№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Аққорғандық балуан әлемді бағындырды

Аққорғандық балуан әлемді бағындырды

Сүйінші! Көптен күткен алтын да бұйырды. Нұр-Сұлтан қаласында өткен белбеу күресінен жастар арасындағы Әлем чемпионатында қазақ елінің қоржынына екі алтын, бір күмісті жаңақорғандық балуандар салды. Диана Ғайбулла мен Алиса Нұртас алтынды еншілесе, Алдаберген Нұрберген күмісті мойынға тақты.


Былтыр Елорда төрінде өткен бай­рақты бәсекеде Диана күмісті, Алиса қоланы қанағат тұтқан болатын. Биыл қос бұрымды да жүлделерін алтынға алмастырды.
– Өте керемет нәтиже. Белбеу күре­сінен алтынды көп күткен едік. Міне, бір емес қос алтын бұйырды. Енді келер жылы осы нәтижені ересектер арасында қайталаймыз деген ойдамын. Тек Нұрбергенге ақтық сында сәттілік жетіспеді. Ол да жас балуан, келешегі алды. Қос қызымыз үмітті ақтады, – деді бас бапкер Әбдісаттар Садықов.
Алдымен бозкілемге 52 келіде өнер көрсеткен Диана көтерілді. Бірінші кез­десуінде өзбек қызын, одан кейін орыс балуанын ұтқан жерлесіміз ақтық сында да орыстың бұрымдысын жеңіп, алтын тұғырдан көрінді.
– Өз жерімізде өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын алмау үлкен сын болды. Сол үшін барымды салып, еліме қуаныш сыйлағым келді. Былтырғы кеткен есемді қайтардым. Бапкерлердің айтқандарын бұлжытпай орындауға тырыстым. маған демеу көрсетіп, қолдаған жанкүйерлеріме, ата-ана­ма және бапкерлерге үлкен алғыс білдіремін, – деді чемпион.
Айта кетейік, Диана биыл алғаш рет ересектер арасында әлем чем­пионатында бақ сынады. Татарс­танның Қазан қаласында өткен әлем біріншілігінде де 52 келіде өнер көрсетіп, күмісті сыйлаған еді. Міне, екі жыл қатарынан кеткен есені осы жолы қайтарды. Одан кейін 76 келідегі Алиса кілемге шықты. Ол да алғашқы белдесуін өзбек қызымен кездесіп, оны жеңді. жартылай орыс қызын, ал, ақтық сында қазақ балуанын жер иіскетіп, спорттық мансабында алғашқы ірі жеңісіне қол жекізді.
Ал, ұлдар арасынан ел намысын қорғаған Нұрберген болса ақтық сынға дейін сүірнбей өтті. Тек ақтық сында ресейлік балуанға жол берді.
– Жарысқа тыңғылықты дайын­дық­пен келдім. Алтынға бір ғана қадам жетпей қалды. Қолымнан келгенін жасадым, алайда бұл жолы бағым жанбады. Күміске де қанағат, – деді жігерлі балуан.
Міне, үш күнге созылған әлемдік бәсекеде қазақ елінің намысын қорғаған жаңақорғандық, нақтырақ айтқанда түгіскендік балуандардың көрсеткен нәтижесі осындай болды. №8 спорт мектебінің оғландары белбеу күресінен бөлек, самбо, дзюдо және қазақша күрестен Сыр елінің мерейін асырып келеді. Осы жолдан таймаса біз осы жастарды Олимпиада ойындарынан көріп қалуымыз ғажап емес. Сәттілік серік болсын балуандарға.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
01 желтоқсан 2019 ж. 888 0