№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » БЕС КҮНДЕ БЕС ҚАСҚЫР ҰСТАЛДЫ

БЕС КҮНДЕ БЕС ҚАСҚЫР ҰСТАЛДЫ


Биылғы жылы Сырдарияның батыс бетіндегі малға түз тағылары тиыштық бермей тұр.
Бұл туралы тиіп-қашпа әңгімені өзім талай рет естіп жүргенмін. Бірақ оған баса назар аудара қоймағаным да ақиқат. Десе де көңілімнің бір түкпірінде тұратын осы бір жағдаятты ұмытып кеттім дей алмаймын. Тамыз айының соңғы күндері Ақсуат ауылында болғанымда жергілікті аңшы Анарбек Дүйсеновке жолығып қалдым. Әнекең әңгіме арасында ит-құстың (халқымыздың ырымында қасқырды өз атымен атамай, осылай ит-құс деп атаған) көбейіп кетуіне орай таяу уақытта түз тағыларына тұсау салуға ниет қылып отырғанын айтқан болатын.
Одан бергі арада жиырма шақты күн өтіп те кетті. Дүйсенбі күн болатын. Қызметтік телефонның қоңырауы қайта-қайта шырылдады. Телефон тұтқасын көтердім. Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Мадияр Ержанов екен. Ол қысқа аман-саулықтан кейін сөз ауанын басты жаңалығына аударды: Аға, сізге айтар қуанышты хабарым бар. Қожакенттік әуесқой аңшы Айқожа Құбашев үш бөріні, ал, ақсуаттық Анарбек Дүйсенов бір бөріні қақпанына түсірді. Бірақ бөрілердің қазіргі терісі пайдалануға жарамсыз болуына байланысты атып өлтірілді. Бұл хабар биылғы жылы малының төліне жаудай тиген шаруа үшін жағымды хабар ғой. Сіз білсін деп жатырмын, мүмкін газетіңізге қажет болар. Егер тағы ұстап жатсақ хабар айтамыз, – деп қоштасқан болатын.
Өз кезегімде мен де Айқожамен хабарласып алдағы уақытта қанжығасы майлана қалса, бөріні өлтіріп далаға тастап кетпей, суретке түсіргенше тірі ұстауын өтіндім. Айқожа да келісті.
Міне арада апта аралаған жоқ, жұма күні кешқұрым Мадияр қоңырау шалып Айқожаның тағы да олжалы болғанын хабарлап, мүмкіндік болса бірге барып қайтуды ұсынды. Ұсынысты қабыл алып түнделетіп Айқожаға жүріп кеттік.Алдын ала хабарласқандықтан болар, бізді Айқожа тыста күтіп алды. Кең ауланың орта тұсындағы қарағаштың түбіне байланған қақпанның сүйреткісіне көзім түсті. Аяғындағы ауыр қақпанды бауырына баса жатқан бөрі беймәлім қоныста жан-жағына тесірейе қарап қимылсыз жатыр. Бөрі әлі күйіне жетпеген бөлтірік екен. Әуелі бөлтірікті Айқожаға ұстатып түсіріп алғаннан соң, оны әңгімеге тарттық.
– Жастау кезімде аңшы жігіттерге көп ердім, қырғауыл, қоян аулағанды місе тұтпай келе-келе қақпанмен қасқыр, шибөрі, борсық ататын кәнігі аңшыларға еріп, олардан із кесуді, аң жатақтарын жазбай тануды үйрендім. Өзім де қақпан құра бастадым. Ауылды аралап жүріп қақпан жинадым. Міне 13 жыл болып қалды, қақпан салып жүргеніме. Алғаш рет түз тағысын осыдан 11 жыл бұрын алдым, шибөріні санап көрген жоқпын. Осы жолы да автокөлігімді тізгіндеп, төрт күн Майқұмшықтың маңайын түгел шарлап, із кесіп бөрілердің тұрағын іздедік, жолшыбай мына Нәрзілда аға мал іздеп жүргенде көрген бөрілердің беталысына бағыт сілтеді. Осылайша түз тағысының ізіне түсіп қақпан құрдық, нәтижесі жаман емес, аптадан астам уақытта төртеуін ұстадық, – деген жігіт аңшылық туралы әңгімесін одан әрі жалғастырды.
Бұл күнде оның 15 қақпаны бар екен. Аңшылықты арнайы кәсіп етпесе де жылына 3-4 рет аңға шығады. Осы жылдың қыркүйегіне дейін тағы 4 бөріні қанжығасына байлапты. Жылдан жылға көкбөріге қақпан салуды дамытып келеді екен. Бұл жөнінде Өзгент пен Ақсуаттағы кәнігі қақпаншылардың ақыл кеңестерін жадына түйіп, өз талабына өзі дем беріп, ізденісін еселей түскенді мұрат тұтады екен.
Айқожаның қақпаншылығы жөнінде ауылдастары Насыр Мадияров пен Нәрзілдә Мырзахметов былай дейді:
– Биылғы жылы бөжек көп болып тұр.Ертедегі бабаларымыздың «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» дегеніндей, жыртқыш бөрінің аузына ауыздықтау болмаса тоғайдағы қара мал мен құмдағы жылқының соңынан төл ермей, бордай тозары хақ. Көктемнен бері жүзге жақын бұзау мен құлын бөріге жем болды.Өзіңіз білесіз ауылдың негізгі тірегі мал ғой. Малдан қол үзу, өз қолыңды өзің кесумен бірдей. Ал Айқожа сынды жігіттер осы малдың өсуіне жаудай тиген тажалды құрықтаған тәжірибелі аңшы болып қалды. Сондықтан ауылдың бір топ азаматтары ; Изатулла Үсенов,Жанке (Жанділла) Файзулдаев, Алпысбай Бұрханов, өзге де ауылдың қариялары бар, Айқожа мен Мүлкаманға таяуда тағы қолқа салдық. Аталарына рахмет, араға үш күн өткенде бір бөлтірікті, тағы екі күн өткенде бір бөлтірік пен бір арланды ұстады. Міне, бүгін үш күнге жетпей тағы бір бөлтірікті ұстап отыр. "Көп тілегі – көл" демекші, бұл да болса ауыл тұрғындарының адал тілегінің орындалуы болар. Қос жігіттің қақпанының құтты болғанын көрген ауылдастары «қақпаның қандыауыз» болсын деп оларға сый-сияпат жасапты да.
Арада күн өтпей, ұялы телефоным безілдеп қоя берді. Мадияр екен. Айқожа бүгін таңертең тағы бір арланды қақпанына түсіріпті. Дереу Айқожамен байланыстым.
– Аға, мен індетіп жүрген бөрілер бесеу болатын. Үш бөлтірігі мен арланын олжалап, қақпанын қалдырып кеткенмін. Тағы бір арлан тұзаққа түсті, – деген Айқожаның үні жарқын. – Бұйыртса әлі талай бөріні құрықтаймын деген ойым бар, – дейді ол.
Иә, «алғыспенен ер көгереді, жауынменен жер көгереді» деп дана бабаларымыз бекер айтпаса керек. Ендеше Айқожа мен Мүлкаманға жортқанда жолдарың болсын, қанжығаларың майлана берсін, ауылдастарың сендердің аңшылықтарыңа сенеді әрі мақтан тұтады, ел алғысына бөлене беріңдер, – дегіміз келеді. Шындығында да Айқожа мен Мүлкаман осындай жансебіл бейнеттері арқылы қаншама ауыл жұртының береке-құтын аман алып қалғанын есептей беріңіз...

Ерубай ҚАЛДЫБЕК.
18 қыркүйек 2018 ж. 2 117 0