№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚҰНАНБАЙДЫҢ ҚАСИЕТІ

ҚҰНАНБАЙДЫҢ ҚАСИЕТІ


Бірде Жамбыл (Жабаев) атамыздан жазушылардың бірі: «Сіз қазақтардың арғы-бергі тарихында ең мықтысы, бірегейі деп кімді атар едіңіз?», – депті.
Жәкең біраз ойланып:
– Құнанбайдан артығы болмас – депті.
–  Қалайша?! – деп таң қалыпты жазушылар: «Абайды қайда қоясыз?», – дейді.
– Е, Құнанбай сияқты әкеден Абай туады да, депті Жәкең.
Кейінірек жаңағы жазушы сауалды Мұхаңа (Әуезов) да қояды.
Мұхаң іркілмей:
– Абай деп жауап беріпті.
– Жоқ  Мұха. Олай емес екен. Жәкең басқаша жауап берді.
– Пәлі! Не депті сонда?
– Құнанбай деді.
Мұхаң үндемей ойланып қалыпты. Сосың:
– Иә, Жәкең тегін қария емес екен... – деп қалын ойға қалыпты.
Құнекең халқының қамын жеген қайраткер, шебер дипломат және қазақ халқының рухани көсемі бола білген жан. Оның игілікті қызметінің бірі – оқу-ағарту ісіне ерекше мән бергендігінде. Ол өзі дінді мықтап ұстанып қана қоймай, жастардың сауат ашуына көңіл бөлген. Құнанбай ел балалары арабша ғана емес, орысша оқудың заман ағымына өте қажетті екенін ұғынып, өз ауылынан қазақ балаларына тіл үйретіп, білім беретін училище ашпақ болып, 1845 ж. шекара басқармасына қазақша-орысша сөйлей алатын, жаза білетін орыс мұғалімін сұрап, хат жолдайды.
Бұдан кейін, Құнанбай «Ескі там» деген жерде мектеп ашып, онда орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Сөйтіп, өз балалары мен руластарының балаларын оқыта бастайды.  Абайда алғашқы сауатын осы мектепте ашады.
Тарихи әдебиеттерден Құнанбайдың Қарқаралы ауданының аға сұлтаны болғаның білеміз. Алайда, оның қайырымдылығы мен қамқорлығына, ислам дінінің өркендеуіне қосқан үлесі, тіпті жетім-жесір мен кедейлерге көрсеткен қамқорлығын біле бермейміз. Тіпті, 1874-75 жылдары қажылық жолмен Меккеге барып, оңда мұсылман елінен барған адамдар түсетін үй – Тәкие салғызғанын көпшілік біле бермейді.
Жұртының қамын жейтін қажы мұсылмандардың бас қаласына келгенде жергілікті қонақүйлерде бос орындар қалмағанын біліп, өкінеді. Сол себеппен ол Мекке қаласының әкіміне жол тартады. Одан мұсылман қазақтардың қажылықта тіркелмегенін анықтайды. Бұл Құнанбайдың намысына тиді. Сол кезде қасындағы Досжан  оған: «Құнанбай, неге осы мәселені өз қолыңа алмасқа?» – дейді. Ол тікелей қала әкіміне барып, қазақ халқы атынан қажылар үшін қонақүй және мешіт салуды ұсынады. Рұқсат алысымен қазақ қажыларының тобы Мединаға аттанады. Ал Құнанбай болса қалып сол жерде 12 бөлмелі шамамен 60 адам сиятындай етіп қонақүй салдырады.
Сондай-ақ, 1849 ж. Қарқаралыда мешіттің салынуына ұйытқы болады. 
Жазба қазақ әдебиетінің негізін қаласқан Абай әкесінің еліне жасаған қамқорлығын:
Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты, – деп өлеңге өзек етеді.
Бұдан Құнанбайдың жүрегі «қазағым» деп,  соққанын аңғаруға болады. Адалдығы  мен әділдігіне, төрелігіне тәнті болған ел Құнанбайдың айтқан сөздерін заңдай көріп, өздерінің дау, жанжалдарын айтып, жүгінетін болған. Ол халыққа жаққан соң қадірлі, құрметті болған.
Өмірінің соңғы жылдарында балаларын жиып, қасиетті мекен – Меккеге барып, Алланың үйін – Кағбаны тауап ету туралы ниеті барын жеткізеді. Меккеге сапар бірнеше айға созылады.

