№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Көкбөрінің тажалы

Көкбөрінің тажалы



Тоқсанның төріне шыққан ақсуаттық Әбділла Әділбековтің айтары мол, көргені көп. Ол сонау зұлмат соғыс жылдары әке орнына атқа қонып, еңбекке араласып, шаңырақтың тірегіне айналды. Содан бері көп қиыншылықты бастан өткізсе де, мойымады, жігері жасымады. Қайта  өмірлік тәжірибесінің арқасында ел-жұртқа бас бола білді.

Ол жылқы соңында жүріп, дала академиясын меңгерді, Қыр мен Сырдың ой-шұқырын жетік біліп жетілді. Соның арқасында даланың түз тағысын ұстауды меңгерді. Әлқиссаны арыдан бастасақ...   
Бала кезінде әкесінің қасына көп еріп, оның аңға қақпанды қалай құратынын, аңның жүретін жолы мен оның дағдысын, жымын анықтауды үйренгені  кейінгі өмірінде тек пайдасын ғана тигізді. Осылайша әке тағылымынан тәжірибе жинады. Кейіннен қолы қалт етіп шаруадан босай қалса қақпанын өңгеріп бөрілер мен шибөрі, қарсақ, түлкі мен қоянға шығуы әдетке айналды. Оның қанжығасы майланбай қайтқан күндері кемде – кем. Қазақ халқында  «қаз жегеніне емес, орғанына мәз» деген керемет сөз бар емес пе? Әбекең де қанжығасындағы олжасын өзі иелене бермейтін. Тіптен көрші-қолаңдарына  таратып беретінін ауылдастары әлі күнге жыр етіп айтады. Бұл туралы № 245 мектептің директоры Жанұзақ Мырзабаев былай дейді.
– Кейде қақпанға түскен шибөрі, түлкі мен қарсақтарға қоса 4-5 қояны болатын. Әбекең аулаған аңдарын қызықтап алдынан шыққан  біздердің  қолымызға бір-бір қоянын, ал қарсы кездесер ақсақалдар болса түлкі терілерін ұстататын. Содан болар біздің  Ақсуат пен Политотдел, Өзгент ауылдарының қариялары  ылғи да жаңа тұмақ  киіп жүретін. Ол күні қолдарына қоян тиген балалардың үйлерінде жас сорпа бүлкілдеп жататын.
Кейде  малға шауып тиыштық бермей жүрген көкбөріні де қақпанға түсіретін. Ондайда Әбекең бөрінің ауызын буып құрсаулап, аяқтарын ағашқа байлап тірідей алып келеді. Жақында қарт аңшының өзімен кездесудің сәті түсті. Бірі кем тоқсанға келсе де алдына шөбересін отырғызған  қарияның көзжанарының мықтылығын көзілдіріксіз «Жаңақорған тынысын» оқып отырғанынан, ал есте сақтау қабілетін жоғалтпағанын айтқан әңгімесінен байқадық. Өткен өмірі мен аңшылығы туралы, қай жылы қанша бөріні қалай алғандығын жыр етіп айтады.  
– Алғаш рет қасқыр алғанымда 15–16 жаста едім. Қыс қыстауымыз Хорасан әулиеде. Соғыс кезі. Сол  жылдары бөжек те көп болды, маңайдағы шопандар мен бақташылардан «малыма бөрі шапты, пәлен малым шығын болды» деген хабар келіп, көмектесуімді сұрады. Сонымен жолға шықтым. Қасымда көмекші етіп ертіп алған жолдас жігітім бар. Дереу із кестік. Бөрі бір жүрген жолымен күнде жүрмейді, араға 2–3 күн өткізіп жүреді. Осындай іздерді тауып, әкелген қақпандарды құрдық. Ертесіне таңертең серігіммен қақпан қарауға шықтық. Бір қақпан орнында жоқ болып шықты. Қақпанның сүйреткісінің ізімен кеткен аңның соңына түстік. Көп ұзай алмапты, бір шақырымдай жерде  бір сексеуілдің түбіріне оралып қалыпты. Серігіме бөжектің қарсы алдынан  көз айырмай қарап отыруды тапсырып, әкемнен үйренген тәсілмен көкжалдың арт жағынан мысықтабандап жақын келіп бөрінің ту сыртынан кеп әкем берген дойырмен қара тұмсықтан қойып жібердім. Көкжал қасқыр  сеспей қатты. Бұл менің дербес жүріп қасқыр алуым еді. Сол күні тағы екі түлкі мен бір қоян алып қайттық ,– деп бастады әңгімесін қария.
