.

Расында, Шыңғыстың қол күрес спортын тізгінге алғалы жаңақорғандық білектілердің бағы жанып, бабы келісе бастады.
Бәрі былай басталады. Армрестлингке көңілі ауған азамат шағын жаттығу залын ашады. Онда қажетті техникалық құрылғылар мен снарядтарды іздеп табады. Осылайша жаттығуды бастап кетеді. Аз уақытта қасына жастар жиналып, Шыңғыстың қызметіне сұраныс арта бастайды. Осылайша, аядай оқу-жаттығу бөлмесі заманауи талаптарға жауап беретін залға айналды...
Енді Шыңғыстың бапкерлік қызметіне тоқталсақ. 2011 жылы нұсқаушы болып жұмысқа орналасқаннан бастап аудан жастарын кәсіби спортқа баули бастайды. Одан кейін, 2013 жылы спорт клубы ашылып, клубқа жалпы дене дайындығы тобының жаттықтырушысы қызметіне ауысады. Содан бері бірнеше шәкірт тәрбиелеп, аламандарда топ жаруына жағдай жасады, Атап айтқанда, Шерхан Мақсұт, Бағлан Қияқбай, Қанжарбек Абілдаев және басқа да жастар ірі-ірі турнирлерде жеңіс тұғырынан көрініп, елдің абыройын асырды.
– Осыдан сегіз жыл бұрын «Алтын күзге» қол күрес пен гір тасын көтеруден спортшылар алып бардым. Сондағы нәтиже үшінші және төртінші орынмен қайттық. Бұл – бізге үлкен сабақ болды. Одан кейін шәкірттердің жаттығуына жіті көңіл бөліп, келесі жылдан бастап үздіктер қатарынан көріне бастадық. Содан бері облыстық сындарда үздік үштіктен түскен емеспіз, – деді кейіпкеріміз.
2015 жылы Шыңғыс шәкірттері алғаш Қазақстан чемпионатына барып, үш жүлдемен оралады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасынан бір күміс, бір қола және жасөспірімдер арасында күміс алқаны еншіледі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар демекші, 2018 жылы жаңақорғандық армрестлингшілер Қазақстан және Азия чемпионатында жүлде алды. Мәселен, Абусейіт Реметов пен Радбек Фазылов құрлықтық аламанда жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– 2013 жылы марқұм Әмір Рысбеков мүгедектер арасындағы спортты дамытуды қолға алды. Сол кезден бастап қол күреске келуші жастардың саны артып, жарыстардан жүлдемен орала бастады. Міне, бүгінгі нәтижелердің негізі сол кезде қаланды деуге болады, – дейді ол.
Жалпы, Сыр өңірінде қол күрес спортында бәсекелестік өсіп келеді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың арасында бәсеке бәсі биік. Дегенмен, жаңақорғандықтар фовариттік тізгінді берген жоқ. Оған дәлел, 2017, 2018 жылдың қорытындысымен аудан қол күресі мен гір спорты бойынша облыста үздік атанды.
– Алдағы жоспар қандай?
– Ең бірінші меже, биылғы Қазақстан біріншілігіне топ жарып, Ташкентте өтетін Азия чемпионатына жолдама алу. Екі айдай уақыт бар. Сондықтан дайындықты күшейтіп, әдіс-тәсілдерді пысықтап жатырмыз.
Өзім де 40 жастан асқандар арасында қол күрес және гір тасын көтеруден өтетін жарыстарға дайындық үстіндемін, – деп әңгімесін түйіндеді.
Айта кететіні, енді Жаңақорғанда мүмкіндігі шектеулі бұрымдылар арасындағы армрестлинг спортын дамытуды жолға қоймақ. Білікті бапкерден әңгіме арасында соны білдік.

СӨЗ СОҢЫ. Шағын ғана Шардарадан 9 Әлем чемпионы шыққанын білеміз. Шыңғыс Азнабаев сынды тынымсыз ізденісте жүретін, еңбеккор бапкер барда мұндай жеңістікке біздің жігіттер де жететіні анық...

Әли ТЕМІРБЕК.
22 қаңтар 2019 ж. 931 0