Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бірлік спортының биігі

Бірлік спортының биігі

Сыр өңіріндегі еркін күрес спортының биігі жаңақорғандық балуандардың жеткен жетістігімен өлшенеді. Қаншама жігіттер Олимпиада, Әлем және құрылықтық бәсекелерде аймақ абыройын ғана емес, күллі қазақ елінің намысын қорғап, көк туды көкте желбіретіп, әнұранды шырқатты. Ал Жаңақорған еркін күрес мектебінің қалыптасуында Ақүйік ауылының өзіндік үлесі бар. «Балуандар мекені» деп аталып кеткен Бірліктің бүгіні мен өткені туралы тағы қалам тербеп көрген едік.
Елді мекенде 30 жылдың ішінде еркін күрестен даңқты балуандар шықты. Олар өз уақытында ұлттық құрама сапында жүріп, талай шыңның төріне шықты. Қаратауды сая еткен Бірлік ауылының ынтымағы жарасқан, тірлігі түзу. Тау баласы тауға қарап өседі демекші, жігіттері жігерлі, рухты келеді. Оның бір дәлелі, еркін күрестен 10 «спорт шебері», екі «халықаралық дәрежедегі спорт шебері» шықты. Қазір ауылда күреспен бірге басқа да спорттың еңсесі тіктеліп келеді. Әсіресе футболшылардың ауданда аты озып жүр. Десе де балуандармен аты шыққан ауылдың биігі күреспен байланысуы заңда.
ХХ ғасырдың 70-жылдарының орта­сында ондағы еркін күрес мектебінің іргетасын Орынтай Жошиев қалады. Әңгіме басын осыдан бастайық.
Оны жастар танымауы мүмкін, бірақ аға буын ардақтайды. Бірліктік жастарға жол көрсетіп, еркін күрестің әліппесін үйретіп, қанатының астына алды. Бапкерде шыныққан жігерлі жастардың бірі – Серік Әбдрахманов болды.
– Серік менің алғашқы шәкірттерімнің бірі. Мен ол туралы естеліктерді газет бетіне талай жариялаған едім. Ол спортты ерте аяқтағанымен, бапкерлік қызметте қабілет-қарымын көрсетті. Талай шәкірттің ащы терін алып, техникалық, тактикалық шеберлігін арттырып, республикалық турнирлерде дара шығуына септігін тигізді. Оның адамгершілігі мол еді. Бір сөзді азамат-тұғын. «Ореке, Сіз болмасаңыз мен мәңгі шелекпен лай тасып өтер ме едім?» – деп қолымды қысатыны әлі есімде, – деді Орынтай ағай.
Бапкерімен бірге Серік ағай да жаттықтырушылық қызметті қатар алып, ауылдың ғана емес, Сыр елінің намысын қорғайтын балуандарды дайындады. Алғашқы қарлығаштары Жанболат Бердиев пен Қайрат Оралбеков болатын. Қайрекең 1992 жылы әскерден келгеннен кейін бапкерлік қызметке араласып, бірнеше шәкірт тәрбиелейді. Төл шәкірті Жасұлан Мұхтарбекұлы Олимпиадаға қатысқан тұңғыш жаңақорғандық спортшы.
Серік ағайдың шәкірттері арасында Телман Нұрсұлтанов, Алмас Әлайдаров, Орал Тілеуқабылов, Бауыржан Әріп­жанов, Қанат Мәмбетов, Қалдыбек Өтегенов, Медет Құдайбергенов, Ербол Құрықбаев және т.б ел біріншілігінде жүлделі оралып жүрді. Бүгінде бұл балуандар әр саланың тізгінін ұстаған мамандар.
1990 жылдары Қажымұқан атындағы республикалық турнирде Талғат Оралбеков пен Дастан Молдағұлов алғаш қатысып, чемпион атанды. Пернебек Беласаров, Роллан Кешубаев, Бөгенбай Реметов, Бақытжан Бердиев, Наржан Әпбеков, Абзал Шакетов сынды жастар ел чемпионаттарында еңсе көтерді. Тіпті Наржан Бішкектегі халықаралық турнирге қатысып, чемпион атанды. Пернебек Беласаров, Роллан Кешубаев талай рет Қазақстан чемпионатында дара шығып, Азия бірінішілігіне қатысты.
Осы балуандар бапкерлік қызметте қалып, қазір әр облыста чемпиондар дайындауда. Мәселен, Роллан Кешубаев қазір Алматы қаласындағы «Шаңырақ» республикалық спорт дарынды балалар мектеп-интернатында еркін күрестен аға жаттықтырушы. Алматыдағы республикалық спорт колледжінде аға бапкер қызметіндегі Пернебек Беласаров жақында Азия чемпионатының қола жүлдегерін шығарды. Түркістандағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің аға жаттықтырушысы Бақытжан Бердиевтің де шәкірттерінің деңгейі жоғары. Бөгенбай Реметов бүгінде халықаралық дәрежедегі төреші қызметінде.
Ел тәуелсіздігін алған жылдары Серік бапкерден еркін күрестің әліппесін енді үйреніп жүрген Жасұлан Мұхтарбекұлы, Аслан Оралбеков, Нұрбек Исаев, Еркебұлан Кешубаев, Қанат Құдайбергенов, Думан Бердалиев, Ғалымжан Әділханов сынды жас балуандарды Қайрат Оралбеков пен Жанболат Бердиев қанатының астына алады. Уақыт өте келе Жасұланды жеке бапкері Қайрат Оралбеков қамқорлығына алды. Балуан үмітті ақтап, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, үздік бестіктен көрінді.
Бүгінде Бірлікте чемпиондық дәстүр жалғасын тауып келеді. Дегенмен ХХ ғасырдың 80-90 жылдары даңқы дүркіреген балуандардың ізі суып барады. Қайрат Оралбеков баптаған шәкірттер арасынан Қанат Мұсабеков қазір ұлттық құрама сапында белдесіп жүр. Қыраш ауылының еркін күресін биікке шығарған Қайрат ағайдың бұдан да басқа шәкірттері бар. Ал, Бірліктегі аға жолды Асылжан Аманбай, Бауыржан Тәңірберген, Ырысбек Райымбек сынды жастар жалғап жүр.
Қорыта айтқанда, Ақүйік ауылдық округіндегі балуандар биігі осындай. 40 жылдан астам еркін күрес мектебінің белесі 100-ге жуық жастың спортқа деген махаббатын ашып, Сыр спортының өрлеуіне үлес қосты. Бұл дәстүр әлі де жалғасын тауып, келешекте Әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы шығатынына сеніммен қараймыз. Ең бастысы, Бірлік еркін күрес мектебінің іргетасы берік, тұғыры биік болсын.
20 қазан 2020 ж. 598 0