Сол кезеңнен бері аттан түсіп, қақпан құрмаған жылы болмапты. Тоғыз жылдай Қорасанды мекен еткен  Әбділланың отбасы  кейін «Политотдел» колхозынның орталығына көшіп келеді. Осы кезеңдерден бастап ел арасында  Әбділланың аңшы- қақпаншы ретінде даңқы жайылды. Ауыл маңын қорқаулар қанап адамдар мен малдарға  қатер көбеюіне  байланысты  көмек сұраушылар көбейді. Әбекең де әкесінің «елден қарғыс алма, алғыс ал», «жасаған қызметің үшін біреуге алақан жайма» деген өсиетін  ешқашан жадынан шығармады. Дүние мен ақша  үшін емес, азаматтық пен адалдық үшін  қолынан келгенше көмек берді. Өзі жиырма жылдан аса жылқы баққаннан кейін құрығын үлкен ұлы Нұралыға ұстатып, жай жылқышы болып қалды.
Осы кезеңдерден бастап ол аңшылықпен шындап айналысып тау мен сырдың бөрілеріне қырғидай тиді. Сексенінші жылдарға дейін  малшылыр қауымы негізінен қарт Қаратаудың қойнауын қыстайтын, жаз болса тауға дендеп кіріп жайлауға көшетін. Сондықтан да болар тауда бөжектер көп болатын, малшылар да олардан зәбір шегетін. Қалыптасқан жағдайға байланысты кеңшар, аудан басшылары Әбекеңе қолқа салатын, оны Әбекең де түсіністікпен қабылдады. Сексенінші жылдардың басында ауданның бірінші хатшысы болған аудандық атқару комитетінің төрағасы Сәмит Далдабаев Әбекеңді арнайы шақыртты.  
– Әбеке, несіне күлтілдетіп айтайын, соңғы жылдары қасқыр көбейіп  мал шығыны артып тұр. Кейбір отарларда 20 – 30 бастан шығын бар. Қыс қатайған сайын бөжектердің малға шабуы да жиілеп кетті. Көмегіңіз керек. Егер қажет деп тапсаңыз әр ауылдан аң аулауға ебі бар жігіттерден жинап бригада құрып берейік. Көлікпен, оқ-дәрімен  қамтамасыз етеміз, – деген аудан басшысы мәселені қабырғасынан қойды.
Сол жылы  «Қақпан» атты аңшылар кооперативі ашылып, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін  тоқсан алтыншы жылдары нарық қыспағына шыдамай жабылып қалды. Кооперативке әр ауылдан бір-екі жігіттен қабылдап, оншақты адам болды. Сол жылдары Әбекең бастаған кооператив жігіттері жылына 30-40 көкжалды қолға түсіріп жүрді. Шаруашылықтар оларға жанар-жағар майдан көмек беріп тұрды. Ол еңбек ететін «Өзгент» кеңшарының басшылығы 1987 жылы Әбекеңнің зейнетке шығуына байланысты оған УАЗ – 469 автокөлігін сыйға тартты. Сол көлігімен ел тәуелсіздік алғаннан кейін де жиырма шақты  жыл ауыл-ауылдарда пайда болған қасқырларды аулап, жүздеген отбасыларының рахметін алды. 1996 жылы аудан әкімі Салхаддин Мырзабековы  Әбекеңе арнайы көлік жібертіп, ол қария Жайылма, Сүттіқұдық, Әбдіғаппар, Қожакент, Келінтөбе, Түгіскен мен Байкенже ауылдарына барып қақпан құрып, сол маңды торуылдап жүрген қорқауларды  топ-тобымен ұстады, – дейді 1985 – 1997 жылдары ірі қара фермасын басқарған  Тастемір Сазанбеков ақсақал.
Осы кезеңдер туралы Әбекеңнің өзі былай дейді:
– Қасқыр аулау еріккеннің ермегі емес. Оған да төзім, сабыр керек. Аңның жүретін жолын, дағдыларын зерттеу керек. Аудан басшысы әуелде 100 литр май бергізген, бірақ онысы оншақты күнге ғана жетті. Сол кездегі аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау  мекемесінің басшысы  Ермағанбет Ибрагимовқа  рахмет, бізге техникамен, жанармаймен және адам күшімен де көмек берді. Қыстай 34 қорқауды қақпаға түсірсек, көктемде 27 бөлтірікті ұстадық.       
Қарияның әңгімесін тыңдай отырып, оның көкбөрінің  үстіне қона кетіп, қос құлағынан  бассалғанын, көкжалдың ерекше бір қасиеті үстіне адам мініп алғанда қыбыр етпейтін екен, десе де ғайыптан мерт болып кетпеймін бе деп ойланбастан жекпе-жекке шығуын көзсіз ерлікке баладым.  
Әбекеңнің   қанша аң ауласа да оны мал табар кәсіпке айналдырмағандығына риза болып, әңгімеге  қанып кері қайттық.                              
                                                                                                                       
Ерасыл ТӘКЕНҰЛЫ.
01 ақпан 2018 ж. 2 475 0