№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖЕҢІМПАЗДАР ЖЕҢІСІН ЕЛОРДАҒА АРНАДЫ

ЖЕҢІМПАЗДАР ЖЕҢІСІН ЕЛОРДАҒА АРНАДЫ


Павлодар қаласында өткен белбеу күресінен әйелдер және ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының кубогында Сыр балуандары керемет нәтижеге қол жеткізді. Астана қаласының 20 жылдығына тұспа-тұс келген ел біріншілігінде жерлес балуандар бұрын соңды болмаған табысқа қол созды. Оның ішінде жаңақорғандықтардың үлесінде төрт алтын, екі қола бар. Қызылорда қаласының 200 жылдығы мен Жаңақорған ауданының 90 жылдығына тамаша тарту жасаған жерлестерімізді жеңісімен құттықтадық.
Жарыстың алғашқы күнінде сынға түскен бұрымдылар жеңіс тұғырынан көрінді. 52 келіде бозкілем төріне көтерілген Диана Ғайбулла тек жартылай сында сүрінді. Дегенмен, қола Диананың еншісінде қалды. Бұл жүлде 66 келіде бақ сынаған Арайлым Қанзадаға да бұйырды. Ол да ақтық сынға жолдама ала алмай қоламен қуантты. Ал, қос алтынды Мереке Құдайбергенова мен Меруерт Әбубәкір қанжығасына басты. Алдымен, 76 келіде бозкілемге Мереке Құдайбергенова шықты. Астаналық және жергілікті балуаннан басым түскен ол ақтық сында алматылық бұрымдымен жолы түйісті. Тартысты өткен текетіресте Мереке ел кубогының алтынын еншіледі.
– Шыны керек, бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Біз барымызды салдық. Былтыр да чемпион атанып едім, міне араға жыл салып ел кубогының биігіне қайта шығып отырмын. Маған жанкүйерлік танытып, үнемі демеу болып жүрген жерлестеріме және ағайыма алғысым шексіз. Бұл дода Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған. Сондықтан, жеңісімізді еңселі Елорданың төл мерекесіне арнаймын, – деді Мереке.
Сондай-ақ, 76 келіден жоғары салмақта Меруерт Әбубәкір де ешкімге дес бермеді. Қандай белбеу күресінің аламаны болмасын жүлдесіз оралмайтын қос жаңақорғандық ару осылай алтындарымен қуантты.
Сонымен, келесі күні ерлер жарыс жолына шықты. Олар да екі бірдей алтынды еншіледі. Байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтатып жүрген Нұрлыбек Алдаберген 75 келіде өзінің теңдесіз екенін дәледеді. Ал, 2016 жылы өткен Әлем біріншілігінде қоламен қуантқан Нұрлан Пайзеллаев 82 келі салмақта алтынды мойынға тақты. Жүлделерін Астана қаласының 20 жылдығына арнаған қос саңлақ аудан мерейін үстем етті.
Жарыстың соңғы күні командалық сында бозкілемге қайта көтерілген ерлер жүлдеге іліне алмады. Ал, қыздар бірінші орынға шықты. Иә, білікті бапкер Әбдісаттар Садықовтың төл шәкірттерінің бұл алғашқы тұғыры емес. Бұған дейін талай шыңды еңсерген олардың алар асуы әлі алда екені шүбәсіз.
– Жігіттердің де, қыздардың да дайындығы өте жоғары. Әттеген-ай деген тұстар болды. Десе де, алты жүлде біз үшін үлкен жетістік. Осы нәтижені енді қырғыз елінде өтетін кезекті көшпенділер жарысында қайталасақ деген ниетіміз бар. Жанкүйерлер балуандарды демеп, қолдап отырса болғаны, бұйыртса оны да бағындырамыз, – деді жаттықтырушы.
Айта кету керек, белбеу күресінен Сыр елінің еңсесін тіктеп жүрген жаңақорғандық жастардың орны бір төбе. Яғни, Қызылорда командасының мерейін асырып келе жатқан команда мүшелері біздің ауданнан. Дегенмен, жанкүйерлер жерлес балуандардан одан да биікті күтеді. Оған балуандарымыздың әлеуеті жетеді. Ең бастысы, жастар жігерлі, қыздарымыз қайсар, жігіттер жалынды.

Әли ТЕМІРБЕК.
06 шілде 2018 ж. 1 214 0