Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Балуандар мекені" атанған Бірліктен қанша "спорт шебері" шыққан?

"Балуандар мекені" атанған Бірліктен қанша "спорт шебері" шыққан?

Ақүйік ауылы туралы айтқанда «балуандар мекені» деген тіркес ойға келеді. Оның себебі де түсінікті. Елді мекенде 30 жылдың ішінде еркін күрестен даңқты балуандар шықты. Олар өз уақытында ұлттық құрама сапында құрлықтық және әлем чемпионатында елдің намысын абыроймен қорғады. Сондықтан Бірлік ауылындағы балуандар туралы сыр тарқатсақ.
Қаратауды сая еткен Бірлік ауылының ынтымағы жарасқан, тірлігі түзу. Тау баласы тауға қарап өседі демекші, жігіттері жігерлі, рухты келеді. Оның бір дәлелі, еркін күрестен 10 «спорт шебері», екі «халықаралық дәрежедегі спорт шебері» шықты.
ХХ ғасырдың 70-жылдарының ортасында ондағы еркін күрес мектебінің іргетасын Орынтай Жошиев қалады. Әңгіме басын осыдан бастайық.
Оны жастар танымауы мүмкін, бірақ аға буын ардақтайды. Бірліктік жастарға жол көрсетіп, еркін күрестің әліппесін үйретіп, қанатының астына алды. Бапкерде шыныққан жігерлі жастардың бірі – Серік Әбдрахманов болды.
– Серік менің алғашқы шәкірттерімнің бірі. Мен ол туралы естеліктерді газет бетіне талай жариялаған едім. Ол спортты ерте аяқтағанымен, бапкерлік қызметте қабілет-қарымын көрсетті. Талай шәкірттің ащы терің алып, техникалық, тактикалық шеберлігін арттырып, республикалық турнирлерде дара шығуына септігін тигізді. Оның адамгершілігі мол еді. Бір сөзді азамат-тұғын. «Ореке, Сіз болмасаңыз мен мәңгі шелекпен лай тасып өтер ме едім?», – деп қолымды қысатыны әлі есімде, – деді Орынтай ағай.
Бапкерімен бірге Серік ағай да жаттықтырушылық қызметті қатар алып, ауылдың ғана емес, Сыр елінің намысын қорғайтын балуандарды дайындады. Алғашқы қарлығаштары Жанболат Бердиев пен Қайрат Оралбеков болатын.
– Рас, біздің ауылдағы еркін күрес мектебінің іргетасын қалаған Орынтай ағай болды. Біз бастапқы кезде сол кісінің қоластында болдық, 1986 жылы Серік ағайдың мектебіне ауыстық. Сол кезде ауылдағы барлық бала күреске баратын. Облыстық, республикалық турнирлерде жүлде алдым. Ал Жанболат жасындай жарқылдады. Ол Қызылорда қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс медалды еншіледі. Қазақстанның мен деген балуандарын жеңіп, тек ақтық сында жамбылдық спортшыдан ұтылды. Міне осыдан бастап біз үлкен спортқа ден қойдық, – деді аудандық білім бөлімінде АӘД және денешынықтыру пәнінің әдіскері қызметінде жүрген Қайрат ағай.
Қайрекең 1992 жылы әскерден келгеннен кейін бапкерлік қызметке араласып, бірнеше шәкірт тәрбиелейді. Төл шәкірті Жасұлан Мұхтарбекұлы Олимпиадаға қатысқан тұңғыш жаңақорғандық спортшы. Бұған сәл кейінірек тоқталамыз.
Серік ағайдың шәкірттері арасында Телман Нұрсұлтанов, Алмас Әлайдаров, Орал Тілеуқабылов, Бауыржан Әріпжанов, Қанат Мәмбетов, Қалдыбек Өтегенов, Медет Құдайбергенов, Ербол Құрықбаев және т.б ел біріншілігінде жүлделі оралып жүрді. Бүгінде бұл балуандар әр саланың тізгінін ұстаған мамандар. Бірі ішкі істер, мемлекеттік қызмет саласында, екіншісі ұстаздық бағытта қызмет етуде.
