№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Мақсатым – Ұлттық құрамада доп тебу

Мақсатым – Ұлттық құрамада доп тебу


Жаңақорған футболымен мақтанатын аудан. Бұл – шындық. Мәселен, 2019 жылы Петропавл қаласында өткен «Ұлттық мектеп лигасында» жаңақорғандық футболшылар қарсыластарынан қара үзіп, дараланды. Сол команданы өрге сүйрегендер арасында Ерсұлтан Еркінбек те болды. Қазір Алматы қаласында кәсіби мансабын жалғастырып жүрген талант иесі.


Ауданда Тұрсынхан Мұсаев, Еркін Исаев негізін салған футбол мектебінде қалыптасып, шыңдалған спортшылардың жетістігі бір төбе. Кезінде «Сығанақ» құрама командасы Сыр өңірінде талай рет чемпион атанып, ауданның абыройын асырды. Оразалы Тасболатов, Ерлан Әптаев, Ахмет Алайдаров сынды футболшылар республика көлемінде танылды. Одан кейін талантты, талапты бірнеше буын шықты. Біздің кейіпкеріміз Орекеңнің төл шәкірті.
– Жас буынның арасында болашағынан үміт күттіретін талантты ойыншылар жетерлік. Солардың қатарында Ерсұлтанның да есімі ерекше аталып жүр. Ол қазір «Kifs» футбол командасында ойнайды. Кім біледі, өз-өзін техникалық, тактикалық тұрғыда дамыта берсе, үлкен футболдан да көруіміз мүмкін, – деді Оразалы Тасболатов.
Ерсұлтан бастаған жігіттер 2018 жылы оқушылар арасында Щучинск қаласында өткен шағын футболдан «Sport FEST Kazakhstan» республикалық жарысында күміспен оралған болатын. Елдің барлық өңірінен келген 16 команда ішінен бұйырғаны екінші орын болды. 2019 жылы Петропавл қаласында «Ұлттық мектеп лигасында» С.Сапарбеков атындағы №125 мектеп оқушылары бабында екенін көрсетіп, бірінші орын алды. Олар оған дейін де облыстың бірнеше дүркін чемпионы атанып үлгерді. Жаттықтырушысы Мұхтар Дүйсебеков пен Сәкен Нұрділлаев болса, денешынықтыру пәнінің мұғалімі әрі команда жетекшісі Орекеңнің өзі еді. Міне, Ерсұлтан бастаған жігіттердің биігі.
– Бала кезімнен футболға құмар болдым. Ата-анам талпынысымды қолдап, футбол секциясына берді. Бапкерлердің арқасында жарыстарға шыға бастадық. Алдымен аудандағы мектептер арасында дараландық. Сосын бірнеше рет облыстық турнирде бағымыз жанды. Қазір Алматы қаласында Қазақ спорт және туризм академиясының 1-ші курс студентімін. Мақсатым айқын, ол – үлкен футболда Ұлттық құрама сапында доп тебу. Осы жолда табанды еңбектенудемін, – деді жас аяқдопшы.
– Туған өлкеге оралып, аудан футболын дамыту ойда бар ма?
– Әрине, бұл – болашақтың еншісіндегі іс. Қазір бабымда тұрған кезде беделді клубтарда ойнап, мүмкіндік болса Ұлттық құрама сапында доп тепкім келеді. Бұл кез келген футболшының мұрат-мақсаты, – дейді Ерсұлтан.

P.S. Біздің мақсат – жас футболшылар қайда, немен айналысып жүргенін білу еді. Ерсұлтан Ердәулетұлы Жаңақорғанда жалындаған арма­нының жолында еңбектенуде екен. Біз талантты жасқа сәттілік тіледік...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
20 қаңтар 2021 ж. 738 0