№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дәстүрлі турнирдің дәреметі

Дәстүрлі турнирдің дәреметі


Білікті бапкер Серік Әбдірахмановты еске алуға арналған еркін күрестен республикалық дәстүрлі турнир жалғасын тапты. 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында өткен турнирге елдің әр өңірінен кіл мықтылар жиналды. Жоғары деңгейде өткен жарыста қай өңірдің балуандарының бабы келісті, қайсысының бағы жанды?


Жалпы Серік Әбдірахмановтың Сыр өңірінің еркін күресіне қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Өзі де жастайынан күреспен айналысып, талай жарыста топ жарса, жаттықтырушы ретінде қаншама шәкірт тәрбиелеп, аудан, облыс атын абыройлы оздырып жүрді. 1984 жылы Бірлік ауылында бапкерлік қызметті қолына алып, өмірден озғанша небір саңлақтарды тәрбиелеп кетті. Міне бүгінде бапкер көзі кетсе де, есімін өшірмейтін аға буын мен інілері мен шәкірттері жылда ас беріп, елдің жас балуандарын туған өлкеге жинайды. 12 салмақта бақ сынаған турнирде Алматы мен Ақтөбе балуандары атой салды.
Алдымен 35 келідегі балуандар боз кілемге көтерілді. Алматының Шаңырақ спорт мектебінен келген Жеңісбек Нұралиев алтын тұғырдан көрінсе, күміс қызылордалық Нұрымжан Жансейтовке бұйырды. Қалған қос қоланы тағы алматылық пен Ақтөбе өңірінің тумасы жеңіп алды. 38 келіде ақтөбелік Мирас Досбергеновтың асығы алшысынан түссе, 41 келі салмақта қызылордалық Ерасыл Әбдішүкірдің қанжығасы алтынмен майланды. 44 келіде қос жамбылдық ақтық сында белдесті. Нұрданат Айтанов алтынды, Еренсіз Ернұр күмісті еншіледі.
– Жарысқа жақсы дайындықпен келдік. Бапкерлердің айтқанын бұлжытпай орындауға тырыстым. Бұл жеңіс мен үшін үлкен спортқа деген жігерімді шыңдай түсті. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, келер жылы мүмкіндік болса тағы да бағымды сынап көруге тырысамын, – деді турнир чемпионы Нұрданат.
Сондай-ақ, ақтөбелік Омар Әділхан (48 келі), Нұрбек Бекболатов (68 келі), Саят Кенаш (75 келі) пен Әлімжан Сәлімжанов (85 келі) өз салмақтарында ешкімге дес бермеді. Алматының Шаңырақ мектебінен келген Айбек Қалихмет, Асылхан Иса және Жанқожа Абилтаев алтын тұғырдан көрінсе, 85 келіден жоғары салмақта Арал ауданының тумасы Бекнұр Ағытай чемпион атанды. Ал жаңақорғандық Нұрасыл Құрықбаев қана қолаға қол созды.
– Серік – менің алғашқы шәкірттерімнің бірі. Ол спортты ерте аяқтағанымен, бапкерлік қызметте қабілет-қарымын көрсетті. Оның інілік, ағалық адамгершілігі мол еді. Бір сөзді азамат-тұғын. «Ореке, Сіз болмасаңыз мен мәңгі шелекпен лай тасып өтер ме едім?» – деп қолымды қысатыны әлі есімде. Бір сөзбен айтқанда, Серік Әбдірахманов Жаңақорғандағы еркін күрес мектебінің қалыптасуына үлес қосқан бапкердің бірі. Сондықтан өзі ортамызда болмаса да, ұлықтап, жылда дәстүрлі турнир беріп жатқан әріптес, дос-жаран, бауырлары мен шәкірттеріне ризалығымды білдіремін, – деді ұстазы Орынтай ағай.
Жаңақорғандағы Олимпиадаға алғаш барған балуан Жасұлан Мұхтарбекұлы Серік ағайдың тәлімін алған жастың бірі. Жанболат Бердиев пен Қайрат Оралбеков сынды бүгінде оқушылары байрақты бәсекелерде аты озып жүрген балуандарды дайындаған жаттықтырушыларды дайындаған Серік ағайдың ізбасарлары өсіп келеді.
– Жаңақорғаннан бөлек Төменарық пен Бірлікте спорт мектебі болды. Бірліктен шыққан балуандардың өнеріне Сыр өңірінің күрес сүйер қауымы құрметпен қарайтын. Ол кезде аядай ғана ауылдан осыншама спортшы шығады деп ешкім де ойламады. Қаншама маңдай тер төгілді, еңбек етті. Орынтай мен Серіктің үкілеген үміті ақталды. Қызылорда облысында мұндай ауыл әлі болмаған. Не десек те, нағыз балуандар шыққан ауыл азаматтары жастарға көп үлгі болды. Осындай азаматтарды ұлықтап жатсақ, өскелең ұрпаққа өнеге боламыз, әрі олардың жігерін шыңдаймыз, – деді спорт ардагері Мәметәлі Жаденов.

Әли ТЕМІРБЕК
25 ақпан 2020 ж. 922 0