№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Азия чемпионаты: Дәулетке бұйырғаны қола

Азия чемпионаты: Дәулетке бұйырғаны қола


Күрестен Үндістанның астанасы – Нью-Делиде күрес түрлерінен Азия чемпионаты қазақ балуандары үшін табысты аяқталды. 5 алтын, 2 күміс, 12 қоланы жеңіп алып, командалық сында үшінші орынға жайғасты. Біз жүлде күткен Ғалымжан Өсербаев пен Дәулет Ниязбековке алтын бұйырмады.


Әуелі жарысты грек-рим күресінің шеберлері бастаған болатын. Бақтияр Байсейітов үміт артып, апарған 10 балуанның бесеуі жүлдегер атанып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға тұрақтады. Атап айтсақ, «классиктерден» Тамерлан Шадукаев (77 келі) ел қоржынына алғашқы алтынды салса, Ибрагим Магомадов (72 келі) алғашқы күміс жүлдені сыйлады. Ал Қорлан Жақанша (55 келі), Азамат Күстібаев (87 келі) және Мансұр Шадукаев (130 келі) ел қоржынын қола медальдармен толықтырды.
Грек-рим жарысы аяқталғаннан кейін, бозкілемге әйелдер күресінің шеберлері шыққан болатын. Нұрлан Аманқосов баптайтын бұрымды балуандар бұл жолы бапкерінің сенімін толығымен ақтады. Олай дейтініміз, әйелдер күресінен Қазақстан құрамасы араға алты жыл салып Азия біріншілігінен бір емес, екі бірдей алтын медаль жеңіп алды. Айталық, 53 келі салмақта Татьяна Аманжол алты жылдан кейінгі алғашқы алтын медалді иеленсе, Жәмила Бақбергенова (72 келі) да қарсылас шақ келтірмей екінші алтынды ел қоржынына салды. Сонымен қатар, Аяулым Қасымова (62 келі) финалға дейін жетіп, күміс медаль иегері атанды. Ал Валентина Исламова (50 келі), Марина Зуева (55 келі), Аяулым Қасымова (57 келі), Мәдина Бақбергенова (59 келі), Эльмира Сыздықова (76 келі) бастаған балуандарымыз үздік үштіктен көрініп, қола медаль иегерлері атанды. Осылайша, балуан қыздарымыз 2 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды.
«Сарықұрлық» додасын соңғы болып еркін күрес шеберлері түйіндеді. Әсет Серікбаев баптайтын еркін күрес шеберлері де ел үмітін ақтай білді. Олар да ел қоржынына екі алтын, төрт қола жүлдені салды. Нақтырақ айта кетсек, еркін күрестен 74 келі салмақта ел намысын қорғаған Данияр Қайсанов Азия чемпионы атанды. Ол осы жеңісінен кейін «екі дүркін Азия чемпионы» деген атққа қол жеткізді. Ол өткен жылы қытайда өткен Азия чемпионатында да бас жүлдені жеңіп алған болатын. Екінші алтынды Юсуп Батырмурзаев (125 келі) ел қоржынына салды. Сондай-ақ, Дәулет Ниязбеков (65 келі), Мейіржан Аширов (70 кг), Илисхан Чилаев (92 келі) пен Әлішер Ерғали (97 келі) қол медаль иегерлері атанды.
Осылайша Үндістан астанасы Нью-Делиде күрес түрлерінен өткен Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы жалпы 19 медаль жеңіп алды.
Ал Дәулет Ниязбековке сары құрлықтың төртінші алтыны бұйырмады. 2018 жылы Қырғызстанда үш дүркін Азия чемпионы атанған жаңақорғандық оғлан ақтық сынға бір қадам жетпей қалды. 2019 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Дәулетке бұл жолы тек қола бұйырды. Енді жерлес балуанды Токио Олимпиадасынан көрсек деген тілек бар.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
25 ақпан 2020 ж. 734 0