АҒА
Біз сізді былдырлап тіліміз шыққан күннен бастап «аға» деп кеттік, әке. Оған бала күндерін біздің ауылда көбірек өткізген сіздің қос ағаңыздың ұл-қыздарының солай атауы себеп болған шығар. Кейін есейіп, өз алдымызға үй болған шағымызда біз де жұрт секілді «папа», «көке» деуге талаптанып көріп едік, онымыз құр әурешілік екен, үйрене алмадық. Біз солай атаған соң күйеу балаларыңызға не жорық, олар да сізді «аға» дейтін болды.
Тәңірім-ай десеңші, бірақ осы «аға» деген сөзге өзіңізге деген шексіз құрметіміз бен ұлы сүйіспеншілігіміз, перзенттік махаббатымызбен еркелігіміз сыйып кетуші еді. Осынау бір-ақ ауыз сөз біз үшін сіздің алатаудай алып тұлғаңыздың айнасындай көрінетін. Осы сөзде өзіңе деген керемет мақтаныш сезімі жататын. Ал өзіңнен көз жазып қалған бүгінгі күндерден бастап бақилыққа жалғасар сарқылып бітпес сағынышымызды, әкеге деген алтынға айырбастағысыз қымбат та қимас көңілімізді тағы да осы сөзбен жеткізгіміз келеді, аға.
Бұл менің сізді әкем болғандықтан асыра дәріптеген ойларым емес, сіз шын мәнінде елге аға бола білген жан ретінде өттіңіз өмірден. Бала күніңізден көкірек көзіңіздің ашықтығымен әулетіңіздің арқасүйері бола алдыңыз. Туыстарыңыздың кәмелетке толған ұл-қыздарының үлкен оқу орындарында білім алуына қамқорлық жасап, өзіңіз жетелеп жүретінсіз. Ой, ол кездің жастарының өзі де керемет саналы, парасат-пайымы зор, өзгеше ойлы, жұмсақ жүректі боп келетін еді ғой. Парасаттылығы ғой, тырнақтай жақсылықтың өзін ұмытпайтын. Бағалай білетін. Сіздің сол бауырларыңыздың студенттік жылдарда жазып жолдаған хаттарының қай-қайсысы болмасын «Ағасы бардың жағасы бар дегендей...» деп басталатын. Ай сайын келетін де тұратын осы хаттар ағаға деген мөлдіреген пәк тілекпен таза жүректерден төгілген аппақ алғыстарды арқалап жететін.
Аға, сіздің бар өміріңіз перзенттеріңді, қала береді бауырларыңды қатардан кем қылмауға, адам етуге, кісі қылуға арналыпты.
Біз сіздің бірде-бір рет өз басыңыздың ғана қызығын күйттеп, жалғанды жалпағынан басып жүрген кезіңізді көрмеппіз. Қашан болсын кем-кетікке қол ұшын созып, ағайын туыстың қамын жеп, қайғысы мен қуанышын бөлісіп жүретін тынымсыз қарекеттеріңіз ғана қалыпты көз алдымызда. Ал қызметпен қоштасып, зейнетке шыққан күннен бастап имандылық жолын пір тұтқан, жаны да, тәні де ізгі амалдарды орындауға ұмтылған жамағат топтасты жаныңызға. Ескі көздер ата пірім деп төбесіне қойды. Шынайы құрметті ешкім де сатып алмайды екен, тәңірім оны сүйікті құлына өзі береді. Тағдырыңыз сізді асылдың сынығы деп бағалаған, ата-бабаңыздың қасиетін ұлықтаған ақ пейілді пенделердің ықыласына бөлеп, шапағатына шомылдырды. Көптің көл-көсір пейілі кісінің бағын ашып, көңіліне қанат бітірері рас шығар, жүзің жадырап, жап-жазық маңдайына түскен бірде-бір әжімді байқамаппыз. Кең қазыналы кеудеңіз ешкімді алаламайтын. Туған өлкеміз өңіріндегі кез-келген отбасы сіздің батагөй қариялығыңызды қадір тұтты, құрметпен күтті. Бұны жаратқан иемнің ата-бабаңыздан бері нәсіп еткен жақсылығының шарапаты деуге болар. Бірақ мұндай салмағы ауыр міндетті абыроймен алып жүру үшін де кемел кісілікпен қатар арғы-бергіні саралай білер салмақтылық, көкіректің ашықтығы, төрелік іздегенге байламын айтар байыптылық, адасқанды ағалық ақылмен жөнге салар көшелілік қасиет қажет қой. Сіздің бойыңыздан осынау мінездің бәрі табылатын еді ғой, аға!
Сіз бізді жұрттың бәріне қолдан келгенше жақсылық жасауға үйреттіңіз. Жоқ дегенде тіл жәрдемімен болса да жабыққанға демеу болуды өсиеттедіңіз. Сол үшін де сіздің жауыңыздан гөрі жақыныңыз көп болды. Бұған сенің жаназаңа қалмай қатысқан қарақұрым халық куә.
Биыл сәуірде Сіздің өмірден озғаныңызға жиырма жылдан асыпты. Ал сіздің жарқын бейнеңіз жүрегімізде сақтаулы.
– Ұл-қыздарыма ризамын, – деп жаттыңыз бізді анамызға тапсырып, – Ешқайсысы жаман атын естірткен жоқ. Ендігі жерде қамдарын Құдай жесін қарақтарымның. Менің толқығаннан тамағыма өксік тығылып, жүзімді жас жуып кетті. Ата-ана разылығын алған перзентке Алла разы болады деген сөз ойыма оралды.
Сізді сұп-суық табытқа сап, үйден шығарып бара жатқанда жанымды салқын ызғар есіп, ендігі қу тіршілікте түк те мән қалмағандай құлазып отырып қалдым. Өзіңсіз ары қарай өмір сүру мүмкін еместей сезілді. Өз үйіме де жаным жабырқап оралған мен жаурағандай болған соң от жаққым келді. Дайын тұрған пештің есігін ашып, отты қоя бере кілт тоқтап, ойланып қалдым. Қайтадан ел қатарлы мен де тіршілік әрекетіне кіріскенімді, өйткені тірілер үшін жалған өмір жалғаса берерін түсіндім. Түсініп қана қоймай баяғы өзің бардағы алаңсыз жүретін көңілімізге үлкен бір міндетті жүктеп, ендігі жерде сенің бізге аманаттаған асылдың сынығына тән бүкіл қадір-қасиеттеріңнің көмескіленбей, қайта жарқырай түсуі үшін көп-көп тер төгу қажеттігін, ақиқат жолдан айнымай, тек алға қарай қадам басуға тиістігімізді еске алдым. Сана түкпірінде жарқ етіп оянған осынау түйсік езілген көңіліме орасан күш-қуат құйып, демегендей болды. Бұл да жаратқан иемнің таза пейілді пендесіне бұйыртқан нығметі болар. Өйткені сіз де «момынның ақысын Құдай жемейді» дегенді көп айтушы едіңіз ғой, аға...
Баян ҮСЕЙІНОВА.