№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Чемпион жүректі бұрымды балуандар

Чемпион жүректі бұрымды балуандар


Мереке мен Меруерт. Бұл қос арудың есімі бүгінгі күрес әлемінде, оның ішінде белбеу күресі мен өзбек күресінен жаһан жұртына жақсы танымал. Міне, сол қос қызымыз тағы да өздерінің үздіктер қатарында екенін тағы бір дәлелдеді. Өткен аптада Өзбекстан мемлекеті, Наманган қаласында Әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Кіл мықтылар бас қосқан байрақты бәсекеде біздің елдің балуандары жүлдесіз қайтпады. Еншімізде 5 алтын, 2 күміс және 8 қола бар.

  Жарыстың алғашқы күні ерлер бозкілемге көтерілді. Жарыстың еркін және классикалық түрінен жігіттер қоржынға 5 бірдей алтынды түсіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Келесі күні арулар сынға түсті.

Алдымен 76 келідегі жерлесіміз Мереке Құдайбергенова кілемге келді. Ақтық сынға дейін орыс, өзбек, қырғыз балуанын ұтып, алтын тұғырда орыс бұрымдысына жол берді.

– Шыны керек, бұл күресте орыс қыздарының мерейі үстем. Дегенмен, олармен тең деңгейде өнер көрсетіп жүрген қазақ қыздарының да шоқтығы биік. Ақтық сында бір ғана қадам жетпей қалды. Егер алтын алғанда, спорттық мансабымды аяқтауға дайын едім. Әлемнің екі дүркін чемпионы болу бақыты биыл бұйырмады. Құдай қаласа келер жылы бағындыруға тырысамын. Бір қуантарлығы, өзім осы салмақта әлемнің үздік үштігіндемін, мен үшін бұл ең үлкен жетістік, барша бапкерлерге, жанкүйерлер мен ата-анама, достарыма мың алғыс. Барлығына уақыт төреші, бұйырған кетпес, – деді чемпион қыз.

Иә, Мереке Құдайбергенова қазақ белбеу күресінің мақтанышы, елдің бірнеше дүркін чемпионы. Өз салмағында соңғы жылдары қарсылас шақ келтірмей жүр. Әрі, осы жарыста корештен, яғни, өзбек күресінен Мереке тағы күміспен күптелді.

76 келіден жоғары салмақта жүрген Меруерт Әбубәкірдің бағындырған белесі бір төбе. Бір шаңырақтың келіні бола тұра, биыл әлем сахнасында қоламен қуантты. Ол да әлемдік белбеу тарихына өз есімін жазып келеді.

Меруерт те, Мереке де белбеу күресінен бөлек, қазақша күрес, самбо мен дзюдодан аймақ абыройын асқақтатып жүр.
– Жыл сайын белбеу күресінің деңгейі өсіп, бәсекелестік арта түсті. Биылғы сын балуандарымызға оңай болмады. Бұйырса келер жылға үлкен дайындықпен барамыз.

– Алдыда қандай жоспарларыңыз бар?

– Көшпенділер ойыны келе жатыр. Аллы нәсіп етсе, балуандар осы жарыстың төрінде еліміздің әнұранын шырқататын болады, – деді балуандардың бапкері Әбдісаттар Садықов.

Иә, Түркия елінде өтетін халықаралық додада біз өз балуандарымызға сенеміз. Тек тілек тілеп, қаржылық қолдау көрсетсек болғаны. Бұл байрақты сын да қазақ елінің спортына үлкен биіктік.

Әлібек ТЕМІРБЕК
23 қыркүйек 2022 ж. 1 292 0