№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Даланың жыртқышын тірідей ұстаған

Даланың жыртқышын тірідей ұстаған

   Таңертеңгісін телефон құлағы безілдеді. Байланысқа шыққан кәсіпкер Бақытжан Шіраздінұлы екен. Аз-кем амандық-саулық сұрасқаннан кейін байкенжелік Айбек Балтабекұлы деген азаматтың бөріні тірідей ұстағанын, қазір түз тағысын үйінде екенін жеткізді. Даланың жыртқышын қалай тірідей ұстағаны қызықтырып, Байкенжеге тартып кеттік.

  Есік алдында ақсары жас жігіт күтіп алды. Ол Айбек екен. Оған бұйымтайымызды айттық.
– Жүріңіздер қора шетіне байлап қойғанмын, аяғындағы қақпанын да ауыстырдым. Әуелгі тісті қақпанды алып қойдым. Ол қақпан тұра берсе қасқырдың аяғын қырқып жібереді, – деген бозбала үй артына ертіп барды.
Үш күннен бері аш жатқан көкбөрі жақындағаннан бізге жанарын қадап қимылсыз жатты. Қолындағы айырынының тістерін екіге ажыратқан Айбек азу тістерін ақситып шарасыз жатқан бөрінің желкесінен басып ұстап, қөкжалдың қос құлағына жармасты. Сол жерде бөрінің ауызына таяқ тығып оны құрсаулап тастады. Бөрінің арланы емес қаншығы – буаз екен.
Айбектен аңшылықты қай кезден бастағанын кімнен үйренгенін, осы уақытқа дейін қанша бөрі ұстағанын сұрадық.
– Аға, менің әкем Балтабек кезінде Жаңақорған орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінде орманшы болып жұмыс істеген. Бүгінде әкемнің осы міндеттін мен атқарып келемін. Әкем саяткер-аңшылықпен де айналысты. Кейде балыққа да баратын. Мені жастайымнан қасына ертіп, коян, қарсақ пен түлкі, борсық пен қасқырды аулауды үйретті. Өз бетімше аңға алтыншы сыныптан бастап қоянға шығып, тұзақ құрдым. Кейін есейе келе қақпан сала бастадым, – деген жас жігіт аңшылық жолы туралы әңгімелеп кетті.
Жігіт әңгімесінен түйгенім осы уақытқа дейін 12-ден астам қасқыр, 15 түлкі мен 20 шағал ұстапты. 2014 жылғы бір қыста 7 бөріні қақпанына түсірген екен. Айбектің айтуынша әр аңның өзінің жүретін белгілі жері мен шекарасы болатын көрінеді. Сондай бір шекара белгісі тырнауық деп аталатын көрінеді. Яғни, көкбөрі өз меншігіндегі жер шеті шекарасына келгенде сол жерді тырнап, сарып, ол жерді қайта көміп белгілеп кететін көрінеді. Бұл да сол жерлерді бағамдап жүріп бір тырнауық салынған жерге қақпан құрыпты.
Айбектің айтуынша, қасқыр араға біршама уақыт өткізіп өз шекарасы аумағын айналып шығып, салған белгілерін тексеретін көрінеді. Сол белгіге «Қасқыр түсті қақпаға, жортып келе жатқанда» демекші, құрылған қандыауыз қақпанға көкбөрі бір айдан соң ғана түсіпті.
   – Қақпаға күн таралатып соғып тұрдым. Қақпаға ай мерзім өткенде түскен қасқыр сүйреткіні сүйретіп 150 метрдей жерге жетіп, қалың шеңгелдің түбіне оралып қалыпты. Оны айырмен желкесінен басып ұстадым да, қасымдағы Еркін деген ағам екеуміз қасқырдың аузын құрсаулап, аяқтарын байлап, ауылға әкелдік. Мұнан бұрын қыста осы ауыл маңына көшіп келген бір шопан жігіт бір арланды атып алған болатын. Бұл екінші қасқыр. Қазір ауыл маңы тыныш – деді сөзін түйіндеген Айбек.

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
18 сәуір 2019 ж. 1 049 0