№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бірінші орын алған біздің балуандар 16 жүлдені еншіледі

Бірінші орын алған біздің балуандар 16 жүлдені еншіледі

Қостанай қаласында жалауы көтерілген белбеу күрестен Қазақстан чемпионатында Сыр балуандары табысты өнер көрсетті. Жалпы командалық есепте бірінші орын алған біздің балуандар 16 жүлдені еншіледі. Оның төртеуі алтын, төртеуі күміс, қалғаны қола медаль. Чемпион атанғанның үшеуі жаңақорғандықтар. Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық спорттың додалары жайында жазуды жөн көрдік.
Соңғы жылдары Жаңақорған ауда­нында белбеу күресі қарқынды дамудың үстінде. Оның дәлелі, ауданнан үш әлем чемпионы шықты. Бұл – біздің балуандардың потенциалынан хабар беретіндей. Оған жас балуандарды қосыңыз. Мәселен, жастар арасында белдесіп жүрген Алиса Нұртастың екпіні жақсы.
Алдымен бозкілемге Назерке Әбіл­таева көтеріліп, қарсылас шақ келтірмеді. 52 келіде сынға түскен ол былтырғы күміс медальді алтынға ауыстырып, Сыр қоржынына алғашқы алтынды салды. Ол қаладағы №1 спорт мектебінің спортшысы. Одан кейін әйелдер арасынан сынға түскен түгіскендік бұрымды балуан Алиса Нұртас өз салмағында теңдесіз екенін көрсетті. Былтыр ғана жастардан ересектерге ауысқан жерлесіміздің жеңісі аудан абыройын асқақтатты.
Кезек ерлерге келді, №8 спорт мектебінің тағы бір спортшысы Нұрлы­бек Алдабергенов 68 келіде сынға түсті. Өзі шәкірт тәрбиелеп жүрсе де, жарыстардан алыстамаған жерлесіміз қарсыластарының осал тұсын оңай тапты.
– Қазір әр салмақта бәсеке жоғары. Әсіресе орта салмақта алтын алқадан дәмелі балуандар көп. Сондықтан тыңғылықты дайындық жасап, жарысқа қосылдық. Шүкір, бағым мен бабым қатар шауып, дараландым. Енді Әлем чемпионатын жеңуге күш саламын, –  деді Нұрлыбек.
Одан кейін жастар арасынан әлем чемпионы деген атағы бар Рахманберді Әбдірашит кілемге көтерілді. Соңғы жылдары жарыстардан қол үзген балуан биыл үлкен спортқа қайта оралған-ды. Алматы, Түркістан, Нұр Сұлтан қаласынан келген кіл мықтылармен белдескен ол Сыр еліне төртінші алтынды сыйлады.
Ал күміс жүлдені Арайлым Қанзада, Мереке Құдайбергенова, Меруерт Әбу­бәкірдің еншісінде. Белбеу күресінің классикалық түрінен бақ сынаған Нұрбек Дариялов та күмісті мойынына тақты.
Әйгерім Кеңесова, Әлжан Бағмұхам­медқожа, Набира Сламбекова, Мұха­медхан Сағындық, Нұрлан Пайзел­лаев қоланы қанағат тұтты. Жарыстың классикалық түрінен қоламен қуант­қандар қатарында Бекжан Төлепов, Дамир Қалау және Серікбол Сембиев бар.
Жүлдегерлер қатарындағы 9 спорт­шы Жаңақорған ауданының тумасы. Міне, Әбдісаттар Садықов басқаратын №8 спорт мектебінің биігі осындай.
– Балуандарымыз бабында болып, бағы жанды. Алда самбо, қазақша күрес және дзюдодан жарыстар бар. Бұл спорт түрлерінен де жақсы нәтиже көрсету үшін тер төгудеміз, – деді Әбдісаттар бапкер.
Жалпы командалық есепте екінші орын Түркістанға бұйырса, үздік үштікті Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары түйіндеді.
Әли ТЕМІРБЕК
22 наурыз 2020 ж. 903 0