– 90-жылдары Қажымұқан атындағы республикалық турнирде Талғат Оралбеков пен Дастан Молдағұлов алғаш қатысып, чемпион атанды. Бізден кейінгі жастардың көшін осылар бастады. Пернебек Беласаров, Роллан Кешубаев, Бөгенбай Реметов, Бақытжан Бердиев, Наржан Әпбеков, Абзал Шакетов сынды жастар ел чемпионаттарында еңсе көтерді. Тіпті Наржан Бішкектегі халықаралық турнирге қатысып, чемпион атанды. Пернебек Беласаров, Роллан Кешубаев талай рет Қазақстан чемпионатында дара шығып, Азия бірінішілігіне қатысты. Міне осылай чемпиондық жол сабақтастыққа ұласты, – деді Қ.Оралбеков.
Осы балуандар бапкерлік қызметте қалып, қазір әр облыста чемпиондар дайындауда. Мәселен, Роллан Кешубаев қазір Алматы қаласындағы «Шаңырақ» республикалық спорт дарынды балалар мектеп-интернатында ер­кін күрестен аға жаттықтырушы. Алматыдағы республикалық спорт колледжінде аға бапкер қызметіндегі Пернебек Беласаров жақында Азия чемпионатының қола жүлдегерін шығарды. Түркістандағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің аға жаттықтырушысы Бақытжан Бердиевтің де шәкірттерінің деңгейі жоғары. Бөгенбай Реметов бүгінде халықаралық дәрежедегі төреші қызметінде.
– Әлі есімде, біз оқыған мектепте ағылшын тілінен Хатша Искакова деген апай сабақ берді. Қыздар мектеп бітіріп ағылшын тілін таңдап, оқуға түссе, ұлдар Серік ағайдың ізінен еріп, спорт саласына бет бұрды. Қос ұстаздың тәлімін осыдан-ақ көре беруге болады. Біз мұғалімдерге қарап өстік, соларға қарап бой түзедік. Қазіргі оқушылар ұстаз қадірін біле бермейді, – деді Қайрат ағай.
Ел тәуелсіздігін алған жылдары Серік бапкерден еркін күрестің әліппесін енді үйреніп жүрген Жасұлан Мұхтарбеұлы, Аслан Оралбеков, Нұрбек Исаев, Еркебұлан Кешубаев, Қанат Құдайбергенов, Думан Бердалиев, Ғалымжан Әділханов сынды жас балуандарды Қайрат Оралбеков пен Жанболат Бердиев қанатының астына алады. Уақыт өте келе Жасұланды жеке бапкері Қайрат Оралбеков қамқорлығына алды. Балуан үмітті ақтап, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, үздік бестіктен көрінді.
– Жаңақорғаннан бөлек Төменарық пен Бірлікте спорт мектебі болды. Бірліктен шыққан балуандардың өнеріне Сыр өңірінің күрес сүйер қауымы құрметпен қарайтын. Ол кезде аядай ғана ауылдан осыншама спортшы шығады деп ешкім де ойламады. Қаншама маңдай тер төгілді, еңбек етті. Орынтай мен Серіктің үкілеген үміті ақталды. Қызылорда облысында мұндай ауыл әлі болмаған. Не десек те, нағыз балуандар шыққан ауыл азаматтары жастарға көп үлгі болды, – деді спорт ардагері Мәметәлі Жаденов.
Бүгінде Бірлікте чемпиондық дәстүр жалғасын тауып келеді. Дегенмен ХХ ғасырдың 80-90 жылдары даңқы дүркіреген балуандардың ізі суып барады. Қайрат Оралбеков баптаған шәкірттер арасынан Қанат Мұсабеков қазір ұлттық құрама сапында белдесіп жүр. Қыраш ауылының еркін күресін биікке шығарған Қайрат ағайдың бұдан да басқа шәкірттері бар. Ал, Бірліктегі аға жолды Асылжан Аманбай, Бауыржан Тәңірберген, Ырысбек Райымбек сынды жастар жалғап келеді.
Қорыта айтқанда, Ақүйік ауылдық округіндегі балуандар биігі осындай. 40 жылдан астам еркін күрес мектебінің белесі 100-ге жуық жастың спортқа деген махаббатын ашып, Сыр спортының өрлеуіне үлес қосты. Бұл дәстүр әлі де жалғасын тауып, келешекте Әлем және Олимпиада ойындарының чемпионы шығатынына сеніммен қараймыз. Ең бастысы, Бірлік еркін күрес мектебінің іргетасы берік, тұғыры биік болсын.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
16 қараша 2019 ж. 2 734 0