...ЖҰРТ ПАЙҒАМБАРДАЙ КӨРЕДІ
Құнанбай қажының тағы бір қырын қазақ зиялыларына қамқор бола білгендігінде. Мұхтар Әуезов:
– Құнекең қолмен келе жатқан қазақты жиып алып, Құрқұдықтың ішінде кеңесіп, Кенесарыны ұстамауға, қастық қылмауға уәделесіпті. Кейін атыс болғанда Жуантаяқ Төбет деген батыр Кенесарының қолының бір батырын қуып найзаламақшы болған екен, соны Құнанбай қуып жүріп сабап, боқтапты» – деп жазады.
XIX ғасырда поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич өзінің күнделіктерінде «Құнанбай би де, дала өңіріне аты кең жайылған адам. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес және  жүйрік тіл берген. Іскер, дала  заңдары мен қазақтарға қатысты  уставты  бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі  мұсылман. Әулие даңқына  бөленген одан ақыл  сұрауға жас та, кәрі де, кедей де, бай да шалғай-шалғай ауылдардан келіп жатады».
«…Барақтың қасында  сұлтандар ақсүйек емес боркемік болып көрінеді, ал барлық байлар жабылып Құнанбайдың кебісін кигізуге де жарамайды.
...параға сатылмайтын әділ би, үлгілі мұсылман, қарадан шыққан Құнанбайды жұрт пайғамбардай көреді», деген екен.
Мәшһүр-Жүсіптің «Құнанбай туралы» жазған деректерінен үзінді:
Құнанбайдың үйінің сыртында тоғай бар екен: сол тоғайдан Құнанбай бір бұрау алдырмай, өсірген екен. Бір күні тоғай ішінде ағаш кескен дауыс естілген соң, Құнанбай қолына балта ала жүгірді дейді:
– Ағаш кесіп жатқан әкем де болса, өзін ағаштай турайын! – деп. Барса, әкесі Өскенбай екен. Әкесін турай ала ма, ұялып қалған екен.

ҚҰНАНБАЙДАН ҚАЛҒАН СӨЗ
Құнанбай бірде Шорманның Мұсасына: «Пұт болдым деп мақтанба, Пұттан да ауыр батпан бар. Биікпін деп мақтанба, асқар-асқар таулар бар, Ар жағында аспан бар. Басыма бақыт қонды деп, Тосылмаймын енді деп, алдаушы жалған дүниеге, ғапыл болып азбаңдар. Қарсы келген дұшпаның басын келіп изесе, Оған да қыл бостандық, Аяққа салып баспаңдар» – деп аталы сөз айтыпты.
Енді бірде басына іс түсіп, Сібірге айдалып оралған керей Бейсеке деген кісіге: «Жаңылмас, қате баспас хан бола ма? Тапжылмас, табан таймас жан бола ма? Бәйгеге күнде қоссақ алдын бермес, тұлпарда арықтаса сән бола ма? Шықпайды жан кесімді қаза келмей, Асыл ерлер өтті ме, наза көрмей? Ел үшін еңбек етіп азап тартқан мақшарда бейішке енер жаза көрмей» – деп жігерлендірген екен.
Ел аузында Құнекең айтты деген сөз біршама көп.
Соның бірі: «Бақ тайса ажарыңа қарамайды. Біреуді біреу сырттай табалайды. Басына қарапайым бір іс түссе, қылды деп  білместікпен шамалайды. «Адамның басы – Алланың добы» – деген, дәм тартса әр тарапқа домалайды»
Ел аузында бір сөз бар.
Бірде Абай өзі шығарған сөздеріне масаттанып: – Әке! Мен сенен асып тудым десе керек. Сонда Құнекең: – Менен асамын десең алдымен маған ұқсап өзіңнен асырып ұл туғызып ал – деген-мыс.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
  
29 қыркүйек 2018 ж. 2 007 0